file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2023
  211


Автор: Шөмішбай Сариев

Есімің де әйгілі

Есімің де әйгілі,
Ел ескерген
Аға едің,
Ақыл айтып кеңес берген:
«Дұшпан жоқ деп, інім-ау, қалма қамсыз,
Қатар — құрбы бәрі де
Тел өскенмен»,—
Дегенде,
Жанарыңнан ұшқан жалын,
Өмірде жалмауыз да,
Мыстан барын,
Айтып ап,
Бөліп-бөліп желіктеуші ең,
Қатерлі,
Қауіпті деп дұшпандарым.
Көңілің —
Көп нәрседен шошына ма?
Күдікке үрей келіп қосыла ма?
«Түбіме жетсе жетер осы» деуші ең,
Сыртынан үрке қарай досыңа да.
Сол ойдан шошуменен
Кетті күлкің,
Күндерде
Маза бермей өтті дүркін.
Көзіңді жоғалтатын адам емес,
Түбіңе ажал келіп жетті бір күн!
Бірдеңе айтпақ едің,
Бірақ тілдің
Байланғанын үй ішің бір-ақ білді...
Табытыңның басында қоштаса алмай,
Дұшпан деген достарың жылап тұрды.
Жүректің түкпірінде
Зары тұнды,
Жас болып
Қайғы-шері ағытылды.
Дұшпан деген достарың иығымен
Көтеріп бара жатты табытыңды.
Тастай қып көзді жұмып,
Қасың керіп,
Бозарып,
Қатып-семіп асыл көрік,
Жаттың, аға, табытта,
Ажал деген
Өміріңнің ең жауыз қасын «көріп».
Өмірден өтер-дейсің көз ілмей кім?
Адамнан бәрін күтем,
Безінбеймін.
Енді мен ажалымнан басқа дұшпан
Қауіпті,
Қатерлі деп сезінбеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу