Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  191


Автор: Серікбай Оспанов

Мейірім толы жұмылды жанар қалай...

Мейірім толы жұмылды жанар қалай,


Жүріп келем аяңдап саған қарай...


Мені ойламай анашым ол жақта да


Жатады деп сенбеймін алаңдамай.


 


Саған айтар көп енді жаңалығым,


Болдым әке, біреуге аға бүгін.


Мақсатынан,


Ел берген жақсы атынан


Айрылған жоқ ақ көңіл, адал ұлың.


 


Ойлы-қырлы өмірдің соқпағында


Көрдім мен көкпарын да!


Тоқпағын да,


Алыстым да шалыстым – жығылдым, жықтым,


Жүгірдім де, жүрдім де, тоқтадым да...


 


Мұңайдым да, күлдім де, жыладым да,


Еңбектедім, сүріндім, құладым да.


Сенің үнің сондайда:


– Тасыма, ұлым,


– Жасыма, ұлым! – деп тұрды құлағымда.


 


Жабықтырып – тағдыр ма сілкілемес,


Жақсылықты ұлына кім тілемес?!


Анашым-ау, сенбеймін.


Ол жақта да


Ойламауың сен мені мүмкін емес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу