Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  86


Автор: Серікбай Оспанов

Алматыдан оралғанда мен жүдеп...

Алматыдан оралғанда мен жүдеп,


Апа, маған қараушы едің елжіреп.


Жаз бен көктем шуағы бар сол жанар,


Сол мейірім сене алмаймын сөнді деп.


 


Сол бір жанар толы еді ардақ арманға,


Тек шуағын шашушы еді бар жанға.


Сенің, апа, көзіңменен қараса


Менен артық адам бар ма жалғанда?!


 


Күн мен Айдың жарығымен нұрланар,


Сол жанардай емес көлдер, жылғалар.


Күнде қанша көріп жүрмін көздерді,


Маған сенің көзіңменен кім қарар?!


 


Қарамайды, ондай қарай алмайды,


Талай жанар


Арайланар...


Алдайды...


Жан тербетер сенің, апа, жанарың


Тек баянды бақытыммен жалғайды.


 


Мейірімді де,


Шуақты да,


Жылы да


Сенің көзің нұр құяды жырыма!


Жанарыңды көріп жүрмін жарымнан


Қарағанда қызы мен ол ұлына.


 


Мейірімді сол жанар мен аңсаған,


Серпілдірді сәттерімде шаршаған.


Қараса ғой Аналардың көзімен


Бір-біріне,


Мына әлемге барша адам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу