file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2023
  264


Автор: Шөмішбай Сариев

Қайтсем екен, мен осы, қайтсем екен

Қайтсем екен, мен осы, қайтсем екен,
Ақиқатын, өмірдің айтсам бе екен?!
Базардың арзан затын қымбатқа алып,
Оралып жәрмеңкеден қайтсам бе екен?!
Қайтсем екен, мен осы, сан тосылдым
Талай- талай ойлардан жан шошынды.
Халі осы қайықтайын қайырлайды,
Осылай, осылай жан досыңның.
Қайтсем екен, келеді кезіп кеткім,
Бұл өмір түрте-түрте сезікті еттің.
Атыңды мен айтпай-ақ қояйыншы,
Жастық шақпен қоштасып өзің жеттің.
Қайтсем екен, мен осы, қарбаласпын
Өз сөзімнен қамығып жанталастым.
Боранда жалғыз қалған жолаушыдай
Бөріше ұлып ойлар анталастың.
Қайтсем екен, мен осы, адастым ба,
Адасып жүре- жүре бақ аштым ба.
Әйтеуір ғұмыр кештім мен білмеймін
Жисаңдар жақсылармен жарастым ба?
Қайтсем екен, теңізге жүзсем бе екен,
Бір жола ат тұяғын үзсем бе екен.
Әлде мен қармақ салып, жылым салып
Теңіздің сыр сазанын сүзсем бе екен?!
Болса да арқа сүйер байтақ елім,
Сен ғана,сен ғанасың айтар емін.
Осындай күйге түскен шақтарымда,
Қайтсем екен, сен досым, қайтер едің?!
Қайтсем екен, мен де осы, мұңға баттым,
Өзендей өмір күйін тыңдап ақтым.
Өз ойымнан тосылып, сан қамалып,
Сазайын тарттым ойдың түрлі абақтың.
Ақтарып ақиқатты айтсам бе екен,
Оралып жәрмеңкеден қайтсам бе екен?!
Бәрінен өмір ағып кетіпті алға
Қайтсем екен, мен осы, қайтсем екен?!

17 желтоқсан 2002 жыл.
Астана




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу