Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
02.07.2023
101
Тас та басып, табаны құм да басып...
Тас та басып, табаны құм да басып,
Жолдар зулап барады қырдан асып.
Арасына тығылып бұталардың,
Бірде тауып,
Қаламыз бірде адасып.
Қара жолдың соңынан қойдық қалмай,
Құтылмасын оп-оңай ол да ұққандай.
Көрінеді шаң шұбап соңымыздан,
Шегінеді жол кейде қорыққандай.
Жалтарғандай, әуелі көрмей қалып,
Өткел тауып өзеннен, көлді айналып,
Жолақ етті маңдайын қыраттардың,
Орап өтті тауға да өрлей барып.
Енді бірде құлдырап ойға қарай,
Бүгін бізбен жолдардың ойнағаны-ай!..
Бәсе-бәсе, шайқала беруші еді
Осы жолмен оралса тойдан ағай...
Күн төбеде шуағын шашып тұрды,
Бізді қымыз, Сағыныш асықтырды.
Дүрсілдеген жүрек пен тұяқтардан
Қызды ауылға қара жол қашып кірді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter