Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  132


Автор: Шөмішбай Сариев

Баянды өмір бақыт қой

Баянды өмір бақыт қой,
Тұлпар еткен құлынды.
Адамға — өлшем Уақыт қой,
Таразылар ғұмырды.
Күндер де бір баянсыз,
Не болғаны белгісіз.
Қайда оны жаярсыз,
Шындыққа да бергісіз.
Баянсыздық желге ұшар
Кезіп жүрген қаңбақтай.
Баяндылық қол қысар,
Кез болғанын аңдатпай.
Баянсыздық — аяғың
Желге ұшқан сөз болар.
Іздеп өмір баянын
Ажалға адам кез болар.
Кейінгі ұрпақ біле біл,
Білмей біздер ұмтылдық.
Баянды ма бұл өмір,
Баянсыз ба қу тірлік.
Бір аттатпай зіл-зала
Аяғымыз – жеңгенде.
Келер ұрпақ бір ғана,
Баянымыз — сендерде!
Толқын өнер арнасы
Сыйынуда ұлы Жер.
Баянды өмір жалғасы,
Иығында ұлы Жер.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу