Өлеңдер ✍️
Тілек
Қалғып бара жатырмын ба, қалғытпа,
Қаңғып бара жатырмын ба, қаңғытпа!
Өмір, маған маза берме, шапқылат,
Алыс әлі шалдығуға, шалдыққа!
Жауларымның боп жүрмесін күткені,
Керексізің болсаң кіл көп нүктелі!
Арамза боп бара жатсам, аямай,
Бүйірімнен Арым болып түрт мені!
Сынағын бер ақ боранды ақпанның,
Шуағын бер арайланған ақ таңның!
Шертілейін домбырадай үн қатып,
Серпілейін серіппесіндей қақпанның!
Ақ қыраулар қона берсін самайға,
Шарайнаға алмайыншы қарай да!
Маңайыма мазақ еткің келмесе,
Өмір, маған маза берме қалай да!
Өмір, сенен өкінтпеуді сұрайын,
Тілегімді қабыл етсін құдайым!
Өсегіне – өртіне елдің шалынбай,
Төсегіме шаршап келіп құлайын.
Жасамасам жасамаспын ұлы істер,
Маңдайымнан тамшыласын күміс тер.
Төрің маған керегі жоқ тып-тыныш,
Өмір, маған қасіретсіз жұмыс бер!
Күнде сынға алсын мені бар сыншы,
Жазудан да қолым әбден талсыншы!
Алға баста, Үміт, Сенім арқалат,
Өлуге де қолым тимей қалсыншы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter