Өлеңдер ✍️

  24.06.2023
  118


Автор: Серікбай Оспанов

Шындық, Бақыт, Береке – қыдырларым...

Шындық, Бақыт, Береке – қыдырларым,
Сезінейін мақсатты ғұмыр барын,
Безінейін жамандық атаулыдан
Келіңдерші, келіңдер бүгін бәрің.


Толтырыңдар әсем саз таңды күйге,
Ұялаңдар мәңгілік әрбір үйге.
Сендер барда – өмір бар,
Жан атаулы
Сендер барда қанатым талды дей ме?


Әлде бірге менімен жүрсіңдер ме,
Күнсіңдер ме,
Қырдағы гүлсіңдер ме?
Өздеріңді мен жиі еске аламын,
Өмірді ойлап өкініп күрсінгенде.


Табашылға кейде бір тап болғанда,
Өтіріктің өртіне қақталғанда,
Арам пиғыл адамдар ақталғанда,
Кеткенімде беріліп тәтті арманға.


Бүлігіне біреулер мақтанғанда,
Досым сырын бүкпесіз ақтарғанда,
Аяққа ары таныстың тапталғанда,
Шытынауға шын болат шақ қалғанда.


Деп тілеймін болсыншы бәрі де аман,
Жетіңдерші жан болып жадыраған.
Аналарға келіңдер аңыраған,
Кеуделерге еніңдер қақыраған!


Шындық, Бақыт, Береке, білдіңдер ме,
Өздеріңсіз өмір жоқ бір күн менде!
Болғайсыңдар қанымда қашан-дағы,
Ақ сүтімен анамның сіңдіңдер ме?!


Бар маңайды баурап кіл алсын әнім.
Аямайын ешкімнен жан шуағын.
Берекелі әр күнім – Бақыт маған,
Шындық – мәңгі өшпейтін шам-шырағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу