Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  113


Автор: Шөмішбай Сариев

Бірге оянып бозала таңымменен

Бірге оянып бозала таңымменен,
Сапарға тартқан алыс жаным — кемем.
Астанада біз болдық май айында,
Бұл айдың ежелгі аты — Мамыр деген.
Кеште де, тал түсте де, таң да тұнық,
Есіл өзен толқиды жарға атылып.
Өзен бойлап жүрген бұл ерсіл-қарсыл,
Астананың тұрғыны — Алматылық.
Толқыны бірде атылып, бір атылмай,
Емініп Есіл өзен тұнатындай.
Алматылықжандардың жанарында,
Алатау елес беріп тұратындай.
Жолыма — ақ тілекті төсей бердім,
Өлеңнің шоғын түртіп, көсей келдім.
Жадында жастық шағы кекселердің,
Жадында балалығы — есейгеннің.
Астанада жыр-кесте сезім — өрем,
Болғасын өзім ақын, өзім — өлең.
"Елу жылда — Ел жаңа" деген осы,
Қараймын мен Елудің көзіменен.
Бұл шаһардың адамы — рас жаңа,
Шырқатып ән салар жер — Күләш қана.
Елудің жанарында арудайын,
Қандай жас, қандай сұлу бұл Астана!
Бәрі қолда — жасампаз жасар жасқа,
Бәрі қиял — биікті аса алмасқа.
Әр дәуір — бір Астана жасай алсақ,
Кең далам бір көркейіп жасармас па?
Ғасырлық ғұмыр кешер рас, дала,
Ағайын қаңку сөзбен ластама.
Елудің танданбайтынкөз алдында,
Ұлы болып көрінді бұл Астана.
Астана боп табаны нық тұрған жер,
Ұлы болмас қалайша ұқтырған жер.
Әйтеке би, Қазыбек, Төле бидей,
Тіріліп ата-бабам тік тұрған жер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу