Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  116


Автор: Серікбай Оспанов

Ауылға барар қасқа жол

Адасқан жанға арман ең,


Сағыныштарды жалғап ең,


Ауылға барар қасқа жол


Әкешім жүрген арбамен.


 


Тағы да түстім саған мен,


Сырласып келем даламмен.


Тезірек жеткіз ауылға,


Қауыштыр әзиз анаммен.


 


Арманның онсыз сәні не, –


Жолықтыр әсем әніме!


Аман ба ауыл-аймағым,


Бейтаныс, таныс – бәрі де?


 


Кездестір мені сары қызға,


Сары қыз әлі жалғыз ба?


Кездестір керім достарға,


Бақытты, балғын балдызға.


 


Сыйламас қартты жан бар ма,


Кездестір ойлы шалдарға.


Кездестір тойға, ізетке,


Шаттықпен атар таңдарға!


 


Ауылға барар қасқа жол,


Ой-шұқыр, сенде тас та мол.


Дәл сендей бірақ қуантып,


Ойланта алмас басқа жол!


 


Жатыр ма жастар үйленіп,


Жаңа бір жайлы үйге еніп.


Қарсы алар ма екен келіндер,


Аға деп күліп, именіп?


 


Шілдеханалар бар ма екен,


Кешегі аға шал ма екен?


Қатары қарттың сиреді-ау,


Ауылда кімдер қалды екен?!


 


Баяғы ауыл – бір көше,


Болды ма екен бірнеше?


Көрмегелі де көп болды-ау,


Танымай қалып жүрмесе?


 


Қарсы алар екен қай кісі,


Болады қай үй жайлысы?


Кездессін бәрі таныстың,


Кездеспесе екен мұң-зары,


Кездеспесе екен қайғысы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу