Өлеңдер ✍️
Ата жолы
«Анасы,
Ажалы да теңіз бе еді?
Толқыны тағдырымен егіз бе еді?
Атамды жұтқан кезде,
Қайран әкем
Үмітін асау судан неге үзбеді?» –
Деп қайғырып баласы,
Әкесінің
Суға кеткен сүйегін көп іздеді.
Балықты емес,
Әкесін жылым салып,
Іздеген сәттерінде,
Мұңын шағып.
Шонтай майлап, сазанға толғанымен,
Кісінеп шыға алмады,
Құлын-шабыт.
Көңіл қайта
Мұң-шерге тола тұнды,
Кеудеден қайғы толқын мол атылды.
Теңіздің жартасында
Екінші рет,
Сүйегі көмілмеген
Мола тұрды.
Сол қабірдей салқындау үрей беріп,
Соқты толқын сапырып,
Дүлейленіп.
Балықшы ұлы отырды көкжиекте,
Көңіліне күптілеу бір ой келіп.
Толқыған өркеш толқын назарында,
Балалықтың бал дәурен,
Базарындай,
Жанарында –
Толғанған теңіз емес,
Көз алдында –
Долданған ажалындай.
Өмір емес,
Өлім боп елестеді.
Кетем деді теңізден,
Кеңеспеді.
Бір кездер
Анасындай айдынының
Ерке өскен бір толқыны емес пе еді?
Толғантып теңізінің қанық сыры,
Түнімен ойлай-ойлай,
Талықсыды...
Таңертең көк айдында ескек есіп,
Қайыққа қайта отырды балықшы ұлы
Қайғысын,
Қуанышын қатар ашып,
Өр толқын кемерінен жатады асып.
Келеді бірге жасап,
Теңізбенен,
Ажал да жеңе алмайтын ата кәсіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter