Өлеңдер ✍️
Шығыс аңызы
Әлқисса. Шаһардан дәріс алып, елге оралған жас жігіт жалғыз шешесі тұратын аулына соқпақ; жолмен тартып келе жатқанда, ізінен ат дүбірі естіледі. Бұл кез ымырт үйірілген шақ еді. Өзіне қарай жолсыз қиялап тартқанәлгі сабаудай үш қарулы адам мұны мінгізіп алып, ауыл жанындағы топырағының ылғалы кеппеген молаға келеді. Үшеуі жанталаса қабірді ашып, жас жігітке арқаннан ұстап көрге тусуге бұйырады...
Зұлымдықпен үшеуі әділетсіз күштеді,
Өлмес үшін қабірге қарсы келмей түс деді.
Бізге керек тісі деп көрде жатқан өліктің,
Үңірейіп ажалдың алты көзі төніп тұр.
Табан асты тартысты талай ойлар топылып:
«Залалы жоқ өліктің аузын қайтем опырып?..»
«Әділетсіздік — арсыз жау, әділет бұл — анамыз,
Қалай шыдап дәтіміз құрбандыққа шаламыз?..
Зұлымдықтың күшімен өлсем бе екен алысып»
Ойлар, ойлар ышқынды екі жақтап жарысып.
«Көрге тірі түскенше, өлсем бе»,— деп ойлады.
«Құр босқа өлгенше, көнсем бе»,— деп ойлады.
«Көнсем бе...» – деп ойлады олжа көріп тірлігін,
Үйірілген ымырттай жанарында тұрды мұң.
Әлсіз сезім жеңілді зұлымдыққа бас ұрып,
Әділеттің көз жасын қапас көрге жасырып.
Балта жұмсапөліктің ақыл тісі тұсына,
Алды опырып ақыры, байлады арқан ұшына.
Ұшында өлік тісі бар тартты арқанды қарыстап,
Бара жатты жігіттен өмір жібі алыстап
Пенделердің ісіне қарап еді анықтап,
Айдың жүзі жарқ етті алтын тісті шалып қап...
Қараңғы көрде күткенмен түспеді арқан
қайтадан,
Алданғанын аттардың дүбірінен байқаған.
Қалды енді өлікпен тірі пенде бетпе-бет,
Ары оянып алысып айқасуда жекпе-жек.
Жар тырналап шығуға, жүрек — дұшпан
алқынып,
Жанын қояр жер таппай шырқырады шарқ ұрып.
Өлі дене дәл қазір тұрып алып табыттан,
Бас салатын сияқты тірі пенде жаныққан.
Үңірейген ауызы үрей неткен ғаламат,
Тірлік емес тірлікке күлетіндейтабалап.
Мәйіт жатқан жерде бұл өмір жатты жалғасып,
Тағдырымен тартысты тірі — өлікпен арбасып.
Бұлдыр-бұлдыр сағымдай тыншымайды елесің,
Мүмкін, түсім болар деп шымшылайды денесін.
Бірақөңі екенін сезді шошып қайтадан...
Үрейден бе өліктің қозғалғанын байқаған.
Өлік дене өзіне сөйлейтіндей сыбырлап,
Төбе шашы тік тұрды тұла бойы шымырлап.
Терең әрі тар көрдің, ауасы да тымырсық,
Қоятындай бейне бір өлік кейде ыңырсып...
Сұм ажалың кезігіп бір ілгесін көзіңді,
Тұрмайтынын өліктің, тірілмесін сезінді.
Тауысқандай төзімді таңды күтті амалсыз,
Көрге түскен пендеден бар дүние хабарсыз.
Бақытсыздық кезігіп пендешілік күйге еніп,
Бірте-бірте көрге де денесі алды үйреніп.
Тыныс алар жер ме бұл, ұйықтайтын кез бе еді?
Қорқынышы басылып қалғығанын сезбеді.
Қалғығанын сезбеді бәрі ұмыт боп үрейдің,
Құшағына енді кеп түсіндегі жылы ойдың:
Жүр екен жан анасы кәдімгідей түсінде,
Тар ұралы мола емес өз үйінің ішінде.
Дарқандығын танытар дастарқанын дайындап,
Жайып салған алдына: ірімшік, құртын, майын
да...
Ымдайды ана алдыр деп, шаппай отыр тәбеті,
Астан бұрын жылы сөз анасынан дәметіп...
Үнсіз неге анасы, мұңаяды неліктен?
Өңінде енді болмайтын сезімдерге еліткен...
Осы бір сәт денесін біреу түртіп оятты,
Көрдің ішін таң шапақ жарығымен бояпты.
Қарақшыдай қапыда қалған жандай тоналып,
Өлік отыр жанында ақ кебінге оранып.
Өлі аруақ секілді қолын созды: «балам»,— деп өз көзіне сене алмай айта алмады анам деп. Үрейленіп тіл тартпай ана алдына құлады,
Анасы өксіп тағдырға бала алдында жылады.
— Сен кеткелі ұлым-ау талма ауруға
шалдыққам,
Жасырғанмын өзіңнен, бар қауымнан, бар
жұрттан.
Талықсыған кезімде ауылдастар өлді деп,
Өзің жоқта ұлым-ау улап-шулап көмді кеп...
Мей боламын шынымен аян анаң, құлыным,
Сенбей менен шошыма, оян, балам, тұр ұлым!—
Деді ана кемсеңдеп сипап маңдай, шашынан,
Өмір көшіп кеткенді ал ұлының басынан...
* * *
Кейін мәлім болды сыр ауыл-аймақ бәріне,
Аңыз етіп айтатын кіші, үлкен кәрі де.
Қарт шежіре қолымен құлпытасы қойылып,
Арабшамен жазылды өсиетнама ойылып:
«Әділетсіздікке бас исең қалуың мүмкін опынып,
Алуың мүмкін өмірде анаңның тісін опырып,
Соқсын дәйім әмәнда әділет деп жүрегің,
Бір жүрекке қашанда қайда барсаң бір өлім!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter