Өлеңдер ✍️
Қарлы боран
Қарлы боран,
жел ышқынып соғады,
Екі бетің,
қос құлағың тоңады.
Ызғырықтың
үні өрши түседі,
Аялдайтын
түрі мұның жоқ әлі.
Алдымда адам,
тұла бойы, басы да ақ,
Мен де тұрмын,
қос самайы, шашы да ақ.
Қызық көріп,
боранды аңсап шығып ек,
Біз екеуміз,
тұрмыз тоңып — шашырап.
Біз ойлайтын,
боран емес бұл боран,
Біз ойнайтын,
боран емес бұл боран.
Екеумізді,
итереді жел ырғап,
Ашу мінез,
шығады екен түрлі одан.
Бұрын боран,
көрмеп едім осындай,
Ақыр қайыр,
тұра алмадым шошынбай.
— Бұл боран ба,
боранның бар көкесі,
Деп қояды,
Мен шошысам қосылмай.
Көз аштырмай,
қарлар көміп жолдарды,
Біз келеміз,
елең етпей тоңғанды.
— Бұдан артық,
боран болса, япыр-ау,
Басқа амал жоқ,
ал өлмеген нең қалды?!
Деп қоямын,
серігіме сыр тартып,
Біреулердің
құлақшыны жүр қалқып.
Бұрқан-тарқан, ашуы ұзақ боранды,
Жел дегенің,
қояр емес жындантып!
Бір тұрамыз,
бір тайғанап, бір құлап,
Бет дуылдап,
қол-аяғым сырқырап.
Әзер-әзер,
үй сипалап үй таптық,
Ары-бері,
боран бізді жұлқылап.
Аяқ жерден
жел көтеріп екі елі,
Суығы да,
өңменіңнен өтеді,
Боранды сен,
көрсетем деп көрсеттің.
Бізге осы,
осы боран жетеді.
Қарлы боран,
жел үйіріп толғайды,
Адам ұшар,
ұшырғандай торғайды
Деп айтасың,
бұл боранды азсынып,
Құдай бізге,
көрсетпесін ондайды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter