Өлеңдер ✍️

Ән – бұлағым
Әсем сазды, әсерлі ән – бұлағым,
Ән тыңдасам сусынды қандырамын.
Отымды бір жүректе жандырамын,
Туған жердің еске алам бал құрағын.
Әсем сазды, әсерлі ән – бұлағым!
Кеудемдегі, әсем ән, қозға шыңды,
Ән тыңдасам ұмытам өз басымды.
Бақытты жан болмайды менен бөтен,
Мұңды болса төгемін көз жасымды.
Кеудемдегі, әсем ән, қозға шыңды!
Қыран болып қалықта,
Ақ төменге,
Жоғарыға –
Қайтадан тарт тереңге!
Сенем сені
Адамның маңдайына,
Таңдайына бітетін бақ дегенге!
Сенсің жасар шабытты шақты мына,
Сен елімнің мұңы да,
Шаттығы да!
Сен шығасың кеудемнен құс боп ұшып,
Туған жердің аунасам ақ құмына.
Оятасың шабытты шақты мына!
Сенде бәрі –
Өткен күн,
Заман жаңа,
Сен шалқыған қаламда, даламда да!
Кеуделерге сыймаған кереметтер
Жарып шығып сыйыпты саған ғана!
Сенде бәрі –
Өткен күн,
Заман жаңа!
Сен уантқан жылаған ел баласын,
Сен Анасың,
Жалынды кең даласың.
Ел мен елді жалғайтын елшідейсің,
Сел боласың,
Қаласаң жел боласың.
Барлық тілде сөйлейтін сен ғанасың,
Барлық тілде сөйлейтін сен данасың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇