Өлеңдер ✍️
Мамырым майса, бақ қандай...
Мамырым майса, бақ қандай,
Майысып гүлдер билеген.
Келгенде елге
Мақпалдай
Жап- жасыл жаңа жейдемен.
Кеудемде бір от алаулар,
Гүл қадар төске қырлар да.
Желбірей түсер жалаулар
Қол бұлғап алғы жылдарға.
Қол бұлғап алғы бақытқа,
Бөбектер шығар қаз басып.
Адымдар алға уақыт та
Ертеңгі күнмен жалғасып.
Мамырым келді тағы да,
Самалы майдай еркелеп.
Шуағын беріп жаныңа,
Биікке қарай жетелеп.
Ол- Еңбек Ері, азамат,
Күн көзі- Сөнбес жанары.
Гүл- ордендерін қадап ап,
Жылда бір келіп қалады.
Ол- бақыттың шеруі,
Ол- тіршілік,
Тірегің!
Шаттық қой жылда келуі,
Соқтырып жердің жүрегін.
Қырда да,
Ойда күн қызып,
Бар әлем жатыр қарсы алып.
Әр талға көйлек кигізіп,
Барады мамыр ән салып.
...Жақсылық қана тілеген,
Мамырым, әзиз ана ма ең?!
Көгершін қанатыменен
Қол соғып жатыр бар әлем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter