Өлеңдер ✍️
Өмір
Өлшемсіз өмір деген уақыт мына,
Әкелді қайғыны да, шаттықты да.
Боласың күліп жүріп бақытсыз да,
Боласың жылап жүріп бақытты да.
Түспейді бақ бөліске, мұң бөліске,
Өмірдің сүйгені іште, түйгені іште.
Ол үшін керек емес таныстық та,
Ол үшін керек емес сүйеніш те!
Әр түрлі оған әркім баға берген,
Жандайсың өмірге әр кез жаңа келген.
Алғанды ғұмыр тілеп білмейді ешкім,
Сүйікті бола алмайды пара берген!
Өмір – күй, ән саламын, тебіренем.
Тыныштық, өмір – күрес, өмір – өлең,
Мұңайсам босағада қалғандаймын,
Шалқақтап шаттанғанда төріне енем.
Қуаныш, өмір – бақыт, өмір – еңбек,
Ешқашан іздегем жоқ жеңіл ермек.
Қол жеткен қиындықпен биіктерім
Кетеді масайратып, көңіл емдеп.
Сондайда туындайды жыр да шалқып,
Өр көңіл өрмелейді шыңға тартып.
Достардың мың жасатып сүйеніші,
Кетеді бір күлгенім бір жасартып.
Шың да жоқ, шыңырау жоқ басқа мұндай,
Көкжиек –
Өмір мөлдір аспаныңдай.
Өмірі біреулердің мүлде ұзақ,
Ғұмыры біреулердің қас қағымдай.
Өмірдің ұзағы емес мәңгілігі,
Ғұмырдың байлықта емес мәнділігі.
«Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді»,
Естілер қара жерден жаңғырығы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter