25.05.2023
  192


Автор: Құрманғали Қуанышбай

Ұлтты сүюдің үлгісі

Ойлап отырсам, Бексұлтанның туған жер тарихын зерделей зерттеуі, оның ішінде Орбұлақ шайқасының бастауына байланысты әңгіменің шетін шығарып баяндауы «Жайлаудағы жиырма күн» хикаясынан басталған екен. Осынау өзегі өз өмірбаянына қатысты хикаяда бас кейіпкер, жорналшы Жәкейдің демалыс алып, бала-шағасын ертіп, ата-бабасының жайлауын, өзінің кіндік қаны тамған жерін, 27 жылдан кейін келіп, аралап қайтқандағы естігені, көрген-білгені, алған әсері, атамекенге деген айрықша ыстық сезімі суреттелген. Әсіресе жылқышы Нұрлықожа, зоотехник Матан, оның әкесі Қожахмет ақсақалдың жер-су атауларына тоқталып, Ордың бұлағына байланысты  айтқан әңгімесі Жәкейді елең еткізген. Оның неліктен Ордың бұлағы аталғанын шұқшиып сұрап, әрқилы болжамдарды естісе де, оның елге белгісіз бір сыры барын іштей түйсінген. Бұл ойын Нұрлықожаның мына бір сөзі тірілте түсті: «Сондай-сондайды біреулер айтпаса, біреулер есінде сақтамаса, мына жерде не тарих қалады? Әлгі тарихын естігелі төңірек тіпті көзіме түрленіп кеткен тәрізді. Сырын білген сайын ынтықтыра түсті. Шөбі емес, көгі емес, жердің шын сұлулығы тарихында екен ғой, тегі?». Жәкейдің түпкі ойын оятып, атамекен тарихына тереңнен үңілуді есіне салған Нұрлықожаның бір ауыз сөзі әрине жазушының көкейін тескен сыры екені ақиқат.


Ордың бұлағын көріп, әрқилы қисынды-қисынсыз әңгімелер естіп, Алматыға оралған соң да, ол туралы өзінің көкейіне қонған жорамалын нақты дәлелдейтін тағы бір тосын мәліметке кезігіп қалармын деген үміт ойынан шықпай қойған… Бертін келе Бексұлтан Қазақ энциклопедиясынан іздегенін тапты, бірақ көңілі толмады.


Батыр қонтайшы мен Жәңгір сұлтан қолбасшылығымен өткен шайқастың болғанын, онда қалмақтың 50 мың әскеріне небәрі 600 сардармен қарсы шығып, оған Самарханнан Жалаңтөс баһадүр бастап 20 мың қол көмекке келіп, атажауды жайратып салып, жеңіске жеткендігін, сондай-ақ осы соғыс туралы тарихшы И.Зладкиннің сол кездегі орыс елшісі Г.Ильиннің мәліметінен алып жазғанына, тағы басқа дерек көздеріне сүйеніп 1991 жылдың 15 тамызында «Егемен Қазақстан» газетінде «Салқам Жәңгір соғысқан жер» атты мақаласын жариялаған еді. Осы мақаласында жазушы Тарихи орынды қадірлеп, Ордың бұлағының тарихын баяндайтын тақта орнатсақ, елдігіміз бен ерлігімізді айғақтайтын нақты ескерткіш болар еді», – деген пікірін ортаға салған.


Жалпы елге барып, ен жайлауды аралап, Ордың бұлағындағы оқпанды көріп қайтқаннан кейін өзінің жорамалын айтып, баспасөзде бірнеше мақаласы жарияланды. Соның бірі 1977 жылы шыққан «Бір ғана махаббат» кітабындағы «Ордың бұлағы» деген әңгімесіне де өз жорамалын енгізген. Мұның сыртында, бір топ зиялылар қолын қойып, өкімет басшыларына бірнеше рет хат та жолданды. Оны да ұйымдастырған Бексұлтанның өзі. Мәселенің Қазақтың тарихи ескерткіштерін қорғау қоғамының төралқасында қаралуында жазушы бастамашы болды.


Жарияға шыққан, қолда бар тарихи жазбаларда соғыс болған жердің аты нақты айтылмаған. Сол себепті сырт жұртты сендіру қиынға түсті. Сөйтіп жүргенде «Егемен Қазақстанда» жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Қарасай батыр» деген мақаласы шықты. Ол болса Қазыбек би Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген қолжазбасынан алынған деректер екен. Мақалада Қызылқия, Жарбұлақ және Жәңгір сұлтан соғысқан жердің аты аталыпты. Оқи сала, көптен іздегенін тапқанына қуанып, сүйіншілеп мақала жазды. Ізінше Ұлттық ғылым академиясы, Әдебиет және өнер институты, Білім министрлігі бірігіп «Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысы» деген тақырыпта ғылыми- теориялық конференция өткізді. Сөйтіп, алғаш рет Орбұлақ шайқасының мән-маңызына, қазақ жауынгерлерінің теңдесі жоқ ерлігі мен қазақ, қырғыз, өзбек сияқты бауырлас елдердің бірлігіне тарихи баға берілген болатын. Қазыбек би Тауасарұлының қолжазбасының тағы бір құнды куәлігі осы шайқасқа қатысқан Жәңгір мен Жалаңтөстен де өзге батырлардың аты-жөндерінің аталуы. Осындай-осындай игілікті іс-шаралардың нәтижесінде осы оқиғаны атап өту жөнінде ҚР Министрлер кабинетінің төрағасы С.Терещенко қол қойған қаулы шықты


Осылайша Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 350 жылдығы мемлекеттік дәрежеде тойланатын болды. Той қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде (26.06.1993 жыл) Бексұлтанның «Жәңгір мен Жалаңтөс бастаған ұлы жеңіске 350 жыл» деген көлемді әрі тарихи деректері дәйектелген мақаласы жарияланды. Аталмыш той 1993 жылы 4 шілдеде Белжайлаудың Итшоқы аталатын жерінде мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Бексұлтанның тарихи оқиға – Орбұлақ шайқасына (айтқандай, кезінде Ордың бұлағы атауын біріктіріп Орбұлақ шайқасы деп жазған оңтайлы болатыны жайлы Бексұлтанға пікір айтқан едім) қатысты түрлі ұсыныстар айтып, игі шаралардың жүзеге асуына бас-көз болуды әлі күнге жалғастыруда. Орбұлақта Салқам Жәңгір мен оның батыр сарбаздарына еңселі ескерткіш орнатылды. Жаркент қаласының орталығындағы «Орбұлақ шайқасы» панорамасы да ерен ерліктің құрметіне арналған. Ендігі мәселе ауданның Орбұлақ аталуына қатысты. Реті келгенде оның да орындалып қаларына сенім зор.


Осыншама игі шаралардың ойдағыдай орындалуына бел шешіп, белсене кіріскен Бексұлтан Нұржекеұлының ерлігін, ел-жұртына атамекеніне, тарихты тірілтуге сіңірген еңбегін жеті жұртқа жеткізуді парыз санап отырмын. Орбұлақ шайқасына қатысты атқарған ізгілікті ісін ұлтқа қызметтің үлгісі деп бағалаймын.


Жазушы сексеннің сеңгіріне шығар жасында тағы бір тағылымды еңбегін елге ұсынып отыр. Ол  – «Атажау» тарихи  хикаяты. Жоғарыда мен қазақтың жаңа тарихының жарқын бетіне қосылған Орбұлақ шайқасының шежіресін бүге-шігесін қалдырмай баяндап бердім. Бәрі  – айқын, бәрі – ақиқат. Ақтаңдақтарынан әлі толық арылмаса да, көне тарихымыздың көмбесі ашыла бастады. Соған қарамастан, енжарлығымыз ба, әлде біліміміздің таяздығы ма, жоқ болмаса ұлттық деңгейде ой толғауға мәдениетіміз, өркениет талаптарына өреміз жетпей жүр ме, әйтеуір бір кінәрат бары анық. Сондай-ақ  атам заманнан арыла алмай келе жатқан дертіміз жершілдік пен рушылдық салдарының салқыны ма, әйтеуір, жалпыұлттық рухани қазынамызды қастерлеудің орнына, іштарлық, көреалмаушылық, қызғаншақтық сынды мерез мінезден опық жесек те, тізгін үзе алмай келеміз. Бұл пікірімнің бір мысалы, мемлекеттік дәрежеде мойындалып, тарихи еңбектерде еншісін алып, көңілімізді демдесек те, бәрі бір «Бексұлтанның жазып жүргенінің деректілігінен дүдәмалысы көп, өзінің туған жерін дәріптеуі ғой», –  деп ақиқатты теріс айналдырып, кері түсіндіріп жүрген, аттарынан ат үркердей белгілі азаматтар да бар. Бексұлтанның бұл тақырыпқа қайталай оралып, көркем шындыққа айналдырып, жаңа кітап шығарудағы мақсаты – халқының жадын жаңғыртып, жас ұрпақтың ұлтының өткен өмірінен өнеге алғанын ойлауы.


Жаңа хикаяттың оқиға желісі, басты кейіпкерлері оқырмандарға жақсы таныс. Сондықтан мен шығарманың идеясы – мақсат-мұраты жайында ғана ой толғап, бағалауды жөн көрдім. Шығарманың сыр-сипатын ерекшелеп тұрғаны – бастан-аяқ жазушының оқырмандармен сырттай сырласып, санасын сарғайтып, жан-дүниесін, алақұйын сезімін дауылдай сапырған пәлсапалық ой-толғаныстары. Айталық, хикаяттың басы жаңадан хан сайланған Батыр қонтайшының жаз жайлауда жайбарақат жатқан қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, қатты шығынға ұшыратып, Есім ханның ұлы Жәңгірді қапияда тұтқындап әкеткен кезінен басталған. «Өз баласын қорғай алмаған хан халқын қайтып қорғайды?»  деген сауалға қалай жауап берерін білмей қиналған Есімнің бұл толқынысы баласын ойлап торығуы емес, елінің ертеңі төңірегіндегі қилы-қилы қисындарды жұптауға  бағытталған. Есім хан ел басына түскен тауқыметтен құтылудың жөн-жосығын санасында саралап, нақты шешім табуға бар ақыл-парасатын, өмірлік тәжірибесін жұмылдыра отырып, тағылымды түйіндер жасаған. Ел басқарушы тұлға біреулерін жақтап, екіншілерін жау санап, бір елді екіге бөлетін жаман әдетке бой алдырса – құрығаны. Ел болуды ойлаған хан қара орман жұртының бірлігі мен тірлігіне тіреу болуды мақсат етуге тиіс. Жазушының ханның аузына салған осынау қағидалы ойлары – тек Есім ханның болмысын танытуға қызмет ететін  ғана емес, бүгінгі ел басшылығында жүрген азаматтар да құлақ асатын уәлі сөз.


Қазақ қай заманда да басқыншылық жасамай бейбіт ғұмыр кешкен, тек тұтқиылдан жау шапқанда елі мен жерін қорғап майдандасқан. Баяғыда Батыр ханның әке-шешесі, өзі де тұтқынға түскенде Есім хан оларды босатып жібергенде айтқан: «Қазаққа қырқысатын жау емес, тату тұратын көрші керек»,  –  деген сөзін Бексұлтан бекер еске түсіріп отырған жоқ. Тәуелсіз мемлекет болсақ та іргеміздегі көршілес елдің билігінде жүрген желөкпелері күні кеше:  «Ұлан-байтақ жерімізді қазаққа бекер сыйға беріппіз, қайтарып алу қажет», –  деп байбалам салып, көкіп жүрген сәтте Есім хан пікірінің ертеде айтылса да, бүгін де көкейкесті екендігі шындық. Жазушының бабаларымыздың «жау жоқ деме, жер астында» деген лепесін астарлай айтып, қалай да сақтық жасап, іргемізді бекітіп, ауызбірлікті, татулықты нығайтып, ұлт болып ұйыспасақ ежелден аңсаған еркіндік пен елдігімізден айырылып қалатынымыз жөніндегі ескертпесі бекер еместігін естен шығарсақ, ақыры не болары белгілі ғой.


Хикаятта ел билігінің тұтқасын билерге ұстату арқылы халықтың хандыққа бірігуін нығайта түсетінін ойластырып, ата-баба жолының жосығын жасап, оны «Есім ханның ескі жолы» атандыруының мән-маңызы бостан еліміздің бүгінгі саясатына сай келетінін де Бексұлтан дер кезінде түсініп-түйсініпті. Қазіргі кездегі «билік басындағылар халықтың үніне құлақ асатын болсын», –  деген президент Қ.Тоқаевтың талабы да осы емес пе?!


Қара басып, айдың күні аманда тұтқыны Жәңгір сұлтан мен тоқалы Ахайдан айырылып қалып, Батыр ханның қарадай күйініп, күйзелген шақтағы оңашада ойға батқан сәтін де жазушы себепсіз жазып отырмаса керек. «Қазақ құрымай қалмаққа жақсылық жоқ. Бірақ та қалың қазақты жер бетінен жойып жіберуге шамасы келмесі анық. Олардың көзін құртам деп жүріп өздері тұзаққа түсіп, жойылып кетпесіне кім кепіл?! Бұларға жақтасып, көмек бере қоятын кім бар?! Орыс па, қытай ма? Оларға сену де қиын. Сұрағанын беруің керек. Ал берсең,  есігіңнен кіріп төріңе шығады. Татар мен башқұрттың, қазақ пен қалмақтың арасында өшпенділік өртін тұтатып отырған да сол орыстар. Бірін біріне айдап салып отырғанын білсек те, бас біріктіре алмай отырмыз. Себебі әркімнің өз мақсаты бар дегендейін. Мысалы,  Ташкеннің ханы Тұрсын, қазақтың ханы Есім Шыңғыс ханның ұрпағы болса да, бір-бірімен араз. Айталық, Тұрсын мен Есім қазақты жеке -дара билеуге таласса, Көшім ханның баласы Есім қалмаққа жақтасып өз қазағымен соғысты ғой. Ақыры өзінің елінен де, жерінен де айырылып, бізге келіп жан сақтап жүр. Ыңғай көрсетіп, дегеніне көне берсек, орыс бізді аяр деймісің. Көршілес елдерді бір-бірімен татуластырмайтын атақ пен байлыққа талас, сөйтіп жауыңа жем боласың». Жазушы осылайша кешегі қалмақ ханы Батырдың ой-түйіні арқылы бүгінгі қазақтың ел-жұрты мен билігіне қарата өнеге алатын сөз айтып отыр. Айтқандай-ақ, қазақ пен қалмақ екеуінің де ортақ жауы біреу, ол алауыздық еді.


Бұл хикаятта Орбұлақ шайқасының белгілі тарихи деректері таратыла баяндалып, соғыс қарсаңындағы екі елдің жай-жағдайы, ой-мақсаттары егжей-тегжей әңгімеленген. «Батыр қонтайшының байламы: «Әуелі аз қырғызды бағындырып, қазаққа сосын сойқан салғаны жөн. Қазақ қалың ел, әйтсе де алауыздық көптің де түбіне жетері хақ. Есім хан қайтқалы үшінші жыл. Әлі күнге ханын сайлай алмай жатқан қазақтың қол жинап, қарсы шығуы екіталай. Қырғынға ұшыраған қырғызға көмекке келмеуіне қарағанда олардың өз уайымы өз басынан асып жатқаны ғой. Осындай сәтті пайдаланып, Жәңгірді жеңіп, көзін құртуым, болмаса абыройын айрандай төгуім керек» Бұлай  шешкен Батыр қонтайшының есебі де дұрыс-тын.


Жәңгір сұлтан да қарап жатқан жоқ. Қарасай батырдан жауап келіп, ел шетіне жау шапқанын естігенде ойын түйіндей алмай отырған. Осал кезімізді қонтайшы сұм дәл тапты-ау деген ой жанын күйдірген. Елі мен жерін қорғаудың амалы қандай? Кім көмек берер екен? Жаны қысылғанда есіне Бұқара хандығының бас батыры, өзі қазақ, Жалаңтөс баһадүр көмек қолын созатын шығар деген үміті оянып, оның әкесі Есім хан өлгенде айтқан сөзі есіне түскен: «Өз жаның қысылса, әкеңнің әруағын шақыр, еліңнің жаны қысылса, мені шақыр», – деген болатын. Әкесі Есімнің айла мен әдісін тапсаң, аз қолмен де көпті жеңіп кетуің әбден мүмкін дейтіні бар еді. Сөйтіп, тәуекелмен атқа қонып, Жалаңтөске хабарлама жіберіп, қалмақтың елу мың жасағынан қорғанатын жер, екі таудың ортасындағы тар өткел Ордың бұлағын таңдап алған. Ор қаздырып, кезінде Кавказға қару-жарақ апара жатқан орыстың керуеніне ноғайлар шабуыл жасап, қыруар мылтық, оқ-дәрісін қолға түсіріп, Есім ханға жеткізіп берген. Сол қару да жаудың жолын кесуге жарайтынына сенген. Сөйтіп, қалың жаудан қорғанудың әдіс-тәсілін тауып, Жалаңтөстің 20 мың қолы жеткенше, дұшпанның жолын кесіп, тосқауыл болған Жәңгірдің жаужүрек батырлары мен сарбаздары ақыры Батыр қонтайшыны жеңіп, амалсыздан еліне қайтуға мәжбүрлеген. Жеңіске жеткен қазақ Жәңгірді ақ киізге көтеріп хан сайлаған.


Әрине, қалмақ пен қазақтың арасындағы соғыс, осы Орбұлақ шайқасымен шектелген жоқ. Ұзақ жылдарға ұласып, бастары бірікпеген қазақ елі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қилы кезді басынан кешіріп, ақыры қалмақ елі жер бетінен жойылып кетті.


Қазақтың көрнекті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының «Атажау» хикаяты – тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырған шығарма. Тарихи шындық – оқиғаның қай жылы, қай жерде болғанын тиісті деректерге сүйене отырып, жалаң баяндап шығатын шежіре. Ал көркем шындық  – тарихи оқиғаның себеп-салдарын кеңінен қамтып, оған тікелей қатысы бар адамдардың іс-әрекеті мен бейнелерін оқырмандарға, жалпы ел-жұртына танытып, көркем тілмен байыпты баяндайтын әдеби шығарма.


Бұл жерде Бексұлтанның қазақ тарихын түгендеуге байланысты шығармаларының бірі «Өзендер өрнектеген өлкенің» қатты сынға ұшырап, теріс бағаланып, қуғынға түсіп, төрт жыл бойы қызметсіз жүргенін айтсақ та жеткілікті. Ол сонда да мойыған жоқ, күйзелсе де күйінген жоқ. Таңдаған жолы – тарихи тақырыпқа қалам тартуды тоқтатқан жоқ. Жетісудағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көркем шежіресін жазып, «Әй, дүние-ай» романын жарыққа шығарды. Осының бәрі жазушының жанын ауыртса да, өмірлік мақсатынан таймаған табандылығы, азаматтық ерлігі, ұлтын – қазағын сүюдің үздік үлгісі екендігіне көзімді жеткізіп отырмын.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу