Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  80


Автор: Серікбай Оспанов

Төсіңді жайласа да талай бабам...

Төсіңді жайласа да талай бабам,


Жадырап жайнай түскен қалай далам?


Жайылып барады, әне, бір отар қой,


Өріске атам шығар мал айдаған?


 


Қойнауың қазыналы – кен шығардың,


Түсінбес көзімдегі тамшыны әркім.


Бір сәби ойнап отыр топырағында,


Дұрыстап қарайыншы,


Мен шығармын?


 


Көрік үй, көрген сайып жан тербедің,


Бізге сен аз қуаныш әкелмедің.


Балға үні естіледі,


Ұста кісі


Апыр-ай, емес пе екен әкем менің?!


 


Қорқамын жасық болып барам ба деп,


Көз жасты ұстай алмай қалам ба деп.


Алыстан ақ орамал көрінгенде.


Елеңдеп қалам сәтке анам ба деп.


 


Қашан да ауылымда ашық есік,


Мен үшін туған жердің тасы – бесік.


Тұратын жалғыз жиде сонау ойда,


Келеді тағы бірі қасына өсіп.


 


Білмеймін зәулім үйлер жауды қай күн,


Көш жерден көрінеді аулым айқын.


Кешегі қариялар көз жұмғанмен,


Жүр бүгін балалары айнымайтын.


 


Алқынып, аңқам кеуіп аптығамын,


Салады дала желі шаттық әнін.


Ұшады қалбаң-құлбаң көбелектер,


Сүйінші сұрай кетті әне, ақ бұлағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу