Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  88


Автор: Серікбай Оспанов

Тобылғы

Сап болып өрме қамшыға,


Шаршаған кезде демедің –


Саятшы, малшы, аңшыға


Сенімді серік сен едің.


 


Далама шөлді дару – сен,


Шымыр боп шықтың шынығып.


Сатыр да сұтыр жанушы ең,


Шоғыңа өстік жылынып.


 


Сахарға қостым шоғыңды,


Сенімен күбі ыстадым.


Бүлдіргі тағып


Тобылғы


Қамшы ғып әрі ұстадым.


 


Қарауыл болдың жолыма,


Қызғылтым, торы тобылғы.


Тентектің түсіп қолына,


Қайнаттың кейде сорымды.


 


Айналдың жиі қамшыға,


Ұстады жарлы, бай мықты.


Қаймақты ұры, жалшы да,


Шайпаулық сенен қаймықты.


 


Шоқырақ қана шабысты,


Қаймықты сенен шабан да.


Ақынның болсам жабысы,


Қамшы боп ти сен маған да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу