Өлеңдер ✍️

Айна
Шашын өріп, қасын керіп сәнденіп,
Тұрушы еді бір нәзік қыз алдыңда.
Қарамайтын ол ешкімге мән беріп,
Бүгін мұңды,
Не құпия бар мұнда?!
Әлде жігіт қыз көңілін құлатып,
Жүрегіне махаббат-гүл екті ме?
Әлде басқа шарайнаны ұнатып,
Сені тастап соған ауып кетті ме?
Өзіне-өзі сұрақ тастап қарайтын,
Сенсіз мәні болмайтұғын кештің де.
Саған сырын ақтаратын талай түн,
Айтшы маған, білдірмейін ешкімге.
Әлде жігіт қыздың сырын түсінбей,
Байқамады-ау оның айдай ажарын.
Мен қарасам бейне бір тас мүсіндей,
Көңіл бөліп аудармайтын назарын.
О, шарайна, сен сұлудың айнасы ең,
Айнам еді қарап жүрген ол менің.
Жарқын жүзін жасырып ең қайда сен,
Күлімдесе сәні еді ғой бөлменің.
Айтшы сырын бүгіп маған жасырмай,
Тағат бітті, білгім келіп тұр менің.
...Қыздың алғаш тіл қатсын деп ашылмай,
Аңғармаппын өзімді ойлап жүргенін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇