Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2023
152
Алматыда шуақ бар
Алматыда шуақ бар,
Дауыл да бар,
Ақ қар бар,
боран да бар,
Жауын да бар,
Құйын бар.
жұлдыз да бар,
шырақ та бар.
Толқын бар,
дария бар,
бұлақ та бар.
Еритін ерісе тек шын жалынға,
Ақ қары –
Алатаудың шыңдарында.
Көңілді тасқындатқан мың істері,
Жұлдызы —
Алматының жұмыскері.
Болашақтың иесі нұр таңымда,
Шырағы —
Жаңа жанған ұрпағында.
Таусылмас дариясы —
Ғалымында.
Құйыны –
Өмірінің ағынында.
Ұдайы өзгеретін өзі мүлде,
Жауыны —
Жандарының сезімінде.
Өзекті өмірінен бағы тұнған,
Бораны —
Ақынының шабытында.
Ұялап қалған ғажап гүлді ерінге,
Бұлақтар —
Бұлбұлының үндерінде.
Айналар әуенінен тау сағымға,
Толқындар —
Күйшілердің саусағында.
Шуағы —
Қыздарының гүл өңінде,
Дауылы —
Жігітінің жүрегінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter