Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  122


Автор: Серікбай Оспанов

Самал есіп аймалайды адамды...

Самал есіп аймалайды адамды,


Жарық пен су жайнатады даламды.


Әнші құстар табиғатты тамсантты,


Көңіл, өмір шырқап жатыр жаңа әнді.


 


Ғашықтарым неткен сонша көп еді,


Аспан күліп, Күн бетімнен өбеді.


Құм сүйеді табанымды қытықтап,


Қол бұлғайды туған жердің терегі.


 


Алыстарға бастап күнде жол ерте,


Қарағайлар болды пана, көлеңке.


Тентектігім болса солар кешірген,


Табиғаттың баласымын мен ерке.


 


Күннің маған іңкәрлығы – таң нұры,


Аспанымның ынтықтығы – жаңбыры.


Жан-тәніммен мен ғашықпын оларға,


Сондықтан ба,


Ғашық маған барлығы!


 


Ақша бұлттар аймалардай төнеді,


Бәрі-бәрі маған көңіл бөледі.


Махаббат қой, мейірім ғой барлығы,


Махаббаттан барлығы өсіп-өнеді.


 


Махаббат пен маған бақыт сыйлаған,


Мың рақмет айтам саған, ей, далам!


Тек өзіңе еркелеймін,


Өйткені,


Еркелікті көтермейді кейде адам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу