Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  75


Автор: Серікбай Оспанов

Шыңда

Тітіретер жанды құз.


Құлама жар – алдымыз.


Соңымызда соқпақ жоқ,


Жалт-жұлт еткен мәңгі мұз.


 


Шығу еді бар үміт,


Кетті тыныс тарылып.


Мұнда суық.


Тастар да


Жатыр ақ тон жамылып.


 


Маңайды таң қалдыртып,


Салайын ба ән жаңғыртып?!


Айқайлауға   болмайды,


Кетеді  онда  қар  да  үркіп.


 


Айнала көз тастап ем,


Ғажап сұлу – басқа әлем.


Барады ауа азайып,


Шыдап тұр ма тас та әрең?..


 


Ақ бұлт сүйген аймалап,


Шыңдағы қар айдан ақ.


Күн сәулесі жүр мұнда


Сүрініп, құлап, тайғанап.


 


Шығып едім құлшынып,


Жоқ қой мұнда бір шыбық...


Қол бұлғайды етектен


Өмір, дала, тіршілік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу