file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  239


Автор: Шөмішбай Сариев

Қаһарлы қыстың соңғы айы

Қаһарлы қыстың соңғы айы,
Мұз қатқан көкжал борбайы.
Келеді шауып ел жаққа,
Бір дәмді аңсап таңдайы.
Ай төбеде, түн ауған,
Жөтелген шопан тымаудан.
Тұр әне, көзі бұлдырап,
Терезе әйнек қыраудан.
Даусын да сезгіш басқа үннің,
Кезі емес әлді жас күннің.
Шопанның ойы қойларда,
Қойларда ойы қасқырдың.
Өткен жоқ өмір, бекер күн,
Жолындай парыз өтеудің...
Қалғып-мүлгіп қой жатыр,
Несібесі екеудің.
Шоқақтап жүйткіп келеді,
Өздері неткен көп еді.
Машиналар жарығы
Қасқырдың жолын бөгеді.
Басшылар әлде, бір түрлі
Жандар емес сүйкімді.
Тып-тыныш бұзып ұйқыңды,
Қасқыр ұлып, ит үрді.
Мылтықтың аздау оқ жағы,
Қаз-қатар қояр жоқ жаны.
Түнделетіп оятып,
Адамның келді көкжалы.
Сел қаптап кеткен тасқындай
Тұра ма заман асқынбай.
Бір-екі қойдан қой алып,
Адамдар шапты қасқырдай...
Қанаты құстың талғанда,
Опасыз мынау жалғанда.
Адамдық жолдан аттаса...
Бетер ғой адам аңнан да!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу