Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  66


Автор: Серікбай Оспанов

Қадірлі далам

Қадірлі далам,


Адырлы далам, құт – далам,


Ұлың бар ма екен сырыңды сенің ұқпаған?!


Сағыныш қуып барғанда базына – мекенім,


Көзімнен мөлдір ыршыған ыстық шық табам.


 


Кеудемде жүрген арылып бір сәт таудай мұң,


Көсіліп жатып,


Көк белің көркем,


Аунаймын.


Ән айтсам   ойдой, айқайлап тау-тас жаңғыртып.


Қоңыр даусыма қосылмай сонда қалмайды үн.


 


Жанымды баурап алғысы келіп ертерек,


Қосылып маған самал жел есер еркелеп.


Алай да дүлей дауылыңды күй ғып шығарса,


Долылығыңды домбыраға салып шертер ек.


 


Қосылып маған сыбызғы болса көк терек,


Таласа салып шегірткелер әнін төкті ерек,


Сағындырдың ғой сазды күйіңді дегендей,


Салмақты тау да томсырая қапты өкпелеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу