Өлеңдер ✍️

  24.06.2023
  1727


Автор: Серікбай Оспанов

Монолог

Мүмкін бе қолдан мінез жасау бүгін,


Апыр-ай, артта қалды-ау асау күнім.


Жақтаймын жақсыларды, жатсынбаймын,


Жақпаймын жамандарға –


Осы-ау мінім?


 


Бір қалып мінезім жоқ өзгермейтін,


Кездесер шәлкестігім көз көрмейтін.


Кезім бар кісі алдында сөйлемейтін,


Кезім бар кейбіреуге сөз бермейтін.


 


Мен қалай, мінезім сол, ақталамын,


Демеймін мақтанбаймын, мақтанамын.


Бүкпесең бар шыныңды жақыныңмын,


Алдыңа жан сырымды ақтарамын.


 


Өр мінез мен емеспін асқақ адам,


Бітпепті өр көкірек баста маған.


Қалт айтпас қарттан естіп өмір мәнін,


Ақылды кейде өзімнен жастан алам.


 


Жақсылық жасасам тек деп жүремін,


Сөйлесе ел сәл мұңайып, елжіредім.


Дауылға қарсы тұрам дауыл болып,


Кеңдерге менің де әр кез кең жүрегім.


 


Таумын деп, айта алмаймын даламын деп,


Айтысып сәл нәрсеге қаламын көп...


Өмірге келерімде


Бар адамға


Алғам жоқ міндеттеме жағамын деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу