Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2023
237
Келіп жатыр күндер сансыз тойды алып...
Келіп жатыр күндер сансыз тойды алып,
Қызығына сонда да біз тоймадық.
Қара қасым,
Қамығамын кейде мен
Сені тағы қуантсам деп ойланып.
Қарсы аламыз армандаумен күндерді,
Күндерменен шаттық келді, жыр келді.
Әрбір күнге берсек дейміз береке,
Әрбір күннен қалса дейміз бір белгі.
Гүлін тердік көктем, жаздың, күздің де,
Талпынамыз өшпесе деп із мүлде.
Арқа сүйеп бірімізге біріміз
Қиындықты қарсы аламыз біз күнде.
Әрбір күнді қарсы аламыз дана деп,
Әрбір күнмен келсе дейміз жаңа леп.
Әрбір күннің машақаты болмаса,
Бақыттың да нарқын білмей қалар ек!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter