25.07.2023
  113


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Сіздің ауылдың әдеті қандай?

 


 


 


         Ауыл мәдениеті мен әдет-ғұрып, дәстүр тазалығы жайлы республикалық, облыстық баспасөзде, сондай-ақ телерадио арналарында үзбей сөз етіп келеді. Сонысына қарамай бұл күн тәртібінен түспейтін мәселе болып қала бермек,


         Бүгінгі ауыл иелері бұрын жарты ғасыр бұрынғылар емес. Білімді, дүниетанымы жетілген сауатты адамдар. Бүгінгі ақ басты аталар мен ақ жауықты аналар өмір мектебінен тәрбие алған азаматтар. Демек заман да, адам да өзгеруде. Ауыл халқы жаңалыққа талпынып, тұрмыстың ескі әдеттерінен арылып келеді.


         Аз жылдар бұрын еденге дастархан жаятындар бұл күнде биік үстелде тамақтанады. Үй тазалығы жақсарып, жаңа бұйымдар көбейе бастады. Үй жиһаздары мен әсем кілемдер үйдің көркін келтіруде. Бірақ мәдениетті болу бай болу деген емес. Адамдардың рухани байлығының молығуы. Мәдениеттің аясы кең. Адамның эстетикалық мәдениеті дұрыс, жарасымды киіне білуінде. Қазір мода қуып, шаш қою жағынан, сигарет тартып, галстук тағудан ауыл жастары қала жастарын басып озды. Ұл бала мен қыз баланың сырт бейнесі, киім киісі адам айырғысыз болып барады. Балағы жер сызып, ысқыра әндетіп бара жатқан жас адамда инабаттылық қалмаған тәрізді. Мода қумасын демейміз. Бірақ әрнәрсенің жарасымы болу керек қой. Жастардың жеке басының мәдениетін қалыптастыру, оларға ақыл-кеңес айту, жақсы дәстүрге баулу ата-ананың, қала берді ұжымның міндеті болса керек.


         «Жақсы бол десек, тіл алмайды» деп шағымданатын ата-аналар көбейіп кетті. Ол қисық баланың о баста тәрбиесінің төмен болғандығында. Туған ата-анасын, ата-әжесін сыйламайтын баладан қандай азамат шығады?


         Жастар біздің келешегіміз болғандықтан осы бастан бала тәрбиесіне аса көңіл бөлуіміз керек.


         Үйді ұқыпты, таза ұстау, лайықты киіну, салт-дәстүрді ұстау, әдет-ғұрыпқа аса көңіл бөлу, бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген ауылдағы үлгілі отбасылары да баршылық.


         Әлі күнге дейін дастарханды жерге жайып, тамақтанып, дастарханды ширата жинағанда кір-қоңды жабыстыра әкететін салақ әйелдер де кездеседі. Бірақ ондайлар бірен-саран.


         Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров бірде ауыл мәдениетін сөз еткенде:


–Ауыл үйлеріне үй гүлі өсірілді дегенше мәдениет келді дей бер, –дегені есімде. Ойлап көрсем гүл дегеніміз үйдің көркі, эстетикалық әсері мол өсімдік екен. Ілекең гүлді қай мағынада да сөз етсе де мәдениеттің кішкентайдан басталатыны анық. Үйдің айналасына ағаш, гүл ексе маңай жайнап кетпей ме?!


         Көгалдандыру мәселесі бірінші кезекке қойылып, жаппай қолға алынғалы қашан. Жасыл желекке бөленген ауылдар көп. Үй айналасына бір шыбық қадамаған, өмірі көкөніс өсірмегендер қаншама?!


         Сергеев ауданында Бірлік, Ленин ауданында Тауағаш, Жамбыл ауданында Баян ауылдарында 10-15 пайыз ғана көгалдандырылған.


         «Атадан мал қалғанша тал қалсын»  деп халық қате айтпаған. Көгалдандыруға көңіл бөлмегені- ауыл адамдарының кержалқаулығы болса керек.  


         Ендігі жайт – бұрын той-думанда ауыл адамдары ән салып, думандатып жатушы еді. Жастар ұлттық ойындар ойнап, мәре-сәре болып жататын. Қазіргі заманда ерлер жиналып алып қарт ойнайды. Қуану, жақсы демалудың орнына аяқ жағында ұрыс-керіске ұласып кетеді. Енді тіпті қарт әйелдер қарт ойнай бастады. Кейбір қонақ екі-үш сағатқа кешігіп келеді. Мұндай адамдарды мәдениеттен жұрдай адамдар десе болғандай. Кешігіп келген адам өзінің қылығына аса ұяла да қоймайды. Мұндайлар көбіне ауыл белсенділері.


         Той үстінде өзі мас болып қалған қонақтарды іш-іштің астына алып әбден есінен тандырады. –Сонша неге зорлайсың? – десек,  – Араққа тойдырмады, – деп сөз ғып кетеді, – дейді үй иесі. Жиын-тойдың берекесін алу адамгершілік деу қиын.


         Тағы бір жайт– қыз ұзату, келін түсіру кезінде кит, кәде, жол-жорамен екі жақ бірін-бірі тонап алады. Құдалар жағы барын ортаға салып той жасап, азын-аулақ жасауын берсе, жастар өздері керегін жинақтап алар еді. Осындай тойлар екі жастың тағдыры, бақыты десек, шара мазмұнды өткені жақсы.


         Ендігі жайт– азаматы өлген азалы үйге болмашы көмек жасап, сүбелі сыбаға алуға ұмтылатындар жайлы. Қара жамылған отбасына салмақ түсірмей қамқорлыққа алу – жақсы дәстүрге айналса деген мақсат бар. Аста-төк дастархан, жол ретінде мата-орамалдар, су жаңа киім тарату, жылқы сою – осының бәріне елдің жағдайы жете бермейді. Осы жағын бір тәртіпке салса жөн болар еді.


         «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» дегендей, әр істі ақылға сала отырып, ауыл мәдениеті мен тыныс-тіршілігін бір арнаға тоғыстырып, ұрпағымызға тәлім-тәрбие берсек, ел азамат етіп тәрбиелесек, салт-дәстүріміз бен имандылық жолын жалғастырсақ, үлгілі ауыл қатарында өркендей беретініміз сөзсіз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу