Өлеңдер ✍️

  24.06.2023
  172


Автор: Серікбай Оспанов

Өзіме өзім өкпелеп жылап алған...

Өзіме өзім өкпелеп жылап алған


Сәттерімде арылдым күнәлардан.


Заңғарларға қайтадан қанат қақты,


Биіктерден мендегі құлап арман.


 


Талай-талай кезігер сынақ алдан,


Махаббаттан өмірде – түн ағарған!


Сансыз мәрте қирады көңіл-шыны,


Армандарым арқылы құрап алған.


 


Ығысады мұң, нала шын адалдан,


Мақсатына жетеді шыдаған жан!


Күндіз күн боп,


Түндерде ай боп күліп,


Үмітімнің жанады шырағы алдан!


 


Бақытымды осынау кім қызғанған,


Өмірімде еттім мен бір қызды арман,


Әдеміні сол дедім әлемдегі,


Гүл сыйлағым келді оған жұлдыздардан.


 


Қуанышқа бөлеп кіл балаларды,


Шаттандырғым келетін ақ анамды.


Шырт ұйқыдан оянып жүрдім кейде,


Кенелтсем деп бақытқа бар адамды.


 


Жете алдым да, арманға жетпедім де,


Бірақ әсте жамандық жоқ көңілде.


Көктеп  келем бау болып өсіп-өніп,


Армандардың оқып мен мектебінде.


 


Әкем де арман, бұл күнде анам да арман,


Тек ізгілік күтемін адамдардан.


Армандардан қайтадан бой түзеп тұр


Бұл дүние бір кезде қараң қалған.


 


Армандаумен қолыма қалам алғам,


Қол бұлғаған бар бақыт маған алдан.


Жетесің бе, бәрібір, жетпейсің бе,


Өмір деген тұрады армандардан!


 


Арман... Арман... қосылды армандарға,


Білмейтін де арманды жандар бар ма?!


Ғашық болып өмірге көр дер едім,


Қажымайтын кім бұл деп таң қалғанға!


 


Қараңғыда қамалып қалғандарға,


Арсыздардың ісіне алданғанға,


Сенетінге жағымпаз, жалғандарға,


Ілесіңдер дер едім армандарға!


 


Күресіңдер дер едім арман үшін,


Тапталмасын дер едім ар-намысың.


Жеңе алмайды,


Жеңбейді ешқашан да,


Жеңетіндей Арманды бар ма күшің?!


 


Қараңғылық қашады шам жанғанда,


Қараңғыдан қорықпан таңдар барда!


Арман ғана жеңеді бәрін-бәрін,


Мен ілесіп келемін армандарға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу