Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  93


Автор: Серікбай Оспанов

Жан аңсаған жалғыз сөз

Күй толтырып,


Көңілдерді ән қылып,


Аппақ болып атты сол күн таң күліп.


«Жеңіс!», «Жеңіс!» – деп соқтырған жүректі,


Кереметтен кетті дала жаңғырып.


 


«Жеңіс!», «Жеңіс!» –


Еліме ыстық берді леп,


Қуанды ауыл бақыт қайта келді деп.


«Жеңіс!» – деді ақ жаулықты аналар,


«Жеңіс!» – деді көкте тулар желбіреп.


 


«Жеңіс!» – деді жылға, бұлақ күбірлеп,


Қайталады лала гүлдер күлімдеп.


Осы еді ғой елдің аңсап күткені,


«Жеңіс!» деген шаттандырды бүгін кеп.


 


Жалғыз сөз бұл тарап кетті әр үйге,


«Жеңіс!» – деді тәй-тәй басқан сәби де.


«Жеңіс!» – деді кемпір-шалдар жылап ап,


Бәрі-бәрі қуаныштан, әрине!


 


«Жеңіс!»,  «Жеңіс!»


Енді қандай арман бар,


«Жеңіс!» – деді ері оралмай қалғандар.


«Жеңіс!» – деді жанарлардан мөлдіреп,


Қуаныштан тамып кеткен маржандар.


 


Осы бір сөз әкеміздей боп алды,


Ол келгелі уайым-қайғы жоғалды.


Талай үйге майдандағы боздағы


«Жеңіс!» деген жалғыз сөз боп оралды.


 


«Жеңіс!», «Жеңіс!», «Жеңіс!» – деді бар адам,


Тек осы сөз естіледі даладан.


«Жеңіс!» – деді жапырақтар сыбдырлап,


«Жеңіс!» – деді жәудір көздер қараған.


 


Қайталады бүкіл орман, бүкіл бақ,


Ұйқысынан оятты елді тұр-тұрлап.


Майдангерді сүйеп келген балдақ та


«Жеңіс!», «Жеңіс!», «Жеңіс!» – деді тықылдап.


 


«Жеңіс!», «Жеңіс!» –


Естіледі жігерлі,


«Жеңіс!», «Жеңіс!» –


Тік көтеріп тұр елді.


Осы бір сөз қасиетті екен-ау,


Қасіретті де ұмыттырып жіберді.


 


«Жеңіс!», «Жеңіс!» –


Бұл әсем ән, күй әрі,


Құс боп ұшты адамзаттың қиялы.


«Жеңіс!», «Жеңіс!» – деп сөйледі тұлпардың


Сатырлатып жерге тиген тұяғы.


 


Неткен ғажап құдіретті сөз еді,


«Жеңіс!», «Жеңіс!» елді аралап кезеді.


Осы сөзден қуат алып,


Жалғанды


Сағыныштан елдің талған өзегі.


 


Көңілдерге көктем келді,


Көшті қыс!


«Ақ ниетте, әділетте, – десті, – күш!»


Бар әлемнің берекесін кіргізді


Бір ұғымды білдіретін бес дыбыс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу