Өлеңдер ✍️
Ақын қазақ
Туған ел, барым осы,барды аяман,
Ақынды құрметтемес қандай адам.
Дәмін тат аз күн қонақ,о, жолаушым,
Жыр — қымыз, өлең – шұбат, жал-жаядан.
Өлең бұл ыдыс емес қорабы мол,
Ақынды қадірлесең болады жол.
Алдыңа жыр дастархан жайып қойдым,
Сен менің өлеңімнің қонағы бол!
Жырыңа тақтай биік төр дайында,
Тат баспас алтын-күміс таңдайында.
Сыр тартар болашақпен біз жоқта да,
Бұл өлең, о, жолаушым, сен жайында.
Барады тағы бір күн, тағы батып,
Жұлдыз жыр – түнім шашты жамыратып.
Сырласып өлеңіңмен жолға шықсаң,
Алдыңнан ақ күн туар таңың атып.
Өлең дос — табанынан таймас ерге,
Өмір үшін арбасқан айқас елде.
Әр сөзі — ер жүрекке бір ой салған,
Жырда осы тылсым күш бар құрай салған,
Өлеңінің құдіретін білсең егер,
Адам емес, аузыма құдай салған.
Бір сөздер ағысына кезігемін,
Ойлаумен таңға жақын көз ілемін.
Өлеңді мен жазбаймын,бір күштер бар,
Құдайдың берген күшін сезінемін.
Ал, соған мен әрдайым тәубе деймін,
Жұбатып, мен өзімді әурелеймін.
Жанымның бір ғажайып шуағы бар,
Күн көзінен сынған бір сәуледеймін.
Мұның бәрі білгенге ақындықтан,
Ел-халқым мені сүйіп жақын тұтқан.
Ақының жырлап сені қалдырмаса,
Не пайда патшалық пен батырлықтан!
Түскенде алып шыққан сан тозаққа,
Күйді тарт, әнді шырқап сал ғажапқа.
Қазақ — ел ақындықпен туа біткен,
Ақындық қажет әрбір бар қазаққа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter