Өлеңдер ✍️

  28.08.2023
  117


Автор: Шөмішбай Сариев

Дүниені оятып таңым атты

Дүниені оятып таңым атты,
Аспан тұр аман-есен әруақты.
Ата-баба рухындай мәңгі өлмейтін,
Сәулелер жүр аралап шаңырақты.
Үй маңы, көз алдыңда терек өсіп
Самал жел баяғыдан бөлек есіп.
Барады аспан ауып, ай ығысып,
Жұлдыздар бірте-бірте сөнеді өшіп.
Таң атты үнсіз ғана бозамықтап
Дүниеге қарайды өзі анықтап.
Енді бір күйді тартып көсілердей
Сәулелер өз аяғын созады ықтап...
Дүние, шіркін таңның оянуы-ай,
Бозала таңның сұлу боянуы-ай.
Дегендей дүниеде бізде бармыз,
Алыстан иттер үріп қояды жай.
Таңды төмен қарай ысырыпты
Қанатты өз көгіне ұшырыпты.
Құстардың таңнан тұрып сөйлеуін-ай,
Тілдері бір қарасаң түсінікті.
Таң атты, таң атқаны айдан анық,
Қайда ұшты, қайда қонар, қайда барып.
Өзгеге ұқсамайтын өз тілінде.
Жөнелді бәрі құстың сайрап алып.
Бүршікпен бірге жарып, бүрлесем деп,
Гүлменен бірге өсіп гүлдесем деп.
Отырмын таумен бірге өлең жазып
Мен де сол құстарменен бірге сөйлеп.
Аузыма әрбір сөзді құдай салып
Таңыммен сырласамын құрай салып.
Өлеңім сөйлеп жатыр құс тілінде,
Құстарға түсінікті бір ой салып.
Жайы жоқ пенделікпен алданатын
Шуақ сынды жаяды бар қанатын.
Таумен бірге тұрады елім деумен,
Жаралғандай, Тәңірім, таңнан Ақын!
Кеудемді аралаумен ағын нұрлы
Жаным сая тапқандай жаным кірді.
О, Адамзат, ағайын тұр төсектен
Дүниені оятып таңым тұрды!

18 қазан 1997 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу