Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.05.2023
83
Жазды аңсау
Ақ таңдар күліп, ақыл беріп ататын,
Ақ самал-ару ақырын тіл қататын,
Айнала бұлақ асыр салып ағатын,
Аспаннан құлап,
Ақ моншақ билеп жататын.
Аққудың үні алыстан талып жететін,
Ақ сағым арбап, алдаусыратып кететін.
Алаптан аңқып жусанның исі елтітіп,
Ақ нөсер құйып аласапыран ететін.
Айналайын-ай, ақ айдын көлді жазым-ай,
Ардақтым менің, ақ селеулі жазық-ай!
Ақ балық аулап,
Ақ құмда аунап,
Асыр сап,
Аңсаумен жетіп, алмаушы ем сенен ажырай.
Асыл жазым-ай,
Жасыл жазым-ай,
Ардақтым,
Әр таңды сенде,
Арманды сенде жалғаппын.
Ақиқатты айтып, ақ жарқын күліп жүргенмен,
Ақ көңіл сенде армансыз жүре алмаппын.
Алшамнан түсіп жатпадым әсте ап тыным,
Ақ жауыныңдай аппақ арым мен шаттығым.
Арнайы маған жетпесіңді білем, арайлым,
Аңсап өзіңді басылмай жүр бірақ аптығым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter