Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  75


Автор: Серікбай Оспанов

Ауылға көк қырқадан дүсір құлап...

Ауылға көк қырқадан дүсір құлап,


Ата-анам ұясынан ұшырды бақ.


Жат жұртқа жаратылған қиын екен,


Отырды сыртым күліп, ішім жылап.


 


Аймалап ерке самал әр қайыңды,


Әрі ұзақ, әрі қысқа ән қайырды.


Әр бұта сол күн сыңсып жылап тұрды,


Қимаған мен сияқты апайымды.


 


Шық тұнып көз алдыма, бұлдырайды,


Шешем де бір күледі, бір жылайды.


Әкем жүр «әлі жастау еді ғой» деп,


Тентек жел киіз үйді ұрғылайды.


 


Мен бұрын жолықпап ем мұнша ауырға,


Қалдым-ау сансыз ойдың қоршауында.


Қайрылмай апатайым кете барды


Ілесіп бір жігітке көрші ауылға.


 


Заңы сол табиғаттың, не қыласың,


Іздейсің,


Көп ойлайсың,


Сағынасың.


Бақыты біздің үйдің басқа қыз боп,


Жүр бүгін дөңгелетіп шаруасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу