Өлеңдер ✍️
Тағдыр
Өмірге кеп, адам өсіп-өнгеннен,
Атам қазақ бар кісіні тең көрген.
Ақылына қарай елді бағалап,
Үлкені мен сыйлысына төр берген.
Сақта құдай, жанбай жатып сөнгеннен,
Талаптанбай, тағдырына көнгеннен.
Кім-кімді де көргім келед төрлерден,
Жан шықпаған биік-биік өрлерден!
Тағдыр-қатал!
Қаталдығын көргем мен,
Жағаласып келе жатыр күнде елмен.
Ол қыз болып сан боянып, түрленген,
Ол ұл болып қызға әдемі гүл берген.
Ол ұстаспай қалды дейсің кімдермен,
Жаралғалы келе жатыр бірге елмен!
Аңдаусызда оғына тап болмаңдар,
Соңында жүр сол сұмпайы сұрмерген!
Ол – қапыда сәл жаңылыс басқаның,
Тайып кетіп, түзеле алмай, сасқаның!
Ішкеніңе, жегеніңе мәз болып,
Ол – мастанып,
Сенің асып-тасқаның!
Тегеурінсіз тексіздерге сенгенің,
Ойсыз, көзсіз еріккенге ергенің!
Өзіңе-өзің сенбей тұрып әуелі,
Жақыныңа бос уәде бергенің!
Әзәзілдің құшағына енгенің,
Көлгірсіген көрінгенге көнгенің.
Тағдырың сол – жанып өрттей лапылдап,
Қас қағымда күл боп қайта сөнгенің!
«Маңдайыма жазылған» деп түсінбе,
Тағдыр сенің қасыңда жүр –
Ішіңде!
Таныстарың, бейтанысың, дос-жаран,
Арақ-шарап...
Ол сан түрлі пішінде!
Қызмет қыл өзгеге,
өзің үшін де,
Тағдыр жатыр еткен әрбір ісіңде.
Тәлкегінен аулақ жүргің келсе егер,
Ойлана біл...
Арыңа, дақ түсірме!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter