file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  260


Автор: Шөмішбай Сариев

Денсаулық қайтып келмейді

Денсаулық қайтып келмейді,
Ажал айтып келмейді.
Өмірге адам сенсе де,
Өлімге адам сенбейді.
Бір-бірін адам жеңсе де,
Ажалды адам жеңбейді.
Дүниені адам көрсе де,
Өз жүрегін көрмейді.
Біртіндеп өмір өтеді,
Біртіндеп ауру меңдейді.
Бесікте жатқан немерең
Төріңе еркін төрлейді.
Ізіңе ерген інілер,
Сенен де асып өрлейді.
Қия алмай бір күн қоштасып,
Ел-халқың сені жерлейді.
Бір сөнген соң қос жанар,
Енді қайтып көрмейді.
Өмір жолы — ағыста,
Өзен жолын бермейді.
Адам көңілі — құс қанат,
Дүние неткен кең дейді.
Қолын көкке созғандай,
Олай да, бұлай сермейді.
Денсаулық қайтып келмейді,
Ажал айтып келмейді.
Тамырсыз өспес бар әулет,
Бәйтерек дәнсіз өнбейді.
Ұрпағы бар жандарды,
Ажал да мәңгі жеңбейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу