file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2023
  307


Автор: Шөмішбай Сариев

Соғыс бітті!

«Соғыс бітті!
Бітті қанды дауыл да!—
Деп қуанды көрші-қоңсы,
Бауыр да.
– Егер соғыс аяқталса,
Шалым мен —
Үш ұлым да оралмай ма ауылға?
Зарықтырып
Жеткенменен Жеңісім!
Қарық қылып
Кенелткенмен ел ішін,
Жүрегімде майдан әлі біткен жоқ,
Соғыс әлі жүріп жатыр мен үшін,—
Дейтін ана
Ашу-ыза, кекпенен,
Қарсы алса даЖеңіс күнін көппенен.
Толғанады төрт арысын еске алып,
Күткен күнге дәм-тұздары жетпеген.
Көз жасымен төгілетін пәк сыры,
Жасауменен бәріне де жақсы ырым,
Аттандырған бірінен соң бірінің
Буып-түйіп өз қолымен қапшығын.
Оралмады күткенмен зарығып,
Өшті ақыры көкейдеті бар үміт.
Күн қағар қып қарауды да қойды ана,
Жалғыз аяқ жол жаққа да жалығып.
Келіспейді мәмлеге,
Сөзге де
«Бейбітшілік орнаса да өзгеге,
Соғыс әлі жүріп жатыр»,— дейді ана,
Жеңіс күнге он жыл толған кезде де.
Айтылмаған,
Айтылатын жыры көп,
Қан майданның қайғысы да,
Сыры көп...
Адам сенбес хабар келді бір күні,
«Қарт ананың үлкен ұлы тірі»,— деп.
Демеді ешкім:
«Азаматтар жиылсын»,
Сезінбеді болатынын қиын сын.
Әйелдері жүгірісті ауылдың,
Елден бұрын сұрамақ боп сүйінші!
Әйелдердің бірінен соң бірі кеп,
«Апа, ұлың тірі екен,— деп,—
— Тірі!»—деп,
Айтқан кезде құлай берді қарт ана,
Жалғыз ауыз сөзге ғана тілі кеп.
Тағдыр жолы тұңғиыққа тарта ма?
Өмір мұңын өлшеусіз көп арта ма?
«Енді соғыс аяқталған екен» деп,
Қуаныштан жүріп кетті қарт ана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу