Өлеңдер ✍️
Балалық шағым бақытты ең...
Балалық шағым бақытты ең
Барлығын жақын санайтын.
Ілесіп кеттің уақытпен,
Ұйқтамай жүрмін талай күн.
Сөздер де,
Кейде көздер де
Қадалар жанға қанжардай.
Көңілсіз сондай кездерде
Көрінер әзіл жанжалдай.
Көзіңе сонда көрінер
Түймедей кейде түйедей.
Ездерің ең бір болып ер,
Аппағың жұққан күйедей.
Кешегі даңғыл жол қайда?!
Іздейсің сөздің астарын.
Сағындырады сондайда
Балалық күнің, жас шағың.
Сұлу емес пе таңдарым,
Тарылғандай ма аспаным?
Кешегі асыл арманым –
Төмендеген бе асқарым?!
Алдағандарды да аңғардым,
Кейде олар сүріндірді де.
Тірлігін жұқпас жандардың
Балалық бұрын білді ме?!
Ардақтың бүгін жай кісі,
«Адам аласы ішінде»...
Батады маған қайғысы,
Өңімде, көрем түсімде.
Білдім бе қулық-сұмдықтың,
Зұлымдықтардың барлығын.
Енді мен күйкі тірліктің
Сезініп келем тарлығын.
Ойларды жүрмін сабылтып,
Шаттандым, қанша мұңайдым.
Балалық жүр-ау сағынтып,
Қайтадан енді тумаймын.
Шегіну енді мүмкін бе,
Бал дәурен шақтан жоқ белгі.
Өзгерді мінез бұл күнде,
Қайтара алмайсың өткенді!
Жамандық жатыр жамалып,
Қаншама алға жол жүрдік?
Бақыт пен шындық – балалық,
Балалық – пәктік, мөлдірлік!
Десем де бәрін білем мен,
Мінезі берген құдайдың –
Бала боп әлі күлем мен,
Бала боп әлі жылаймын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter