09.05.2023
  265


Автор: Ғаббас Қабышұлы

Көңіл көріністері

* * *


Қазақ қаламгерлерінің қалың ортасынан өзіне тиісті орынды дарыны мен дене бейнеті сан жылдар бойы шарпысқан жағдайда ала білген, өмір-тірліктің қыр-сырына қанып, халқымыздың, Көкше өңірінің тарихына әдеби зерттеу жазбаларымен мол үлес қосқан Естай Мырзахметұлының «Медет», «Он бес жыл өткен соң» атты романдарын кезінде жастар да, жасамыстар да сүйіп оқыды, олар кітапханаларда, мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы әдебиет үйірмелерінде қызу талқыланып, жоғары баға алды десек, екеуі бүгінде де құнды, себебі адами ақыл-ой өрнегіне бай, оқиғалары мен кейіпкерлері шынайылығымен шырайлы. Бұл тұжырымның нақты дәлелі — автордың осы романдары хақында оқырмандарынан екі мыңға жуық хат алғаны. Өздеріңізге ұсыну қажет-ау деп ұйғарылған бұл жинақтың арқауы — сол хаттардың шағын ғана бір бөлігі. Мазмұн-тілек ұқсастығы ұшыраса бергендіктен соншама хаттың бәрін қамту мақсат етілмеген.


Баспа тарапынан бұған қоса айтарымыз: Естай Мырзахметұлымен көп жыл аралас-құралас болған жазушы Ғаббас Қабышұлының аға қаламгер хақында әр жылдар жазған очерк-мақалаларын да осы жинаққа енгізуді жөн көрдік, олар — жұртшылыққа мәлім-беймәлім өмірбаяндық деректер.


* * *


I. ХАТТАР ӘЛЕМІНЕН АҚПАР


«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған...» дегендей (Ыбырай Алтынсарин), алыс-жақыннан неқилы сөз, сан алуан ой «арқалап, арып-ашып жүрген» әрі айналайын, әрі бейбақ бір нәрсе бар, ол — кәдімгі хат. Көзбе-көз отырысып, ауызба-ауыз сөйлесіп адами күй кешуіңе куә бола бастаған бүгінгі компьютер заманының өзінде ақ қағаз бетіне із салынып жеткен хат, мысалы, маған әлі де қымбат. Жаныңды жадыратқан хат-қағазды анда-санда қолыңа қайтадан алып, ашып оқып, не кеудеңе басып, не алақаныңа салып сипалап, көңіліңе көгершін қондырып отыратының қаншалық!.. Рас, кейде не умаждап лақтырып жіберуіңе, не жыртып-жыртып тастай салуыңа мәжбүр ететін хат та болады. Көпшіліктің ой-ниетінде оң-терістің аралас кездесе беруі тірлікке тән құбылыс деп білеміз. Алайда бұл құбылыстың «аңырып қала беретін кезі де» болады екен, — оған көкшетаулық жазушы Естай Мырзахметұлының біразы мұрағатжайларға тапсырылған, біразы өз үйінде сақтаулы хаттармен танысқанда көзім жетті. «Медет», «Он бес жыл өткен соң» романдары шыққаннан беріде алған жиыны екі мың шамалы хат арасынан Ес-ағаға қабақ шыттырған бір хат та шықпады. Ондайлар әлде умаждалып, әлде жыртылып кете барды ма екен? Жо-жоқ, ондайлар болмады дей аламын.


Ес-ағамен қырық жылдай аралас-құралас болдым. Көкшенің дәмі айдап апарып, жанында бірер апта болып жүрген кездерімде пошта жәшігінен алған хаттарын қалай ашқаны, қалай оқығаны әлі де көз алдымда. Хаттарды жазу үстеліне апарып тәртіптеп жаяды да, орындығына жайланып отырып, қайшысын қолға алып, хаттарға көз жібереді. «Киноға түсетіндей-ақ баптанады екенсіз?!» деп қалдым бірде. Ол жымиды да: «Мұның бәрі тірі, қазір сөйлейді. Алдымен шәкірттерден келгеніне кезек беремін, содан кейін сен сияқтыларға, одан соң өзім тәрізділерге жол тиеді» деді де, конверттердің біреуін алып, бір қырын қайшымен мұқият қиды, хатты алып, әлгі қиындыны конвертке салып, содан соң хатты ашты да, сол әредікте қайшыны маған ұсынып: «Конверттің сынын кетіруге болмайды, мұқият ашу керек. Кейде менің немерелерім, кейде сенше ерігіп отырғандар, біреу қуып келіп қалардай, апыл-ғұпыл жыртып жібереді, өй, шіркіндер-ой!» деді. Әдептіліктің үлкен-кішісі болмайтынын ұқтырғаны!


Ол хаттарды әсте дауыстап оқымайды және жанындағы кісіге «оқығың келе ме?» деп ұсынбайды. Қалпынша бүктеп, конвертке салады да: «Бірер күн жатсын. Мазмұндарына қарай іріктеп, жауапты да бір-ақ беремін» дейді. Жауап қайтарады да екен. Хаттардың бәрінде дерлік: «Хат жаздым», «Телефон шалдым» деген белгі бар.


Денсаулығы жазу үстелі басында әрбір екі сағаттан соң бір сағат шамасы дем алуды міндет еткеннен бері жиырма жыл болған сырқат пенденің нешеме роман, хикая, әңгіме, мақала жазғанына қоса қыруар хат атаулыны жауапсыз қалдырмағанына еріксіз таңдандым. Соны аңғарған Ес-ағаның бірде: «Көкейіңде көзге көрінбес бір сұрақ тұрғанын сезіп отырмын... Мен шығармаларымның бірсыпырасын аурухана төсегінде жатып жаздым ғой, етбеттеп жатсаң, шіркін-ай, арман не, оған да зар болып, шалқамнан ғана жата алдым... мынау хаттардың көбіне жауапты да солай жазбасқа шара болмады», дегені бар.


«Ес-ағаға қабақ шыттырған бір хат та шықпады» дедім. Шынымды айттым. Оның есесіне Ес-ағаға еріксіз езу тарттырғандары бар. Олар...


— Жо-о-оқ, мырза, тоқта, тоқтай қал! Хаттардың сөзін алдын ала жария етуге болмайды!


— Солай екен ғой, кешіріңіз.


— Ал, хаттар, сөйлеңдер!


Хаттар сөйлеуге кірісті. Мен: «Сенің бұрын келгенің рас. Сенің кейін келгенің даусыз» демедім, қолыма іліккеніне қарай кезек бердім. Кейбірінің қашан жазылғаны белгісіз екен, оларға да «бұл қалай?» демедім.


Айтпақшы, хаттың дені Ес-ағаға кітаптарын шығарған «Жазушы» баспасы арқылы жетіп жатқан, яғни оны үнемі атап көрсете беру шарт болмас деп түйдім.


Әлбетте, хаттың баршасы жазушының шығармалары туралы ғана емес. Арасында туған-туысқандарынан, дос-жолдастарынан келген, әртүрлі мәселе туралы пікір білдіріскендері де, арнау өлеңдер де кездеседі. Қай-қайсысы да бүгінгі оқырман қауымның ой таразысына салуға татиды деп сенемін.


Сөз ыңғайына қарай айту артық болмас бір жәйт — Ес-ағаның гәзет-жорналдарда жарияланған жиыны бес жүзге тарта мақаласының арасында тарихи тұлғаларымыз туралы жазғандарының да молдығы. Мысалы: Абылайға — 9, Кенесарыға — 6, Ақан серіге - 16, Біржан салға — 11, Балуан Шолаққа — 11, Үкілі Ыбырайға — 6, Сегіз серіге — 4, ал жалпы қазақ тарихына — 7 мақала арнапты! Еріксіз қызықпасыңа қоймайтын еңбек емес пе?!


ҒАББАС.


* * *


ЕС-АҒА!


Хатыңа — хат, сауалыңа — жауабым.


Көкшеден сәлем алсақ, көкірегіміз керіліп, кең дүниенің ауасын еркін жұтып, Бурабайдың дәл бауырында тұрғандай болып, бір марқайып қаламын. Әсіресе сенің хат-хабарың бір көтеріп тастайды.


Ақын атаулы өтірікшіміз ғой, саған «Жылқышының баласын» жіберуге уәде етіп, орындамадым. Алматыда жоқ, талап әкетіпті. Көкшеде бір жұрнағы болса, қайта сен маған салып жібергейсің. Ол жақтағы қамқорлықтарыңа рахмет, бірақ мені тым көтеріп жібердіңдер-ау.


Қазірде «Махаббат дастаны» атты повесть жазып бітірдім. Көкше өңіріне қатысты. Бұл жолы енді оның бірінші данасы өзіңдікі болар-ақ!


Өзің не жазып жүрсің? Денсаулығыңды құнттап, көбірек жаза бер.


Еркеш соңғы кезде тек Қонаевтан кейін сөйлейтін болыпты. Оған да шүкіршілік. Бірақ ағасына еліктеп, «партийнный» болып кетіп жүрмесін, өлеңді өкіртіп жазсын.


Бәріңе де рахмет! Бәріңді де сүйдім!


Өздеріңнің Саттар СЕЙІТХАЗИНДЕРІҢ.


15. 01. 1966 ж.


* * *


ӨСКЕМЕННЕН СӘЛЕМ!


Ғизатлу хат жазайын қалам алып,


Таңданып толғанған соң ойға қалып.


Ақ қағаз, қара сия,


айтқанымды


түп-түгел жеткізгейсің алып барып!


Құрметті Естай-аға! Бұлай деп хатымды бастағаным ақындығымнан емес, менің әкем Хамза майданнан үйге жазған хаттарының бәрінің де бірінші бетін:


Ғизатлу хат жазайын қалам алып,


Сағынып сарғайған соң ойға қалып.


Ақ қағаз, қара сия,


сәлемімді


Ел-жұртқа тапсырғайсың алып барып, — деп бастайтын еді, мен соғыстан қайтпай қалған, жерленген жері де белгісіз марқұм әкемнің сол әдетін сақтап, өлеңін ептеп өзгертіп, өзімше жазып отырмын. Мұным әкемді күні бүгінге дейін сағынып жүргендігімнен шығар, айып етпеңіз.


Ал «таңданып, толғанып» дегенім себепсіз емес. Мен қазаққа Біржан салды, Ақан серіні берген Көкшетау елінің перзенті Естай Мырзахметов деген жазушының «Медет» деген кітабын оқып шығып, көп ойға қалдым. Жазушы оқиғаларды қиялдап ойдан шығарса да, немесе өмірде бар кісілердің бастан өткергендерін көріп, біліп, кітапқа лайықтап жазған болса да, бәрібір шындықты жазған деп ойлаймын, өйткені сондай фактілерге мен де куәмін. Өз басымнан кешкен жоқпын, бірақ жақын дос жігітімнің басынан өтті. Ондай оқиғаларды басынан өткерген жан мыңдап бар екені сөзсіз.


Досым деп отырғаным Ұ. деген жігіт болатын. Екеуіміз бір ауылда туып-өстік, бір мектепке сегізінші класқа дейін бірге оқыдық, тек мен қазақ класында, ал ол орыс класында болды. Ұ. әдемі бозбала болды: бойы сұңғақ, өңі: атжақты, қыр мұрынды, көзі өткір. Ауқатты кісінің баласы еді, киімі де жақсы болды. Маған қарама-қайшы. Біздің тұрмысымыз жұпыны. Әкем соғысқа кеткен. Шешем және сегіз жастағы мен, бес жастағы қарындасым Клара үшеуіміз тұрдық. Немерелес туыстарымыз болды. Олар да балалы-шағалы, тұрмыстары нашар. Шешем кеуде ауруына шалдыққан болса да, колхоздың жұмысынан қалмады. Бізді — екі баласын асырауы керек қой. Құрдастарыммен бірге мен де каникул кездерімізде колхоздың оны-мұны жұмыстарын шамам келгенінше істеп жүрдім, оныма еңбеккүн жазылады, 5-10 кило бидай береді. Ал Ұ. болса, каникулға шығысымен облыс орталығы Өскемен қаласына кетеді. Онда туыстары бар көрінеді. «Каникулды қалай өткіздің, не істедің?» деп сұрағанымда күліп қойып: «Сурет салуды үйрететін студияда болдым» деді. Студияның не екенін сұрағанымда: «Ә, сен оны түсінбейсің» деп қолын сілтей салды.


Сол Ұ., романдағы Медетше басқа қыздың ар-абыройын қорғамақ тұрғай, өзі дружить етіп жүрген С. деген қызды сондай жағдайда арашалай алмады. Сегізінші класта оқып жүргенбіз. Тарғын селосындағы онжылдық мектепте. Қазақша, орысша кластарының бәрі бар үлкен мектеп. Оның сегізінші, тоғызыншы кластарындағы оқуларын тастап, одан ары оқуға жағдайлары болмаған бірнеше бала жақын маңдағы Асубұлақ, Ақтау, Огневка, т. б. жерлердегі шахтаға, рудникке жұмысқа кеткен. Бірақ олар Жаңа жыл кешінде мектепке міндетті түрде келетін. Сондай Жаңа жыл кешіне Р. деген жігіт масаңдау келіп, тынышсыздық, жеңілтектік жасап, С.-ға қырындады. Биге қайта-қайта шақырып, құшақтамақ, бетінен сүймек болып, есін шығарды. Ол қылығына бөгет жасамақ болған Ұ-ны иығынан шап беріп, иіріп жығып тастады. Ию-қию басталды. Бірақ бидің басы-қасында жүрген мұғалім екі ағай дереу кірісіп, жұмысшы жігіттерді, әсіресе Р-ды қатты ұялтты, оған С-дан кешірім сұратты. Ұ-дан да кешірім сұратпақ еді, оны іздеп таба алмадық. Мен сыртқа жүгіре шығып, дауыстап шақырып едім, ол жауап қатпады. Дала қап-қараңғы екен, көре де алмадым.


Кештен С. екеуіміз бірге қайттық. Ол үйіне жеткенше ләм демей қойды да, ауласының есігін ашып кірерінде ғана: «Тоқан, досыңның сырты ғана сұлу екен, кім білген. Сау бол!» деді. Мен қатты ұялдым. Көпе-көрінеу қашып кеткен Ұ-ға қатты ыза болдым. Ел жатар уақыт болып қалса да, Ұ-ның үйіне бардым. Оның жеке бөлмесі бар болатын. Әлі ұйықтамай, төсегінде етбеттеп, кітап оқып жатыр екен. «Неге келгеніңді білемін, бірақ қазір сөйлесетін уақытым жоқ, ертең де күн бар», деп қыңырайды. «Жарайды» деп кеттім. Ертеңінде екеуіміз далада әрі оңаша, әрі қатты сөйлестік. Ол: «С. жеңілтек екен, Р-ға өзі повод берді, маған ондай қыздың керегі жоқ!» деуінен танбады. Менің ақырғы сөзім: «Сен қоян сияқты қорқақ екенсің, соғысқа барған болсаң, жаныңдағы солдатты тастай қашқан сатқан болады екенсің!» деп, екеуіміз айдалада төбелесе жаздап, әрең дегенде басылдық. Сол сәттен бастап екеуіміздің жолымыз екі жаққа айрылды. Мен өзімнін не дұрыс айтқанымды, не қате айтқанымды білмеймін, бірақ Ұ-ның пікірі қате деп түйдім де, сол айтқанымда қалдым.


Сол оқиға себеп болды ма, әлде басқа бірдеңе жағдай болды ма, оны білмеймін, әйтеуір, Ұ. каникулдан кейін мектепке келмеді. «Өскеменде, Ленин атындағы мектепте оқиды екен» дегенді естідік. Көп кешікпей үйлері де Өскеменге көшіп кетті. Ұ-ны содан кейін, міне, он екі жыл болды, көрген емеспін. «Қазақ қызға үйленіп, онымен бес ай ғана тұрып ажырасыпты, орыстан келіншек алыпты» деп естідім.


Көп жазып кеттім ғой деймін, мұным үшін жазушы Естай ағадан кешірім сұраймын. Ал сіздер бұл хатымды Естай ағаға табыс етіңіздер.


Хатымның соңында айтарым: Медет Естай ағаның өзі ме деп ойлаймын, себебі, менің ұғуым бойынша, жазушы өзі бастан кешкенін жақсы жазады, Медеттің бүкіл михнатын, оның ауыр халден айыға бастаған минөтінен бастап нендей ойға қалғанын, іштей қандай ой түйінін жасағанын, айналасындағы дәрігер, дос-жолдас, туған-туысқан көпшілікке көзқарасын, реніші мен қуанышын, әсіресе Айнұрмен арақатнасын айтып беруі — бәрін де өзі көріп-білген сияқты.


Шынымды айтайын: мен кітапты оқу барысында жүз толқыған шығармын, Медеттің көлеңкесі болып кеткендей кезім көп болды, ал кітаптың соңғы беттерін оқығанда жігіт басыммен жылап отырдым. Зейнептің ақымақтығына ашулануым былай қалды, Медеттің сауыға бастап, аяғына тік тұрғанына қуанғаннан жыладым ғой деймін...


Шіркін-ай, адамгершілігі жағынан екі қазақтың бірі Медеттей болса, біздің қоғам қандай таза болар еді!


Естай аға, аман-есен болыңыз, 100 жасаңыз! Отбасыңызға көп-көп жақсылық тілеймін!


Тоқан Хамзаұлы БЕРҒАЛИЕВ,


журналист-фотосуретші.


Өскемен қаласы,


Орджоникидзе көшесі, 29/8.


19 май, 1977 жыл.


* * *


Құрметті «Жазушы» баспасы! Осы хатты жазып отырғандар —сіздердің көп мыңдаған оқырмандарыңыздың бір бөлігі. Егер рұхсат болса, біздің сұрайық дегендеріміз: жақында біз Естай Мырзахметовтің «Медет» деп атаған романын оқыдық, өте тартымды болғандықтан өзара тартысып қалдық. Біреулер бұл кітаптағы оқиға болған дейді, біреулер болмаған дейді, былайша айтқанда, оқиғаның болған-болмағанын жазып жіберіңіздерші! Кейіпкерлер қазір бар ма? Медеттің аурудан жазылуы қалай болды?


Сәлеммен, — бір топ оқушылар. Адресіміз: Ақтөбе облысы, Мұғаджар ауданы, «Темір» совхозы, мектеп. Жексен АБДОЛЛИН. 29. 12. 1977 жыл.


* * *


ЕСТАЙ АҒА! «Он бес жыл өткен соң» повесіңізді оқып шықтым. Болатбектің басынан кешірген оқиғалары ауыр екен. Арайлым екеуінің арасындағы байланыс алшақтады. Содан 15 жылдан кейін Болатбек Арайлымды іздестірді, бірақ қиын бола түсті, Нүрзия басқа қалаға кетіп қалды, Болатбектің өмірі осыдан кейін қандай болады?


Нұрсұлу ТОҚСАНОВА.


19-май, 1976-ж.


Өзбекстан, Бұхар облысы,


Кенимек ауданы, №3 ферма.


* * *


Қымбатты Естай МЫРЗАХМЕТОВ ағай! Сіз жазған Арайлым мен Болатбек тағдыры ешкімді бейтарап қалдырмайды. Арайлымды ағасы Қажытай балалар үйіне береді, одан кейін қайтып оралмайды. Ол кісі қайда кетеді? Неге оралмайды?.. Болатбек те, Арайлым да соғысқа қатысты. Бүгінгі біздің бейбіт өміріміз үшін жаумен соғысты. Екеуі де жараланып, михнат көрді. Тағдырлары екібасқа болып кетті. Олай болуына соғыс кінәлі екенін мен де түсіндім. Ал сізге сұрағым: Арайлым қай жаққа кетті? Нүрзия орала ма? Болатбек шынымен жалғыз қала ма?..


Мен бірінші рет хат жазып отырмын, толық түсінбегенім, немесе қате түсінген жерім болса, кешіріңіз... Арайлым мен оның баласын ойласам, қазірде де жылағым келеді.


Естай ағай, сіздің «Он бес жыл өткен соң» кітабыңызды оқыған соң бір күн жыладым. Неге, неліктен? Осы сұрақтарыма жауап беруіңізді өтінемін. Хош, сау болыңыз!


Ғалия АБЫРБАЕВА.


Жамбыл облысы,


Шу ауданы,


Шоқпар станциясы.


15. 01. 1977 ж.


* * *


«Жазушы» баспасына. Мен «Он бес жыл өткен соңды» бар жан дүниеммен егіле, тебірене отырып оқыдым. Мені Болатбек пен Арайлым тағдырлары қатты толғантты. Олардың пәк махаббаттарының қыршынынан қиылғаны егілтіп еңіретсе, Отан алдындағы борыштарын ерлікпен орындап шығулары сүйсінтті. Болатбек пен Арайлым және олардың майдандас достарының образдары жастарымызға үлгі етерліктей реалды образдар, жарқын бейнелер және өмір шындығын жазған. Мен бұл кітап туралы ең жақсы деген пікірдемін.


К. ӘШІМОВА,


музыка пәнінің мұғалімі.


17. 12. 1977 ж.


Қызылорда облысы,


Қармақшы ауданы,


«Жаңа қала» орта мектебі.


* * *


Құрметті автор Естай МЫРЗАХМЕТОВ! Сіздің «Медет» атты кітабыңыз көп қауымға ұнады. Маған да ұнады. Бас кейіпкерлер Медет пен Айнұр арасындағы шынайы махаббат, достық, татулық, бірлік шынайы бейнеленген. Осы кітаптан Медеттің Отанды сүюі, қызметі, оқуға, еңбекке ынта-жігері, кішіпейілділігі, жаңашыл, достарына силы болуы өте ұнады. Медеттің анасы — Асыл ана, қарындасы Зейнеп, достары — асыл жандар.


Құрметті автор Естай Мырзахметов, егер мүмкіндігіңіз болса, осы кітабыңызды ары қарай жалғастыруыңызды сұраймын! Медет пен Айнұр, Зейнеп қай жерде тұрады, соны жазып жіберіңізші! Медет пен Айнұр семья құрды ма? Соны толықтырып жазып жіберіңіз. Мен 9-класта оқимын. Тұратын жерім: Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, «Передовой» совхозының 1-бөлімшесі Сартымбет. Сізге мың да бір рахмет! Өтінішімді қалдырмай, жауап беруіңізді сұраймын! 10. 01. 1977 жыл.


Жәния Керімжанқызы БАЗАРОВА.


* * *


Біз жазушы Естай Мырзахметов ағайдың «Он бес жыл өткен соң» атты кітабын оқып, талқылаған едік, көп талас туды. Біздің қояр сұрағымыз:


1. Арайлым қазір қайда? Тірі ме, жоқ па?


2. Болатбек пен Нұрзия қайтадан табыса ма?


3. Болат қайда? Не істейді?


Осы сұрақтарға толық жауап берсеңіздер екен.


Біз — Семей облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылы, «Аққу» атты шопандар бригадасының мүшелеріміз.


21. 07. 1977 ж.


* * *


Дорогой Естай МЫРЗАХМЕТОВИЧ!


Еще раз с Новым годом! Я поздравляла Вас на Кокчетавский адрес и никак не ожидала, что Вы очутитесь в Алма-Ате. Вероятно, это лучше для Вас. От души желаю выздороветь, благополучно распроститься с болезнью, быть терпеливым во время лечения. Я не знаю подробностей о Вашей болезни и лечении, потому и не отваживаюсь на конкретные пожелания и советы, но во всех случаях хорошее настроение — главный помощник больного и врача.


А у меня своя «хворь» — думы о рукописи повести. Рукопись, надеюсь, в Алма-Ате, у Шоты Идрисовича. Он не подтвердил ее получения, но, надеюсь, что она прибыла (отправлена заказной бандеролью 21 декабря). Может, Шота Идрисович очень занят, а, может, — упаси аллах, — так разгневан первыми прочитанными строчками, что и подтвердить получения рукописи не желает! По моему, он искренний человек, доброжелательный, я ему доверила детище свое с чистым сердцем. Мне приходит в голову такое соображение: если вы будете в Алма-Ате в положении выздоравливающего довольно долго и если Вам захочется (и будет разрешено врачами) посмотреть мою рукопись, то нельзя ли ее каким-либо способом доставить от Шоты Идрисовича Вам? Конечно моя мысль дерзостная, даже нахальная, простите меня, — но мало ли как складываются обстоятельства?! Все мои дерзости порождаются сомнениями и тревогами о детище, об его «экзамене» перед вами и Шотой Идрисовичем.


Но не относитесь к этому «прожекту» с серьезностью, я, конечно, вышлю Вам другой экземпляр, когда Вы укажете, Вам домой, в Кокчетав. Боюсь, что Вы и не рады, что связались с такой надоедливой особой, как я, — но что делать? К кому же мне обратиться в Казахстане, как не к тем лицам, с которыми, волею судьбы, установилась у меня реальная связь?


И я думаю об Алма-Ате, как о Верном зимой 1857-58 года, когда Чокан был там, собирая сведения о делах в Кашгаре, и мучался тревогой и неизвестностью, как идет в Семипалатинске подготовка каравана. Но умолкаю, что бы не заполнять письма своими неотступными раздумьями. Как продвигаются переводы сказок Андерсена? У нас в Ленинграде к новому году установилась, наконец, зима со снегом, ветрами и небольшими метелями. Но уже показывается солнышко и по минутам удлиняется день, — и это заметно! У детей — сплошные елочные балы, светская жизнь! Едва успевают с елки на елку в различных Домах Культуры, в цирке, в домах пионеров.


Для нас, взрослых, уже будни 1969 года, со своими заботами и делами, — частью от прежнего года, а частью и новыми. Но все-таки с детских лет всегда теплится ощущение обновления жизни, ожидание светлого и счастливого, тем более, что и солнце потянуло к свету и впереди — весна!


Удается ли Вам сейчас читать? Или каждую возможную минуту Вы используете для работы? Мне кажется, что я глубоко понимаю Вас, эту потребность работы, и бесконечно уважаю это животворящее упрямство труда. Нет ничего лучше, как сознание, что поработал изо всех сил, сделал, что мог сейчас, и готов переделывать и усовершенствовать работу. Думаю, что в этом — залог жизни, сопротивляемость болезни и всякой дряни. Так вот и представляю Вас думающим, обдумывающим, а как только возможно, — с разрешения врачей и без разрешения, — с авторучкой в руках.


Успехов Вам в выздоровлении и в работе! Не знаю, сколько времени пойдет это письмо в Алма-Ату, может, Вы уже вернетесь к тому времени домой, в Кокчетав, — чему я только порадуюсь!


Всего Вам самого-самого лучшего!


С уважением Ольга Федоровна.


P. S.


Меня заботит точность документальных и общественных фактов, тут должно быть совпадение у всех авторов, пишущих о Чокане. Но, по меньшей мере, 60% мельчайших событий любой жизни не фиксируется в официально-документальной биографии, и тут просто для достоверного вымысла, лишь бы это не противоречило известным документам. Ч. Валиханов в докладной записке о поездке в Кашгар сообщал, что многие факты из жизни Кашгара он узнал от людей из разных слоев кашгарского общества. Тут и открывается простор для художественного вымысла. И если мы, — т.е. С. Муканов и я, сплетем разные узоры на этой «площадке», то никакого греха нет, могло быть и то и другой, читатели так это и поймут. Но если Чокан самолично живописал какое-либо лицо, тут уж мы обязаны посчитаться с неслучайной характеристикой, данной Чоканом. Что касается социально-исторической трактовкой Чокана Валиханова, то тут самое опасное впасть в волюнтаризм, подгонку под схему и упрощенчество.


Чокан не нуждается в прикрасах, он, действительно, звезда первой величины, вспыхнувшая на небосклоне казахского народа. Я не увлеклась бы этой темой, если бы считала, что Чокан принадлежит только прошлому? Он и по сей день и на долгие времена остается примером истиной научной страсти исследования жизни народов, примером активной переработки знаний, примером целеустремленности деяний.


Вы должны извинить эти мои «лирические отступления». С кем же мне и делиться мыслями о Чокане, как не с казахским литератором, кем и являетесь Вы. У нас, я убедилась, почти никто ничего не знает о Ч. Валиханове, разве что слышали его имя.


Кстати сказать, советские историки Киргизии, пишущие о присоединении первых племен киргизов к России в 1856-57 гг., весьма ценят Ч. Валиханова, ссылаются на его работы о киргизах. Казахские исследователи весьма путано пишут об участии Чокана в экспедиции Черняева, а киргизские историки приводят весьма любопытный факт: Чокан по своему настоянию отправился парламентером в крепость Аулие-Ата перед ее штурмом стремясь предотвратить ненужное кровопролитие. И хотя эта его попытка была безуспешна (ни Черняев, ни коканцы не склонны были к переговорам), но сам факт значителен для позиции Чокана.


Я рада, что вы «заболели» моей рукописью. У меня нет никаких других помыслов, как только достойно изобразить Чокана, который всей своей жизнью и деятельностью утвердил абсолютное равенство интеллекта всех народов в поступательном развитии человечества (это абсолютно актуально и в наше время, пока существуют на земном шаре пережитки расизма).


Пишите мне, пожалуйста. Желаю вам больших творческих успехов во всех ваших литературных делах!


С уважением Ольга Федоровна.


05.01.1969 г.


(Ольга Федоровна ХУЗЕ 1909-жылы,7-ақпанда, Петергофта туған. Ұлты — финн. Әдебиетші, аудармашы. Ленинградтың Балалар кітабы үйінде, баспада қызмет істеді. 1942-жылғы көкек айында қоршаудағы Ленинградтан Қорған қаласына көшіп барып, онда 9 жыл тұрды. 1943-жылы ашылған Қорған облыстық ғылыми кітапхананың директорлығына тағайындалды. Одан кейін Ленинградқа оралып, одақтық «Детская литература» баспасының қалалық бөлімшесінде редактор болды. Финн жазушыларының кітаптарын орыс тіліне, орыс жазушыларының шығармаларын финн тіліне аударумен белсене шұғылданды. Константин Федин, Василий Гроссман, Александр Крон, Павел Антокольскиймен, т. б. көрнекті қаламгерлермен хат алысып тұрды. Сірә, біздің Ес-ағамен байланысының нәтижесі шығар, 1981-жылы Алматыда Шоқанның ғалым-саяхатшылық өмірінен жазған хикаясы жеке кітап болып жарық көрді.


Осы жәйтке орай айта отырарым: Ес-ағаның мұрағатжайында өзінің алыс-жақын басқаларға жазған хаттарының көшірмелері жоқ. Меніңше, біріншіден, ол жылдары көшірме жасайтын аспап болмады және, екіншіден, Ес-аға өз хаттарының көшірмесін алып қалуға мән бермеді, — тым қарапайым пенделерде ондай «осалдық» кездеседі, — Ғ. Қ.)


* * *


«Жазушы» баспасы шығарып жүрген кітаптар маған өте ұнайды. Оқырманды, әсіресе жастарды отансүйгіштікке, адал еңбекке, тазалыққа тәрбиелейтін кітаптар бар. Мысалға «Он бес жыл өткен соңды» алсақ, оның авторы Естай Мырзахметов Арайлым мен Болатбектің шынайы махаббатын өте жақсы, адамға күшті әсер ететіндей суреттеген. Екеуінің соғыстағы жігер-қайраттары, елді адал сүйіп, жан аямай шайқасулары риза етеді. Естай ағайға алғысымды қалай жеткізерімді білмей отырмын, мың рахмет деймін! Осындай жақсы кітап көп шығарылса екен! Қатесі болса, кешіріңіздер. Жауап күтемін.


Үрзия МҰРАТОВА,


9-класс оқушысы.


Шымкент облысы,


Келес ауданы,


В. И. Ленин атындағы мектеп.


* * *


КЕРБЕЗ ШЫҢЫ КӨКШЕНІҢ


(Үзінді)


Сал Көкше жарқыл қаққан жасынысың,
Көтерді сені көкке асыл ісің.
Баян мен Бәйкен. Ертай ағалардай
Телегей шексіз шежіре ғасырысың.
Көрсеткен шабытты шақ асыл маусым,
Мақтауға, Естай-аға, татыр жансың.
Мекемтас, Қайымдардай білгір, ойшыл,
Бұйырған Көкшетауға ақылмансың.
Өмірің өжет батыр қиялындай,
Дербессің, әр шығармаң тың ағындай.
Кербезсің Оқжетпеске жүзің ұқсас,
Тазасың Сандыбайдың бұлағындай.
Дүниеге емессің жай келген қонақ,
Хикаяң мол тағдырың берген орап.
Алғысын айтар Біржан, Ақан сері,
Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ...
Ел сүйген еңбегіңді тағы да айтам,
Әйтпесе ақиқаттың бағы қайтар.
Өзіңсің ауыр кезде атың шығып,
Жебеген Кенесары, Абылай хан.
Жыр етсем таза ниет тілегіңді,
Сарыарқа сан сырыңды біле білді.
Сұм тағдыр суытса да, тоқтатпасын
Бір Алла, лаулап тұрған жүрегіңді!


Кәкімбек САЛЫҚОВ.


* * *


«Он бес жыл өткен соң» деген кітапты бас алмай оқып шықтым. Тамаша жазылған, көзіме жас үйіріле берді. Мұндай кітап кімді болсын бейтарап қалдырмас.


Менің ойымша, бір кемшілігі — кітап аяғында эпилог жоқтығы. Эпилог болып, Болат пен Болатбекті кездестіру керек еді. Мысалы, Болат жоғары оқу


орнын бітіріп, той жасаса, сол тойда: Арайлым, Болат, Болатбек, Нұрзия және Болатбек пен Нұрзияның ержеткен балалары қатар отырып, тіршілік, өмір, махаббат, адамгершілік туралы әңгімелескендерін көрсетсе ғой, сонда, бәлкім, келісті шығар ма еді. Ал кітап маған қатты әсер етті.


Бізде кітап жақсы шығып жатыр, бірақ кейбіреулерінде той-думан, көп сөз, қыз-әйелдердің жалаңаш бейнесін суреттеу кездесе береді. Махаббат болса, көп қиындыққа кездеседі. Өмірде үнемі солай бола бере ме?


Кітаптарда мектеп оқушыларының сүйіспеншілік махаббаты туралы өте аз жазылады. Жоғарғы кластарда бір-бірін сүйген, институтта бірге оқып, семья құрып, бақытты болып жүрген жастар аз ба? Жан ауыртатын қиындық көрмегендердің махаббатын мөлдір емес деуге бола ма?! Сәтін келтіріп, сол шындықты жазса, оның да тәрбиелік мәні болады деп ойлаймын.


Менің жасым 22-де. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеніме 2 ай болды. Сау-сәлемет болыңыздар! Еңбектеріңізде жаңа табыс тілеймін!


Тұрғали СҮЛЕЙМЕНОВ.


Талдықорған облысы,


Кербұлақ ауданы,


Жоламан п/б. Дала станциясы.


* * *


ЕСТАЙ!


Хатыңды алып, амандықтарыңды біліп, қуанып қалдым.


Жазушылар одағына мүше болуыңмен құттықтаймын! Қайырлы, құтты болсын! Сен енді жазушылар сапындасың!..


Сен Н. Островскийше қиыншылық бұғауын тас-талқан етіп үзіп тастауға тиіссің! Қоғамымызға, халқымызға керек Адамсың. Еткен еңбегің танылып, құрметтеліп жатыр. Енді саған ауруға, өлуге болмайды! Тұр да, қызу еңбекке араласып жүріп кет! Жеңетін күш-қуат сенде жеткілікті!


Сен «Медетіңді» әңгіме, повесть күйінде қалдырма, романға айналдыр, жүгі жетіп жатыр. Келешек үлкен творчество үшін саушылығыңды баптау, дұрыстау керек.


Жақында Сергеев аудандық «Новатор» гәзетінен мына бір хабарды оқып, қиындысын, міне, өзіңе жіберіп отырмын. Сенің кітаптарың ауыл-село кітапханаларында талқылана бастапты. Бұл — жақсылық! Бұл — құрмет! Ескерткішке жібердім гәзетті.


Жүйке ауруымен сырқаттанғанда дамылсыз еңбек ету жеңіл болмайды. Мен тәулігіне екі-үш сағат қана жазам. Немесе түк те жазбаймын. Басым ауырып бара жатса, алтын ойым болса да, кітапты тастап кете барам. Аңға кетем, жазда балық аулаймын, мотоциклмен зырлатып біраз жерге барам.


Зейнолла Шүкіровке біраздан бері хат жаза алмадым, енді байланысты қалпына келтіруім керек.


Сонымен, саушылық, бақыт тілеймін үй-ішіңе, жеке басыңа! Күлпәш пен балаларға дұғай-дұғай сәлем!


ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИ.


4. Ш. 1974.


* * *


Құрметті ЕСТАЙ!


Сіздің хатыңызды алдым. Тіршіліктің кәкір-шүкірімен жүріп жауапты сәл кешіктіріп алдым, ғафу еткейсіз!


Романыңыздың соңы кідіріңкіреп жатса, асықпаңыз, мұрсат берейік. 1975-жылдың жоспарына ұсынуды өз міндетіме алайын. Дей тұрғанмен, Әбекеңмен хабарласып қойсаңыз, көптік етпес еді. Үлкен билік, төрелік құрығы сол кісілерде ғой. Ал өз басым роман қолжазбасы қолға толық тиген күні жеделдету жағын қарастырармын.


Естай! Бізге керегі — сіздің құлантаза айығып, жарқырап арамызда жүргеніңіз! Денсаулығыңызға қиянат жасап, тым асықпаңыз. Кітабыңыздың алды-арты осы екен деп білмеймін. Әлі талай новелла, повесть, романдарыңыз дүниеге келер деген зор үміттемін.


Көңіліңіз алаң болмасын, қабағыңызға көлеңке ұяламасын. Шаңырағыңыздан шуақ кетпесін, Еске! Бұрынғының батагөй шалдарынша тым ділмәрсіп кетті демегейсіз. Адал көңілде сізге деген бөтендік жоқ.


Сәлеммен, ініңіз МАҒЗОМ.


23. Х1. 1973 ж.


(Мағзом Сүндетов — «Жазушы» баспасы проза бөлімінің меңгерушісі. Әбекең — баспаның директоры Әбілмәжін Жұмабаев, - Ғ. Қ.)


* * *


ЕС-АҒА!


Көкшетаудан кейінгі сапарым: Шәуілдір, Қарқаралы, Егіндібұлақ боп, көп жол жүріп қайтып, хат жазуға енді ғана мұршам келді.


Балуан Шолақ, Шөже, Біржан хақында көп мағлұмат бердіңіз және ол дүниелерді өздеріңізден кейін астаналық баспасөз бетіне шығарғаныңыз өте дұрыс! Білсін ел. Осы тірлігіңізге қуаныштымын. Тек қуатты... өте қуатты болуыңызды тілеймін!


Сәлеміңізден білгенім:


1. Радиодағы Кәкімбек Наржановпен сөйлестім. Балуанды олар мен жазды не жазады деп жүр екен, өздерінше топшылап. Мен оларға: Ес-ағадан артық білмеймін, Ес-ағаның пьесасын кіргізіңіздер деп, бір сағатқа — 1989-жылға — пьесаңызды кіргіздірдім. Адресіңізді бердім, хат жазуға тиіс.


2. Мұхтар Шаханов материалыңыздың келген-келмегенін білмей отыр. Мен оның орынбасары Құлкенов Мерекеге қадалып, іздеттіріп жатырмын.


3. Мұхтар Мағауинге бейсенбі күні барып едім, секретариат мәжілісінде екен, ондағы материалдарыңызды біле алмадым, бөлімдегі жігіттер демалысқа шығып кетіпті, оқасы жоқ, тағы барып білем ғой.


Ес-аға, «Ахау, арман-ай» мен «Айбозымның» сіз жолдаған нұсқасы қандай келісті!..


Енді көктемге дейін үйдемін. Хабарласамын.


Сәлеммен, — ИЛЬЯ.


Телефоныңыз баяғы ма? Қалайда ала алмай қойдым.


(Ілия Жақанов — сазгер. Мұхтар Шаханов — «Жалын» альманағының, Мұхтар Мағауин — «Жұлдыз» жорналының Бас редакторлары, - Ғ. Қ.)


* * *


Кітап маған ұнады. Мені таңқалдырған — Арайлымның тағдыры. Он бес жыл бойы Болатбекті өлдіге қимай, оған арнаған адал махаббатын берік ұстап, өзінің жас өміріне қиянат жасап, шыдамдылықпен күтуі кімді болсын таңқалдырмай қоймас еді.


Ал Болатбек ше? Ол басқаға үйленсе де, Арайлымды құрметтеуі бөлек. Оған жүрек түкпірінен орын қалдырды. Арайлымдай әйелді ұмыту мүмкін емес, егер ұмыта қалса, ол Болатбектің өзіне өзі жасаған қиянат болады деп білем.


Әйтседе, мен Арайлымды Болатбектен жоғары қояр едім. Махаббатын мөлдір күйінде сақтау Арайлым сияқты әйелдердің ғана қолынан келеді.


Арайлымның Болатбектен кейінгі тілегі Болаты болды.


Мысалы, Арайлымның бойындағы қасиетті Нұрзияның бойынан іздеуге болар ма еді? Болар еді, бірақ табылмайтын еді. Екеуінің арасы жер мен көктей. Нұрзия өсекке еріп, Болатбекті дұшпан алдында жерге қаратып кетті. Егер мен Болатбектің орнында болсам, Нұрзияның қылығын кешірмес едім.


Болаттың тағдыры да әркімді толғандырады дей аламын. Әкесіз өскен, әкенің «айналайынын» естуге зар болған бала арманына жеткендей еді, бірақ қуанышының ұзаққа созылмағаны мені қатты қынжылтты. Қайдағы бір қаңқу сөздердің әке мен баланы ажыратып тынғаны өкінішті-ақ! Сондайды істеген Теміржан мен Сүлікбайға әбден жыным келді.


Менің ойымша, Болатбек пен Болат түбі табысатын сияқты болып тұрады. Олар кейін кездесті ме екен? Осы бір ғана сұрағыма «Он бес жыл өткен соң» повесінің авторы Естай ағай Мырзахметов жауап берсе екен!


Тілек білдіруші — 10-класс оқушысы Керім КӨПБАЕВА.


1. 11. 73 жыл.


Жамбыл облысы,


Луговой ауданы, «Восток» колхозы.


* * *


ӨМІРДІҢ ӨЗІН ТАҢДАНТЫП


ЕС-АҒА!


Құйрық-жалын өрт шалған, Тірлікті тербеп күйменен,
Көкірегін дерт шалған. Отына кімдер күймеген.
Тылсым-тірлік-тұңғиық Олар да бірақ дәп сендей
Келер күнді бетке алған Өмірді мына сүймеген.
Тұлпар жүйткіп барады.
Бар шығар жандар, торлаған
Төрт тұяғы кетілген Тұманнан шықпай сорлаған.
Шапса, қайта жетілген. Олар да бірақ дәп сендей
Өксік өмір-өкініш, Өмірге ғашық болмаған.
Шар болаттай бекінген
Тұлпар жүйткіп барады. Марқайтып жанын нұр деген,
Адамдар аз ба гүлдеген.
Топшысы темір майыскан, Олар да бәлкім дәп сендей
Қайғыдан белі қайысқан, Өмірді аңсай білмеген.
Жеңіп шыққан, жеңілмей,
Өлім-өмір сайыстан Ауладан аттап шықпаған,
Сұңқар самғап барады. Қайғырып көзін сықпаған
Жандар да бар ғой өмірде,
Құйрығы тұтам қалғандай, Тірліктің сырын ұқпаған.
Қиығын жалын шалғандай,
Шарасын шайқап жалғанның, Олардың жайы бір бөлек,
Шағылып күнге ай маңдай, Сен жайлы сезім тым ерек.
Сұңқар сымғап барады. Арманшыл асыл жаныңды
Медеткер жандар жүр демеп.
Шағала-ғұмыр шарлаған,
Тұғырын алдан барлаған, Жәудіркөз жайсаң өмірдің
Дарақтай дара бір тұлға, Жасы боп талай төгілдің.
Сабытын көпке салмаған. Өлімге қимай өмірді
Қазына-қойма сарқылмас, Көбеңнен талай сөгілдің.
Ізденістерден талмаған.
Тарлан-табан тарихтың, Қайысып жаның дір еткен,
Желісін үзбей жалғаған Шақтарың мәлім жүдеткен.
Келесің бірақ қатарда
Мына отырған Сіз барда, Өмірді сүйген жүрекпен.
Мына тұрған Біз барда,
Дарытпас жанын сыздарға, Өмірмен тауып үйлесім,
Бой алдырмас ызғарға. Сол жүрек алға сүйресін.
Тамыры тартқан тереңге
Өрлігімен өмірдің Емендей бекем күйдесің.
Өзін де мына таң қылып,
Естай-ғұмыр керуені Сырласып қала, далаңмен,
Кідірмейді мәңгілік! Сырласып шексіз ғаламмен,
Жантайып қалмай, Жақсы аға,
Жаза бер жүрдек қаламмен!


Төлеген ҚАЖЫБАЕВ.


* * *


Құрметті жазушы Естай МЫРЗАХМЕТОВ ағай!


Сіздің «Медет» романыңызды оқып, көп ойға қалдым.Адамдардың бауырмалдығы, әсіресе, Айнұрдың махаббатқа адалдығы ойлантпай қоймады. Әрине, сіз бұл романды ойдан шығармаған боларсыз. Ендеше: Медет, Айнұр, Дәриға, Құлжабайдың кім екендерін білмеуім Көкшетау облысында тұратын өзіме ұят сияқты. Махаббатын қадірлей, ардақтай білген Айнұр апайдың кім екенін білгім келеді. Ал махаббаты саудаға салушы Құлжабай үшін ұялып жүрмін, ондай тоғышардың біздің облыстан шыққаны намысымды келтірді.


Ағай, сізге осы романыңыз үшін көп алғыс айтып, зор денсаулық, семья бақытын тілеймін!


Оқырманыңыз — Бақыт ДҮЙСЕНБАЕВА.


Адресім:


Көкшетау облысы, Володар ауданы,


«Қазақстан» совхозы, Восточное селосы.


18. 07. 1976 ж.


* * *


Естай Мырзахметовтің «Он бес жыл өткен соң» повесі маған ұнады, өте тартымды жазылған. Жастарды адалдыққа, ерлікке баулиды. Бірақ повесть аяқсыз. Нұрзия жеңгейдің ары қарай өмірі не болды үш баламен? Болатбектің қызметі орынша қала ма, Теміржан сияқты құркөкірек бастықтар оған қақпан құрған еді ғой, ол не болды? Василий Гаврилович Золотухин екеуінің шиеленісі дұрыс шешілді ме? Міне, осы жағдайлар оқушыны бір түбекке әкеп тірейді. Осының ақырын білгім келеді.


Сәлеммен, оқушы Нұрбай АТАМБАЕВ.


Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы,


«Аиса» разьезінің тұрғыны.


* * *


Жазушылар одағына және автор Естай МЫРЗАХМЕТОВКЕ.


Біз оқыған «Он бес жыл өткен соң» кітап сөзі өте ұнамды, тартымды, бұл үшін сіздерге, яғни Жазушылар одағына көп-көп рахметімізді айтамыз!


Енді сол кітап бойынша түсінік беруді сұраймыз:


Біріншіден, бұның өзі болған оқиға ма? Әттең, аяқталмай қалған. Жалғасы бар ма? Болса, соңы қалай аяқталар екен?


Екіншіден, Болатбек бұрынғы әйелі Арайлыммен, баласы Болатпен кездесе ме? Соңғы әйелі Нұрзиямен, одан көрген балаларымен қайтадан семьялық тұрмыс құра ма?


Үшіншіден, сауда мекемесінің бастығы Қаражанов Теміржанның, оның сыбайласы Айтбаев Сүлікбайдың істеген әрекет-қылықтарын обком қалай шешті екен?


Түсінік беру-бермеу жағын өздеріңіз білесіздер. Ал мазалағанымыз үшін кешірім сұраймыз.


Біздің адресіміз: Орал облысы, Жымпиты ауданы, Жетікөл совхозы. ХИСМЕТОВТЕР. 6. 03. 1974 ж.


* * *


Құрметті ЕСТАЙ-АҒА, сіздің кітабыңыздағы Болатбек пен Арайлым сияқты жұрттың бәрі адал болса екен деп ойлаймыз. Екеуінің соғыс кезіндегі ерліктері бізді қызықтырады және толғандырады. Біз де солардай ержүрек, абзал жан болсақ деген ниеттеміз.


Бұл кітапты оқып болған соң бізге мынадай ой келді: соғыс талайды жылатты, қажытты, біз соғыста болмасақ та оны білеміз, сіздің кітабыңыз да көп нәрсені көзімізге елестетті. Болатбек пен Арайлымды ажыратқан — сол сұмдық соғыс. Біз Болатбекті өте-мөте аяп кеттік. Махаббатқа адал Арайлым тыныш отбасын бұзбауды ойлап көшіп кетті, сіз оның одан арғы өмірін жазбағансыз, біз соныңызғы ренжідік. Болат өз әкесі болуын армандады, ал сіз сол адал жанды арманына неге жеткізбедіңіз? Болатбекті үйінде жалғыз қалдырып қойғаныңыз қалай? Арайлымға: «Болатбек, ұлыңмен табысасыңдыр» деп хат жазғысасыз да, табыстырмайсыз. Осы жөнінде бізге жауап беруіңізді өтінеміз.


Сәлеммен, құлын-тайдай тебісіп қатар өскен екі дос Халида мен Тұмар. Біздің адресіміз: Шымкен облысы, Ленин ауданы, Коммунизм совхозы, Абай бөлімшесі, Айнатас учаскесі. АҒАБЕКОВ Т. Х.


Құрметті Естай аға, сіз біздің бұл хабарымызға күлерсіз, ал біздің ойымыз осы. Сіз неше жастасыз?


* * *


БҰЛАҚ БОП СІЗДЕН БАС АЛАМ!


Естай аға, Ес-ағам! Естай аға, Ес-ағам!
Жақсыға көңілі хош адам, Сұлулыққа мас адам.
Шашқан нұрын жүректің Сезіміңнен нәр алып,
Ұрпаққа мәңгі жас адам. Сырлы әуенге баса алам.
Естай аға, Ес-ағам! Естай аға, Ес-ағам!
Сөзімен мүсін жасаған. Бұлақ боп сізден бас алам.
Сабырлы, сырлы наз айтқан Қуат берсін ағама
Тас атқанға тасадан. Жаратқан алла, Жасаған!


Иран сал ТАСҚАРАҰЛЫ.


* * *


Саламатсыз ба, ЕСТАЙ-АҒА?


Менің хатыма жазған жауабыңызды алып, ерекше қуандым. Сіздің кітабыңыз бойынша оқушылар конференциясын өткіземіз дегенім іске аспай, ұялып жүр едім, енді бәрібір жауап қайтаруым керек қой. Конференция жақында өтеді, оған дейін біз жан-жақты пікірлесіп, оны «Лениншіл жас» гәзетіне жазып жіберген едік, әлі жауап жоқ.


Аға, сіз жаңадан кітап жазып жүргеніңізді айтыпсыз, ол да мына «Медет» сияқты қызықты болып шығуын, сіздің оқырмандарыңыздың аса қадірлі жазушысы болуыңызды тілейміз!


Қарындасыңыз Кенжеш БОЛАТБЕКОВА.


Жезқазған облысы,


1-Жәйрем поселкесі,


Восточная көшесі, 22.


* * *


Уважаемые работники типографии! Я прочитал книгу вашего издательства «Он бес жыл өткен соң». Это моя первая книга, которую я прочитал на казахском языке. Книга очень интересная! В ней жизнь показана во всей ее многообразной форме, показаны люди разного характера. В ходе чтения книги, читатель сам, как бы становится участником проходивших событий, вместе с героем делит его радость и горе, беспокоишься за его судьбу, за судьбу других участников событий.


Но вот у меня есть вопрос: есть ли продолжение этой книги? Что стало с Болатбеком, Арайлым, Болатом, Нурзия? Живы ли они? Ведь прошло немного, лишь 16 лет?


Прошу вас ответить на эти вопросы конкретно, а если сможете, то более подробно!


С просьбой, ЖУНУСОВ Болат Нурканович.


Мой адрес: Павлодарская область,


Железинский район, с/з «В — Роща»,


с. Жана бирлик. 21. 03. 74 г.


* * *


Дорогая редакция «Жазушы баспасы»!


Коллектив районной больницы г. Каркаралинска, прочитав повесть Е. Мурзахметова «Он бес жыл өткен соң», просим передать искренную благодарность автору!


Также коллектив райбольницы просим сообщить адрес, где проживают в данное время Арайлым с Болатом, Болатбек с Нурзией?


КОЛЛЕКТИВ БОЛЬНИЦЫ.


18. 04. 1974 г.


Қарагандинская область,


Г. Каркаралинск, ул. М. Ауэзова, 33.


Охаповой К.


* * *


Мен Ыбырай Алтынсарин атындағы сегізжылдық мектептің 8-нші класында оқимын. Сіздерден сұрайтыным: Естай Мырзахметовтің «Он бес жыл өткен соң» кітабындағы Болаттың қайда, не істейтінін жазып жіберсеңіздер екен. Маған ол оқушылар конференциясын өткізуіме өте керек. Сол кейіпкерді білгім келеді.


Маузипа МҰХАМАДИЕВА.


18. 03. 74 ж.


Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы,


Ақжар совхозы, №3 Шорға фермасы.


* * *


ЖАҚСЫНЫҢ ІЗІ


Жарқырайды бір жұлдыз төбемдегі,
Жақындайды бір жарық белеңдегі.
Сіздің мейір, Сіздің құт, Сіздің ар ма, —
Бір дауысқа құлағым елеңдеді.
О, Ес-аға, асықтым сіз бе екен деп,
Жүрегімде қалғансыз шын мекендеп.
Бұрынғы ізет бұрынғы, тағы сыйлап,
Парызым да бар еді бір өтелмек!..
Көкшесіне көз болған қайран аға,
Қарасақ қой, тап Сізше айналаға!
Маңдайларға жазылса, ол да — бақыт,
Абыройын Алаштың ойлау гана!..
Тойы өтсін деп Абылай, хан Кененің,
Қатпарларын қаздыңыз сан көненің.
Бұл өлкеде Сіздей ұл тумас әзір,
Десе біреу, сенемін, мен сенемін!..


Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.


* * *


Маған биыл оқыған кітаптарымнан ең ұнағаны Естай Мырзахметовтің «Он бес жыл өткен соң» повесті және Өтебай Қанахиннің «Жүрек қалауы» кітабы болды. Бірақ кітаптардың көбіндегі оқиғалар, кейіпкерлерінің өмірлері аяқталмай қалып жататын сияқтанады. Әлде солай болуы керек пе? Мысалы, повестегі Арайлым «шынында қыздар нәзік болғанмен, өмірдің қиыншылығына өте төзімді келеді» дегеннің дәлелі сияқты. Ол неткен асыл адам! Бүгінде қайда екен? Баласы Болаттың қызығын көріп отыр ма, әлде қайғыдан... Айтуға аузым бармайды.


Бұл хатты жаза алмайтын сияқты болып едім, бірақ кітаптың әсері: «Жазып жібер!» дегендей болды.


Х. ЕДІЛБАЙ.


702008


Өзбек ССР,


Ташкент облысы, Калинин ауданы,


Ахунбабаев атындағы совхоз,


В. И. Ленин атындағы №61 мектеп.


* * *


ЕС-АҒА, хал-ахуалыңыз қалай? Үй-ішіңізге дұғай сәлем!


Мәскеудегі Үлкен литфондпен хабарласып, қаулы-қарарларын алып танысып едім, Сіздей сырқаттарға «жұмысқа уақытша жарамсыздығы туралы» дәрігерлік қағаз (бюллетень) бойынша жәрдемақыны үздіксіз төлеу туралы бап бар екен, демек, Сіз бұдан былай бізге бюллетеніңізді жыл бойы жіберіп тұрыңыз, қысылмаңыз, намыстанбаңыз. Сізді есепке алған, емдеп жүрген ауруханаға әлгі баптың көшірмесін қоса түсінік хат жаздым, енді олар да «қалай болар екен?» деп жалтақтамайды, бюллетеньді ай сайын беріп тұрады. Ал оның бір күніне неше сом төлеу Сіздің соңғы үш жылдағы қаламақыңыздың мөлшеріне қарай болады екен. «Жазушы», «Жалын» баспаларынан анықтама алдырып, солар көрсеткен қаламақы сомаларын қосып едік, Сізге бюллетеніңіздің бір күніне 10 сом 50 тиыннан айналады екен, қуанып қалдым. Алдағы жылда кітабыңыз шығып, қаламақыңызға қосымша бола қалса, біз де қосатын боламыз.


Әзірше осы.


Өзіңіз қымызбен емделуді үзбеңіз. Менен әлдеқайда жақсы білесіз ғой оны.


Жаңадан не жаза алып жүрсіз? Гәзет-журналға лайықты ықшам әңгіме, новелла болса, маған жолдаңыз, апарып тапсыруға, шығуын қадағалауға уақыт табамын.


Есен-саушылық тілеуші — Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.


20. 08. 1975 жыл.


(«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында Сын бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов бір күні шақырып алды да, екінші хатшы Ілияс Есенберлин екеуі мені КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры болуға көндірді. Содан соң жаңа жұмыстың анау-мынаусымен таныса бастап, өкпе, жүрек сырқатына шалдыққандардың бюллетеньдері бойынша жәрдемақы төлеу тәртібі бұзылғанына көз жеткіздім. Бұрынғы директордың «өзім білемдігін» түзеттім. Ес-ағаға жазған мына хатым сол туралы еді, — Ғаббас. 2010-жыл.)


* * *


«Медет» романының авторы!


Сіздей азамат, адал туған қарапайым қазақ ұлынан, Қазақстанның туын алға ұстаған ерден айналдым! Медетіңіз көңілге зор толғаныс, айқын болашаққа рухани бетбұрыс әкелді!


БАМ жеріндегі солдаттардың атынан —


Қанат ЖАППАРҚҰЛОВ.


22. Х. 76 ж.


* * *


Құрметті жолдас ИМАНБЕКОВ!


Мен осы хатымды Совет Армиясы қатарында әскери міндетімді атқарып жүрген Ивано-Франковск қаласынан жазып отырмын. Атым — Бауыржан, фамилиям — Төремұратов. Әскери міндетімді абыроймен атқарып жүрмін. Жақында, август айында, қысқа мерзімді отпускіге, ҚазССР, Орал облысында тұратын үйіме барып келдім. Сонда үйден сіздің редакцияңызда 22. 04. 1976 ж. басып шығарылған, Естай Мырзахметовтің «Медет» атты романын алып келіп, оқып едім, ол роман маған өте ұнады, тіпті қайта-қайта оқи бергім келеді. Енді осы роман жайлы өз пікірімді жазушы Естай Мырзахметов ағайға айтып жазғым келеді. Сізден өтінетінім: егер сізде сол ағайдың адресі болса, жазып жіберсеңіз, көп-көп рахмет айтар едім. Службам келесі жылы май айында аяқталады, сонда мүмкін сізбен кездесіп қалармыз. Хош-сау болыңыз!


Асыға хат күтуші Бауыржан деп біліңіз.


18. 09. 76 ж.


УССР, г. Ивано-Франковск — 13.


В/ч 73807 «А». Туремуратову Б. Ж.


(Иманбеков Тұтқабай «Жазушы» баспасының проза бөлімінде редактор болып істеді. Ол мына хат парағының төменгі жағына «Бұл жігітке сіздің адресіңізді салып жібердім» деп ескертпе жазып, хатты кітап авторына жолдапты. Арада ай өткенде Бауыржан Ес-ағаға хат жазып, сырттай танысқанына қуанышты екенін айтып, сірә, Тұтқабайдың хатынан білген болар, хатының соңында Ес-ағаға: «Сіздің денсаулығыңыздың түзеліп кетуіне және тағыда көптеген роман, повесть жазуыңызға тілектестік білдіремін!» депті, — Ғ. Қ.)


* * *


«Он бес жыл өткен соң» менің ерекше сүйіп оқыған кітабым болды. Мұны оқыған адамдар пікірлерін жолдап жүрген шығар, мен де өз ойымды айтайын: бұл повесті қайсы ауылдан, қалай жазған? Естай Мырзахметов ағайдың бұл кітапты жазуына кім себепші болды? Бұл оқиғаны ел аузынан жазды ма, әлде өзінің көргені ме?..


Меніңше, Болатбектің бір жыл болса да Арайлымды іздегені дұрыс болатын еді. Арайлым ақылсыз, долы болғанда теміржандар арыз жаз дегенде жазар еді. Ол өзінің бірінші махаббатын ешкімге, ештеңеге қимады. Нұрзия болса, ол өсектің жемі болып кетті.


Естай аға, сізге көп рахмет айта отыра, кейіпкерлеріңіздің алдағы өмір-тағдырлары қалай болатынын білгім келеді.


Хат жолдаушы — Н. ЖҰМАНОВА.


Алматы облысы,


Шелек ауданы, Ащысай совхозы.


* * *


АРНАУ


Көкшетаудың тұнығынан нәр алған,
Тамыр — арман тарам-тарам таралған
Өмір атты тағдыр — күрес майданда
Жан екенсіз күресуге жаралған.
Жырладыңыз көлдері мен жартасын,
Аттың басын тек шындыққа тартқасын.
Сіз жаздыңыз өзге білмес тарих пен
Көкшетаудың шежірелік картасын.
Үлкенге де, кішіге де дос адам.
Өтірікке, жалғандыққа қас адам.
Өзгерсе де өмір, қоғам,өзгелер,
Өзгермейтін қайсар мінез Ес-ағаң!


Баят ЖАНАТҰЛЫ.


* * *


Е. Мырзахметовтің Болатбек пен Арайлым жайындағы кітабын қатты тебіреніп оқыдық. Ерекше ұнады. Негізгі кейіпкерлерінің тағдыры аянышты.


Кітап сүйіспеншілік махаббат туралы ғана емес, ол отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, жалпы адамгершілікке баулиды, тәрбиелейді. Бұл кітаптың жалғасын күтеміз. Арайлым мен Болатбек қосылса екен дейміз!


Гүлзира МЕДЕТОВА,


Нұрсұлу МАМАДИЯРОВА.


Өзбекстан, Бұхара облысы,


Кенимех ауданы, Калинин совхозы,


М. Горький атындағы мектеп, 8-класс.


* * *


Құрметті редакция, соңғы кезде ұнатып оқыған бір кітабым Естай Мырзахметовтің «Он бес жыл өткен соң» деген повесті болды. Жастарды адалдыққа, шынайы сүйіспеншілікке үндейді. Ал кейіпкерлеріне қатысты көп сұрақ қойылып жатқан шығар, мен де Болатбек пен Арайлымның қайтадан қосылуын тілеймін. Болат әкесімен бірге болуы керек. Осы повестей жақсы кітап көп болса екен!


Сайын САТАЕВ.


Түрікмен ССР,


Красновод ауданы,


Жанға поселкесі.


* * *


...Кітапты сүйініп отырып та, күйініп те оқып шықтым. Сөз-сөйлемінің қарапайым, түсінікті, оқуға, ұғуға жеңіл екені риза етсе, кейіпкерлерінің өмірлері толқытып, енді қалай боларын күттіріп, алға қарай жетелейтіні өте үйлесімді. Ал күйінгенім: Болаттың тағдыры менің тағдырыма ұқсас болып шықты да, енді соны сіздерге айтып бергім келді. Болаттың пәлен жыл бойы әкесін кездестіруді ойлап, солай боларына сеніп жүргені қандай тамаша!


Бұл өмірде әкесінен тірі айрылған бала аз емес, ал баласынан тірі айрылған әке-шеше де жеткілікті шығар. Әке-шешесін силамай, тіпті тастап кетіп қалған безбүйрек жігіттер де, қыздар да бар. Ондай оқиғалардың қалай, неліктен болатынын кім білсін. Мен де біле алмай жүрмін.


Болатпен тағдырласпын дегенім: мен де біреудің тұңғышымын және, егер Болат 15 жасында болсын әкесін кездестірген болса, мен 24 жастамын, әкемді әлі көрген жоқпын. Ол кісінің аты — Нұғыметолла. Осы облыста, Махамбет ауданындағы Махамбет ауылында тұрады. Оны бұдан үш жыл бұрын бір ақжаулықтан естіп, нағашы шешемнен сұрап білдім. «Нағашы шешем» деп отырғаным менің туған шешемнің апайы Нағима деген кісі. Мен осы кісінің бауырында өсіп, тәрбиесінде болдым, себебі менің туған анам да бөлек тұрады, неге екенін жария етпей-ақ қояйын.


Әкем менің бар екенімді біле ме, білмей ме, ол маған қараң. Ал мен оны білем ғой, мойныма борыш, қарыз болмас үшін оны іздеп көремін. Ол әрекетім қуанышпен аяқталса, әрине, сіздерге жеткіземін.


Мені осындай байламға келтірген «Он бес жыл өткен соң» повесі, оның кейіпкері Болат және ең алдымен жазушы Естай Мырзахметов. Естай ағайға бақыт, сарқылмас арман, жемісті еңбек, айнымас творчество, денсаулық тілеймін!


Біз бір үйде 4 жан тұрамыз: әкем Сапар, шешем Нағима, ағам Қалыбек және мен. Өзім 5 жылдан бері педагогтік қызметтемін.


Отбасымыздың тұрмысы жақсы, ризамын.


Естай аға, жаңадан құнды шығармалар жаза беруіңізге тілектес қарындасыңыз Сайлаш САПАРҚЫЗЫ деп біліңіз.


25. 01. 74 ж.


Гурьев облысы, Балықшы ауданы,


Дамба селосы, №7 орта мектеп.


* * *


Қадірлі ЕСКЕ!


50-ге толған торқалы тойыңызбен құттықтаймын! Денсаулығыңыз мықты, еңбегіңіз жемісті, шатты өміріңіздің ұзақ болуын тілейтін оқырмандарыңыздың бірімін.


Ишанбай ҚАРАҚҰЛОВ.


14. 01. 1977 жыл.


(И. Қарақұлов — КСРО Медицина ғылымдары академиясының және Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Қазақ КСР және Қарақалпақ АКСР-на еңбегі сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ғылыми-әдеби кітаптардың авторы, — Ғ. Қ.)


* * *


ЕСТАЙ! 50 жасқа толғаныңды гәзеттерден оқып білдім. Сені әлі жап-жас жігіт деп жүрсем, жарайды, науқастың енесін ұрып, езуін тіліп, енді бір 50 жаса!


«Жұлдызға» деген анау бір мақалаңды сондағы Жарасқан Әбдірәшевке беріп едім, әне-мінелеп созып жүріп алған соң Бас редактор Бекежан Тілегеновке айттым. Ол: «Кезінде неге айтпадыңыз? Шығып кететін еді, қап! Келесі нөмірге саламын. Ес-аға кешікті деп ренжімесінші, сәлем айтыңыз!» деді. Сөз саптауына қарағанда, сенің шығармашылығыңды жақсы білетін тәрізді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген ғой, алаңдамай жаза бер.


Мен Иманжүсіп атаңды жазуға кірістім. Қосымша ізденуім, көп нәрсені анықтауым керек. Тиянақтап бітірген соң қандай сүйретпеге түсерін кім білсін, осы күнде солай ғой.


Аман-сау болыңдар!


АҚЫШЕВ Зейтін деген қазақ шал деп біл.


5.2. 77.


* * *


Дорогой Естай МЫРЗАХМЕТОВИЧ!


Обращаюсь к Вам с большой просьбой.


Подошлите мне, пожалуйста, в редакцию две-три книги своих — можно и на казахском языке — с добрыми пожеланиями нашему подшефному Нуреку («Интернациональной баруздинской библиотеке «ДН» в героическом Нуреке от…» и т.д.).


Хорошо?


О нашей уникальной коллекции книг с автографами в Нуреке вы, видимо, наслышаны? О ней много пишут и говорят. Сейчас она насчитывает уже 10 тысяч томов и, по мнению специалистов, не имеет себе равных в мире. Свои книги нурекчанам подарили Л. И. Брежнев, другие члены Политбюро ЦК, включая Д. А. Кунаева.


Очень бы мне хотелось видеть в этой библиотеке и Ваши книги.


Буду ждать!


Заранее благодарен Вам!


О Вашем даре мы непременно сообщим на страницах «ДН».


Пользуясь приятным случаем, чтобы от души поздравить Вас с Новым, 1980 годом и пожелать Вам счастья!


Искренне Ваш Сергей БАРУЗДИН,


главный редактор журнала «Дружба народов».


121827 Москва, ГСП-2,


ул. Воровского, 52.


7 января 1980 г.


(«Нурекчанам» дегені — жиналған кітаптарды Нүрек су-электр стансасын салып жатқандарға жіберетіндерін айтқаны, — Ғ. Қ.)


* * *


ЕСТАЙҒА.


Бірімізге біріміз беймәлім екенбіз, енді сырттай болса да танысалық. Мен сенің «Атанған жеті жаста Шөже ақын», «Ағайындар-ау, қисынға қарайық та!» деген мақалаларыңды оқып, содан кейін өзіңді білетін Бекет Түбековтен адресіңді алып, осы хатты жазып отырмын. Жасымыз қатар сияқты, яғни «сен» дегеніме таңданба.


Мен де өзіміздің осы маңдағы қырғыз ата-бабаларымыздың тарихына көңіл бөліп, сұрастырып жүремін. Жекебатырдың немересі Мұхамбетрахым екеуіміз туыспыз. Жекебатырдың екінші ағасы Бәйті деген кісінің немересі боламын. Сенің аталарымыз туралы мол хикая жазу талабың бар екенін естідім, қадамың сәтті болсын!


Бабаларымыз жайында шежіре дерліктей аздап жиғаным бар еді, содан жазып жіберсем, қалай көресің? Анау «үш әріпті» үйдегілерге алаңдаймын да.


Хош-сау бол!


Өзіңнен хабар болмайынша енді үндемеймін.


Сейіт КЕКЕНОВ.


27. 02. 1993.


Торғай облысы,


Қима ауданы, Терісаққан совхозы.


* * *


Құрметті ЕСТАЙ-АҒА! Сіздің хатыңызды алып, қуанғаннан ауруымды ұмытып, қолыма қалам алып, міне, сізге жауап жазып отырмын.


Мына айбақ-сайбақ жазуымнан бірден байқаған шығарсыз, саусақ шіркіндерім өзіме бағына бермейді. Екі жыл бойы төсек тартып жаттым ғой. Әйтеуір, біраздан бері балдақпен жүруге жарадым. Негізгі себепші өзіңізсіз, Ес-аға! Өмірге құштарлықты, ауыртпалықтан қайыспауды, қиындыққа қарсы тұруды сізден үйрендім, сіздің кітаптарыңыздан, хаттарыңыздан жігер-қуат алдым.


Сіздің тапсырмаңызды орындадым. Педучилищедегі Қамбарды үйге шақырып алып, сіздің сәлем хатыңызды оқыттым. Ол адресіңізді, телефоныңызды жазып алды. Түсінігі мол жігіт қой, ендігі хабар өзінен болар.


Сәлеммен, бауырыңыз Түбектегі Бекет АХМЕТҰЛЫ.


14-қазан, 2002 ж.


Жезқазған қаласы,


В. Маяковский көшесі, 86.


* * *


ЕСТАЙ!


Сен хатты артық салып қойдым деп ұрсқан соң намысыма тырысып, осыны жазып отырмын. Саған хат жазу оп-оңай жұмыс емес. Қысқа қайыра алмайсың. Бәрін айтуға уақыт керек.


Сен пьеса жазғаныма сүйсініпсің, ал мен — киносценарий жазып тапсырған жігітпін. Тәуекелдің кемесіне отырып, тарттым да кеттім. Не шығарын көрермін. «Жазушы» мен «Жалынның» көмейіне екі жинақ тығып қойдым. «Өнер» деген баспа ашылыпты, оған пьесалар жинағымды сырғытпақпын. Ал енді маған жұмыс істемейсің деп кім ұрса алады?


Бірақ мықтылық айтуға хал жоқ. Арық қой сияқты тоңғақпын. Ізім қора мен үйдің арасында ғана. Алайда құрт-құмырсқа тіріле мен де тіріліп, әрекет ете бастаймын. Тықырлатып жаза беру керек. Ұмтылмасаң, іс бола ма? Қол жеткеннің бәрі ұмтылуымыздың арқасы емес пе?!


Өзің қашан жалғанды жалпағынан басып кетесің, тездет! Сен сияқты дәті мықты адамға болмашыға бола жата беру ұят. Көктем келе жатыр. Үйрек атуға шығайық. Бізде көлік бар. Қорғалжынның қорығына дейін шулатайық бір!


Хабарласып тұралық. Есептесіп хат жазуды қой. Келіншегім сәлем айтып отыр.


Сені пайғамбардай көруші ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИ.


6-февраль 1980.


* * *


Ассалаумағалейкүм, ЕС-АҒА!


...Хат жазуға жалқау болып барамын. Әйтсе де, бірер жаңалықты айтуым керек. Үлкен литфондыдан ақша алып, Жамбыл көшесінде сала бастаған 40 пәтерлік тұрғын үйді бітіріп, кіріп алдық. Өзім де пәтер алдым. Құрылысшыларға екі жыл жем еткен жүйкемнің есесі ғой. Адресім: Жамбыл көшесі, №165 үй, 36-пәтер.


Екінші. Менде «Медетіңіздің» төрт данасы бар еді. Өскеменнен келген екі туысым: жездем, жиенім кезекпен оқып, қатты мақтады, «оқиғасы тартып отырады, тілі қандай ұнамды!» десіп. Екеуіне Сіздің атыңыздан екі кітабыңызды силап жібердім. Меніңше, шығарманың ең әділ сыншысы — оқырман. Сіздің кітаптарыңызға тек мақтау естіп жүрмін. Ал сыншы қауымы кейде оң-терісті қақпайлай береді, білімділігін көрсеткісі келіп, қоймас талапты қойып, баяғы стандартқа сүйрейді. Жазушының кез келгенін иненің көзінен өткізіп жіберуді көксейді. Өмір шындығын «әдеби шындыққа» жығып беруге құмарлар бар. Өз басым ондайға қарсымын. Меніңше, әрбір ақын, жазушы өмірді өз түсінігіне, ұғымына, бағалауына сай жазуға құқылы, ал оның бәрін «советтік заман талабына» тели берсек, стандарт кірпіштің көкесі сол болмай ма?!


Баршаңызға сау-сәлеметтік тілеймін!


ҒАББАС.


21. 09. 1977 ж.


* * *


Қымбатты ЕСТАЙ АҒА! Хатыңызды алып, қуанып қалдым. Менің жағдайым қалыпша, шаруамды істеп, ақырындап жүріп жатырмын.


«Арайлымыңызды» білдім. Алыпты. Құптап, жақсы пікір білдіріпті. Бірақ темпланда және Москваға жіберілген қағазда (ИБ — информационный бланк) кітабыңыздың аты, сірә, редактор өзгерткен-ау, «Он бес жыл өткен соң» болып кетіпті. «Мұны енді өзгерте алмаймыз, осы атымен шығады», деді Мағзом.


Нұрқасым хатыңызды, Орынбайдың әңгімесін алыпты. «Ағамыздың айтқанын орындауға тырысам» деді ол кісі.


Көп не жазайын. Сау-саламат болыңыз!


Інілік сәлеммен, — МҰХАМЕДИЯ.


12. 06. 1978 ж.


(Мұхамедия Жұмағалиев, Нұрқасым Қазыбеков — «Жазушы» баспасы проза бөлімінің редакторлары, Мағзом Сүндетов — бөлім меңгерушісі, — Ғ. Қ.)


* * *


ЕСТАЙ, хал-ахуал жақсы ма? Үй-ішіңе сәлем! 8-мартқа қатысы барларға мерекелік сәлем!


Пьесаңды оқыдым. Тез жауап жазуға қол тимеді. Қызметі жоқ демесең, қызмет істейтіндерден біздің жұмыс көп (айтқандай, Театральный институтта сабақ (лекция) беріп жүрмін. Ертең (8-мартта) Ялтаға, бір айлық семинарға (драматургтардың) ұшып барамын, сол жұмысбастылықпен 6 күнін өткізіп алдым (3-інде басталған).


Шығармаңды Министрлікке жолдауға әбден болады. Уақиға қызық, көтерген мәселең — жалпы адамгершілік әңгімесі, өт орынды. Соғыс, соғыстан кейін (іле) болған адамдар басындағы тағдыр сәл көнелеу тартты дегенмен (әрине, ауыз әдебиеті, т. б. айтпағанда), көне тарихтың ескірмейтін түрі бар ғой. Ол — сол тақырыпты бүгінгі көзқараспен, жаңартып беру шеберлігі. Бұл тұрғыда біраз еңбек сіңірген екенсің. Әйтсе де, киноға жеңіл, сахнаға қиын эпизодтар бар...


Осы хатпен бірге пьесаңды оқып отырғандағы жаман конспектімді жібердім. Қадағалай қарасаң, мұнда біраз нәрсе бар сияқты. Өзің дамытасың ғой...


Асықпа, Министерство культурада өзгеріс көп. Ноябрьде берген пьесаларымыз әлі коллегияда қаралмай жатыр. Биылғы жоспар бәрібір бекіп кеткен (келесі январьға дейін). Орталық Комитет бюросының қаулысымен байланысты (ерекше қаралған) көп өзгерістер бар. Бұл уақытта қайсыбір цейтноттарға түспеген де абзал. Кейін айтармын. Пьесаңды асықпай қайта қарап, миистрлікке жолда (Қанахин кетті, орнына кім болары белгісіз).


Көріскеше күн жақсы!


Сау-саламаттығыңа, творчествоңды дамыта беруіңе тілектес ағайының


СӘКЕН.


07. 03. 1982 ж.


(Сәкен Жүнісов — жазушы, драматург. Қанахин Өтебай — жазушы, Мәдениет министрлігі Сценарий басқармасының бастығы болды, - Ғ. Қ.)


* * *


Ассалаумағалейкүм, ЕС-АҒА!!


Кеше ғана хатыңызды, қатып түскен суретіңізді алып, қарық болып қалдық. Бүгін таңертең Әбілмәжінге кіріп, суреттің сыртына «Кітапқа барсын» дегізіп қол қойдырып алдым. Тәртіп солай. Жалпы авторлардың суретін бізде не тұңғыш кітабына, не болмаса толық жинағына ғана беріп отырады.


Қабдыкәрім хатыңызды алып оқып: «Осы мәселе қаперіңде жүрсін» деп маған тапсырды.


Ал «Медеттің» аяқ-қолы жерге тиер емес. Бәрі мақтайды. Соларына қарағада бұл жолы ма, бұл жолы қаламақысы мол болатын шығар!


Сәлем жолдаушы — ӘНУАР.


(Әнуарбек Дүйсенбиев — Ес-ағаның досы, ақын. Әншейінде Ес-ағаны «қаңбақ шал» деп әзілдейтін Әнекең бұл хатында қалайда «сіз» деп сызылып қалыпты. Хатты қашан жазғаны көрсетілмеген. Әбілмәжін Жұмабаев — «Жазушы» баспасыың директоры, - Ғ. Қ.)


* * *


Құрметті ЕСТАЙ! Сенің елуге келгенің жайлы хабар қолыма кеш түсті. Бір жаққа кетіп қалдым ба, әлде салақпын ба, әйтеуір, уақытында хабарласа алмадым. Әйтпесе саған біздің бірер ауыз жылы сөзіміз, достық ниетіміз көп болмас еді ғой. Оның үстіне өзіңе ықыласымыз әу бастан ерекше, тырнақалдыларың біздің бөлімшеден өтіп жүрді. Әрі өз арамызда аға-інілік қарым-қатнасымыз тағы бар.


«Ештен кеш жақсы» деген, денсаулығыңның жақсара түсуіне, еңбегіңнің жемісті бола беруіне шын ағалық тілек білдіремін! Келінге сәлем айт!


Сәлеммен, — ЖАЙЫҚ.


12. 02. 1977 ж.


(Жайық Бектұров — Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің хатшысы. Ес-ағаның шығармашылығына ерте ден қойып, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланған әңгімелерін жинап жүрген де, 1958-жылғы шілденің 26-сы күні Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры Қаратай Мұхаметжановқа ресми хат жазып, оларды жеке жинақ етіп шығаруды өтінген. Ол хатында Жәкең: «...автордың өзіндік беті, стилі, ой түюі бар, өмірдің көріністері мен құбылыстарынан едәуір байыпты қорытынды жасай біледі. Бүгінгі жастар өмірін біледі, бұл — жақсы қасиет!» депті, — Ғ. Қ.)


* * *


Құрметті ЕС-АҒА! Сәлеметсіз бе? Десаулығыңыз қалай? Немен айналысып жүрсіз, творчество саласында?


Сіздің 50 жас тойыңыз туралы кеш естідім, кешірім өтіне отырып шын жүректен құттықтап, көп жақсылық тілеймін!


«Медет» деген романыңызды оқығандардың бәрі риза екен, содан кейін елден іздеттіріп, тапқызып алып, оқып шықтым. Жұртшылықтың іздеуі тек сізге емес, біздер, інішектеріңіз үшін де зор абырой.


Өзім болсам, Отан алдындағы міндетімді атқарып жүрмін. Көңіл күй, служба барысы, бәрі жаман емес. ПВО-дамын. Бос уақытымда өлең жазып жүрмін. Республикалық баспасөзде жарияланса деймін. Егер көмектесе алсаңыз, суретіммен бірге бір топ өлеңімді жіберер едім. Менің кейбір құрдастарым жеке кітап та шығарып үлгірді.


Аға, үйдегі келініңіз де өлең жазады. Аты-жөні — Марфуға Бектемірова.


Ал енді көп не жазайын. Сау болыңыз! Артық кетсем, інілік парызбен кешірім сұраймын.


Сізді құрметтеуші інішегіңіз С. ТЫШҚАНБАЕВ (фамилиям осылай, қайтем).


14. 04. 1977 ж.


Менің адресім: 680014, г. Хабаровск,


в/ч 6537-А.


* * *


АРДАҚТЫ АҒАҒА


Жақсының төрімізде алыбы отыр,
Ақ жолын ізгіліктің салып отыр.
Мәжіліс бір отырған жасқа санар
Лұқманға көңілі оның барып отыр.
Аруақты ата-тегі — алмас, болат.
Шежіре, оқысаңыз, көңіл толад.
Өрбіген небір саңлақ қазақтағы,
Нағашы Ес-ағаңа Балуан Шолақ.
Қаламы көтереді ұзақ шабыс,
Еңбегі — бар қазаққа ортақ табыс.
Сәбилер де Ес-ағаң батасымен
Андерсен Ганспенен болды таныс.
Таусылмас тілек-теңіз тайталаса,
Алтынын түптен іздеп шайқамаса.
Сара жол ағалардың бүлдірерміз,
Ес-аға сын көзбенен байқамаса.


Құрметтеуші ініңіз Өтеген ЖЕТЕЕВ.


1996 ж.


* * *


ЕСТАЙ БАУЫРЫМА


Толғанып тоқсанында Баян ағаң,
Қуанып хат жазамын, Естай, саған.
Толғаның сексен жасқа құтты болсын,
Көп жаса, жүзге де жет есен-аман!
Сексенде Біржан салдай, серідейсің,
Ақаның бәйге бермес Керіндейсің.
Көтеріп көңіл көркін көптің ылғи,
Халыққа етуге еңбек ерінбейсің.
Жатсаң да науқастанып неше жылдай,
Тарихын жаздың елдің неше дастан.
Арқауы еңбегіңнің тек шындық қой,
Ешқандай жалғаны жоқ жаза басқан.
Халыққа қайтардың сен: Абылайды,
Әу баста хан сайлаған Би Қанайды.
Кенесары, Наурызбай, Уәлиді де,
Сегіз сері, Мағжанды, Ыбырайды.
Бұлармен Балуан Шолақ, Сары керей...
Көкшені бәріне де еттің жайлы.
Сен бүгін осылардың көзіндейсің,
Халқына айтып кеткен сөзіндейсің.
Әлі де аталмаған асылдар көп,
Молайтып шежірені көсілгейсің.
Сусынын қандыра түс шөлдегеннің,
Жарқырап ағып жатқан Есілдейсің!
Жиналған бір басыңа ақыл, дарын.
Айтуға келмес шамам оның бәрін.
Өнердің бойға біткен арқасында
Келесің сүйіндіріп жас пен кәрің.
Дананың берері көп келешекке,
Сенемін: қалған өмір өтпес текке.
Бірліктің берекелі ұйтқысы боп,
Жасай бер, мәңгіліктің гүлін ек те!
Тілектесің, ағаң Баян ЖАНҒАЛОВ.


2002ж.


(Баян аға — қарт қайраткер, 96 жаста, Социалистік Еңбек Ері, — Ғаббас.)


* * *


ҚАЛАМГЕР, АЗАМАТ ЕСТАЙ МЫРЗАХМЕТОВ


ТУРАЛЫ РЕСМИ ХАТ


Қазақстан Компартиясы


Орталық Комитетінің секретары


Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ жолдасқа


Қадірлі ӨЗЕКЕ!


Сізге екінші рет хат жазып, еселеп мазаңызды алып отырғаныма ренжімессіз. Біз, журналистер мен жазушылар, орынды-орынсыз болса да ой-пікірімізді идеология басшысына айтпағанда кімге айтамыз?.. Басшы құп алар, не құп алмас,түсінгісі келсе -түсінер, түсінгісі келмесе — түсінбес, ол — өз еркі, ал айтып бағу — біздің парыз.


Бұл хатта өзім туралы жақ ашпаймын. Сары тіс болған кезім: озбырлық пен әділетсіздіктің құрбаны болғаныма өкінуді де қойдым, өйткені ортамызға ор қылып қазып орныққан ол озбырлық пен әділетсіздік түп-тамырымен жойылуы үшін әлі талай жыл керектігін түсіндім. «Өзім!" деп, "Өзімдікі!" деп өлерменденіп үйренгендердің көк шолағы әлі де бәйге алып жүр. Биліктің не бірінші, не екінші сатысында (жоғарыдан санағанда) көкелері барлар көк етік киіп тайраңдап үйренген қалпында. Көкесі жоқтарға көн етік те жоқ!


Бұл хатта жазушы Естай Мырзахметов туралы бір ауыз сөз айтпақпын.


Естай Мырзахметов — коммунист жазушы. Әңгіме, повесть, романдардың авторы. Көзі тірі классик болмағанмен, қаламгерлер ортасында елеулі орны бар, оқырманы мол жазушы. Кітаптары магазин сөресінде жылдап тұрғай айлап та жатпайды. Творчествосы мерейлі. Бірақ — "бірақ" демеске шарам жоқ — бірді бірге салып, отқа май құйып жіберетін, өзі жақсы мен көзі жақсының шашбауын көтергіштейтін газет сыншылары Естай Мырзахметовтің шығармаларына назар аудармай-ақ келеді. Ол адамның бұдан жиырма жылдай бұрын дертке шалдығып, операция жасатқанын, әуелгісі сәтсіз болғандықтан он шақты жыл ішінде он екі операция көргенін, өздігінен жүріп-тұруы мұң мүгедек болып қалғанын да сол сыншылардың біразы біледі. Амал не, "басы ауырмағанның жанында балтырың сыздамасын», сонау Көкшетауда жатқан кісіден кімге пайда, кімге зиян келуші еді, тәйір-ай!.


Ал Естай Мырзахметов, түрегеп жүргенінен төсек тартып жатуы көп болса да, бейнетке құл болмай, қайрат-жігерін жанып, өмірге құштарлана біліп, күнкөріс үшін емес, ідебиетіміздің ертеңі үшін көркем шығарма жазып жатыр. Жазғандары жарық көріп келеді: рецензенттер құптаған соң жарық көруде, әйтпесе, Естай Мырзахметовте қолжазбасын почта арқылы жолдап, іштей тілеуін тілеп қала бергеннен басқа қауқар жоқ, әлдекімдерше баспаның табалдырығын тоздырып, редактор мен рецензенттің, баспа директорының көңілін табуға жұмсар күш-қуаты да жоқ, — ондай "қабілеті" болған күңде де ол оны істемес еді, өйткені ары таза, жаны таза,жаратылысыңда былық-шылық пен жағымпаздың микробы жәнө жоқ!


Осы қаламгеріміз 1978-жылы 60 жасқа толды. 1976-жылдың октябрінде мен Жазушылар одағымызға телефон соғып, Олжас Сүлейменовті таба алмадым да, екінші секретарь Әбіш Кекілбаевпен, Қалаубек Тұрсынқұловпен сөйлесіп, Естай Мырзахметовтің мерейтойы жақындап қалғанын айттым. Әрине, Жазушылар одағы қай жазушының болсын тойын өздер-ақ о бастан қалт жібермейді. Менікі — пікір қосу. Николай Островскийден кем михнат көрмей жүрген Павел Корчагиніміз — Естай Мырзахметовті орденге ұсыну жөн болар еді дедім. "Көрерміз" дескен. Ақырында жазушының 60 жылдығы атаусыз қалды. Мен қатты наразы болып, ренішімді Орталық Комитеттің мәдениет бөліміне, К.Смаилов пен Т. Әбдіковке жеткіздім. Олар да, Жазушылар одағының жоғарыда аталған басшылары да: "Бір ағаттық болды, кейін көрерміз, бір реті келер" десті. Сонымен бітті.


Естай Мырзахметов менің екі туып бір қалғаным емес. Оның халін өзім Қазақ литфондысында директор болып істеген кезімнен, 1976-жылдан білем. Сізге бұл хатты жазғандағы мақсатым мына аттары аталған жолдастар соны әдейі сөйтті деп кінәлау емес, қате кімнен кетпейді, ойда жоқ ағаттық кімнен болмайды, алдағы уақытта Естай Мырзахметовті әдебиетімізге сіңірген еңбегі үшін лайықты наградаға ұсынып, рухани қолдау көрсетсеңіздер екен, тың туындылар жазуына қосымша күш-қуат берсеңіздер екен!


Сәлеммен, — Ғаббас ҚАБЫШЕВ, жазушы.


21. 06. 1988-жыл. Алматы.


* * *


ЕС-АҒА!


Көшірмесі өзіңізге жолданған мына хатым үшін Сіз де ренжімегейсіз. Ойлап-ойлап, осылай істеуді жөн көрдім. Не жауап айтар екен, — көрелік. Мен тыныш жата бермейін, жүйкелеріне ши жүгірте берейін деп ұйғардым. Басқалардың озбырлықтары ызаны келтіре бастады.


Сау-сәлемет болыңыздар! Ғаббас. 22. 06. 1988-жыл.


* * *


Естай Мырзахметов деген жазушы ағайға.


Аса ардақты жазушы ағай! Сізді сырттай біліп, ардақтап хат жазуды қолға алған себебімді айтсам, мен сіздің «Он бес жыл өткен соң» деген жақсы кітабыңызды тауып алып оқып шықтым. Оқығанда шешеме көрсетпей ара-арасында жылап отырып оқыдым. Өмірдің қымбат екенін түсінгендіктен және оны сіздің кітабыңыздан түсінген соң жыладым. Ондағы оқиғалардың көбі менің өмірімде болған оқиғаларға өте ұқсас екен, сол менің жүрегімді шыдатпады. Маған бір жігіт, ол опасыз сұмның атын, фамилиясын атағым да келмейді, опасыздық жасап, алдап, менің аяғым ауыр болып қалғанын білген соң, басқа бір қызбен кетіп қалды. Ол қыз көп араласып жүрген подругам болатын, екеуі мені алдады. Туыстарымыз да, таныстарымыздың бәрі де білді, біздің тойымызды күтіп жүрген. Ақырында ұят, масқара болды. Содан кейін жарық дүниемен қоштасқым келді. Көп қиналдым. Ертең жарық дүниеге келетін нәрестемді ойлап та қиналдым, бірақ ол «жолдан тапқан бала» деп аталып, біздің сыпсыңдаған өсек қоя ма, жолдастары біліп, оны мазақтап, яғни мен ұятқа қалдырып, мазақ етуге беріп, оны да қинаймын ғой, құдай кешіретін шығар, екеуіміз де жарық дүниеден кетейік деп жүргенімде сырлас жақсы подругам сіздің «Он бес жыл өткен соң» деген кітабыңызы әкеліп беріп, «сен мұны тез оқып бітір, екі күннен кейін келіп алам» деді. Кітап оқуға көңілім жоқ еді, айтқан соң оқыдым.


Сонымен, Естай ағатай, сіздің кітабыңыз маған шынайы адам болудың, өмірді сүюдің, қандай қиыншылық, қайғы болса да жарық дүние қымбат екенін түсіндірді, біреудің өзіңе біліп не білмей істеген жаманшылығын, опсыздықты кешіру керек, солардан жоғары тұрып, оларға өздерінің жаманшылық, опасыздық жасағандарын түсініп ұялатындай дәрежеде ықпал ету керек деп ақыл берді. Ол үшін сізге мыңдаған рахмет, алғыс!


Ағатай, аман-есен болыңыз! Жақсы кітапты көп жазыңыз! Мен шын атым мен фамилиямды жазбай-ақ қояйын. Нәрестеме сіздің атыңызды қойғанымды ғана айтайын. Аман болыңыз, 100 жасаңыз!


ЖАҢАБАНУ.


Гурьев қаласы.


4-июнь 1988-жыл.


II. ЖАСЫМАС РУХТАН ЖАРАЛҒАН


Құрсаулы кеудедегі қуатты жүрек


1989-жылдың шілдесі. Көкшетауда, Ес-ағаның үйіндемін. Жұма, сенбі, жексенбі күндері Көкше аймағын тағы бір аралап шықпақ жоспарымыз бар. Оны ұсынушы және жүзеге асырушы — облыстық партия комитетінің сужаңа хатшысы, жазушы Жанайдар Мусин.


Ес-аға әдетінше ерте оянып, баптана киініп, байқап баса далаға шығып, жарты сағат шамасы сейілдеп келді. «Оразаңды гәзетпен ашасың, ә?» деп әзілдеп, дивандағы менің жаныма жайғасты да, гәзеттерге қол созып: «Кеше қарап шығуға уақыт болмады, не деп жатыр екен?» деді. «Пәлендей жаңалық жоқ» дедім. Оның гәзет, кітап оқу әдетінен аңғарғаным: көңіл қалауына сай болғанда аққұба өңі ашыла ажарланады, керісінше жағдайда жүзі күздің қара суығы сорғандай қуқылданып отырады.


— Түуһ! — деді бір сәтте, гәзетті тастай салып. — Соңғы отыз, қырық жылдың о жақ, бұ жағында бізде байырғы жер-су аттары бас жоқ, көз жоқ өзгертіліп: Александровка, Алексеевка, Михайловка, Новомихайловка, Антоновка болып кете барды. Шортан — Щучинск; Бурабай — Боровое; тіпті Көкшетау — Кочетав, Синюха, Синегорье деп те жазылады. Бұдан өткен бишаралық қайда бар екен?!.


Дауысы демігіңкіреген Ес-ағаға қарасам: көзі кіреукеленіп, мұрыны қусырылып, иегі сүйірлене қалыпты. Оның сәл де болса шаршамауын, шалдықпауын қалаушы едім:


— Кезі келер, түзетілер, бәрі де дұрысталар. Білдей хатшы Жанайдар жазды ғой, назар аударылар, — дедім.


— Ә, Ғаба, рас, рас. Жәкең оңды жазды, егер естір құлақ, ұғар пейіл болса. Біз Жәкеңе ризашылығымызды айттық, — деп тез көңілденіп, ініге ізетшілігін тағы бір білдірді.


Оқжетпестің Жұмбақтас жақ түбіне тақау тоқтап, мәшіннен шығып, төңіректі шола бастағанымызда Жанайдарға оның Көкшедегі көне жер-су аттарының бұрынғы қазақы аттарын қалпына келтіру қажеттігі хақында жазған, «Қазақ әдебиеті» гәзетінде жариялаған мақаласына мана, үйде, Ес-аға екеуіміздің сүйінгенімізді айтқанымда Жанайдар:


— Шындықты айтатын уақыт келді ғой, тарихқа қиянат жасаудың да шегі бар шығар, — деп, Күміс көлдің арғы бетіне көз тастады.


— Ғаба, Оқжетпеске, кәне, мына жағынан қарашы, ұшар басында нендей бейне-сурет барын айтшы! — деді кенеттен Ес-аға. Сірә, әңгімені бүгін ауырлатпайық, басымыз қосыла серуенге шыққан соң көңілімізді қанаттандырайық, жүйкемізді аяйық деп түйді білем. Біз де бұрылдық. Ес-аға Оқжетпесіне әрқашан, құдды алғаш көрген адамша, қызыға да, құмарта да, тұтас болмысымен, бар ынтасымен қарайды. Туып-өскен жерін кәдімгідей табына сүйетінін бұрын Алматыда, Жазушылар үйінің шығармашылық үйінде сұхбаттасқанымызда анық аңғарғанмын.


— Бері, бері жүріңдерші, анау бір тұстан қараңдаршы! — деп ілгері аяңдады. — Ол жерден қарағанда, әне, анау оң жақ шекесіндегі оқшау тасты көрдіңдер ме, құдай-ау, тасбақадан аумайды, ә?! Сол жағындағы сұлама тас ше, ол төңкерілген қайық тәрізді де, соған шығып бара жатқан тасбақадан аумайды, басы бар, аяқтары бар, тура тарбиып шығып бара жатқан тасбақа! — деді, балаша таңданып.


— Рас!


— Ұқсайды! — деп құптадық.


— Арғы жағынан қарағанда, бұл екі тас, құданың құдіреті, шөке түсіп жатқан пілге ұқсайтынын көрдіңдер, ал мына жағы, міне! Бұ табиғаттың тамашасы көп-ау, Ғаба, а?! Біздің Көкше өңірі — тұнып тұрған ғажап сурет! Әлі талай кереметін көрсетеміз өзіңе. Мына Жәкеңнің туған жері Зеренді де — бір көркем дүние! — деп және қойды.


Үш күн бойы үлкен-кішімен әңгіме-дүкен құрып жүргенімізде Ес-ағаның отырыс-тұрысынан, көпшілікпен қарым-қатнасынан, сөйлеу мәнерінен, бүкіл мінез-құлқынан көп-көп ой түйіп, ғибрат алдым. Ес-ағаны білмейтін жұрт аз, бәрі дерлік «Ескелеп», «Ес-ағалап», алақандарына салды. Ал Ес-аға жасы кішілердің де атын бадырайтып айтқан емес: «Бәке... Төке... Сәке...» деп отырғаны. Онысы — әсте жасанды ишара емес, иманды кішіпейіл жаратылысының бір қыры. Мен бір әредікте Жанайдарға сыбырлай сөйлеп:


— Ес-ағаның «Ғаба» дегенінен ыңсайсызданып-ақ жүремін, сен «Жәке» дегеніне үйреніп кеткенсің-ау, тегі? — деп едім, әзілмен астарлап шынымды айтып.


— Ә, бұл кісі үйренбесіңе қоймайды. Әрқашан осылай. Өзің де көрген шығарсың, балаларының да, немерелерінің де атын тура айтпайды ғой, еркелетіп атайды, — деп Жанайдар сан жыл бойғы сыралғы ағасына сырттай інілік ілтипат білдірді.


...Кісінің кім болмағы әу бастағы тәрбиеден екені аян. Ата-ананың әдемі тәлімінен кейінде адамның өзі өзі тәрбиелей білуі жалғасса деңіз! Меніңше, Ес-ағаның тағдырын... жо-жоқ, адамгершілігін сондай дәстүр тамаша тәрбиелеген. Арғы атасы шоң би болса, беріде әке-шешесі де ел-жұртқа силы адамдар болған екен. Замандас жазушыларының ешқайсысынан кем еңбектенбей, романды да, хикаяны да, әңгіме-мақаланы да өндіртіп жүрсе де, ешқашан «мұртын тікірейтпегені, жалын күдірейтпегені» сол тектіліген деп білдім. Жасы алпысқа толғанда Жазушылар одағының назарынан тыс қалып қойса да, «әттең-ай!» демеді. Қаламының әлін, талғамының дәнін, жазушылық дәрежесінің деңгейін жақсы білетін, бұл жағынан да оқырман көпшіліктің өзіне дән риза екенін естіп-көріп жүрсе де, «Менің мерейтойым жақын!» деп жар салмады. Ауылы, ауданы, облысы өздері құрметтеп тойлады, аттарын мінгізіп, шапандарын жапты. «Үкімет не грамота, не орден...» деп реніш суыртпақтай бастаған жолдас-жораға екі қолын бірдей сермелеп: «Түуһ! Сен де жоқты айтады екенсің, тәйір-ай!» деп таза көңілмен наразы болыпты. Өйтуге әдептен аттамас әдеті бар дейік, еркі дейік, бірақ ол Жазушылар одағы тарапынан рухани көмек-қолдауға аса зәру жан емес пе еді?! Себебі...


«Тағдыр етсе алла, не көрмейді пәндә» (Абай).


Мемлекеттік университетіміздің журналшылар факультетін тәмәмдар жылы «Лениншіл жас» гәзетінің редакциясына қызметке алынды. Ол — қалам қарымының танылғаны. Диплом алысымен Көкшесіне оралып, «Лениншіл жастың» облыстағы мешікті тілшісі, одан кейінде «Ленин туы», «Тың өлкесі» және «Көкшетау правдасы» гәзеттері редакцияларында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болғаны да үлгі-өнегелік қадір-қасиетінің арқасы еді. Журалистік жолда өмірдің ыстық-суығын, кеңшілігі мен таршылығын көріп, көп жәйтті көңіліне тоқып, халқының іс-әрекетін, мақсат-мүддесін, бүгінгі тірлігі мен ертеңгі қарекет-қажетін пайымдайтын, туған өлкесінің табиғи байлығын баяндайтын, сұлулығын суреттейтін және сол байлық пен сұлулықты бағалай білмеудің кесір-кесапаты пайда болып, соңғы жылдары асқынып бара жатқынын жария еткен қаламгерлік мақаланы жиілетіп жазды. Шаңырағы шаттыққа толы отау тікті, сүйген жар, сүйікті әке болды. Сөйтіп, жастық жалынға оранып, мәре-сәре жүрген күндерінің бірінде тағдыр оған тоңмойындық жасады, тобығынан қатты қақты. Іссапармен колхоз-совхоздарды аралап шыққан бір жолы жасөспірім шағында тракторшы, комбайншы болғаны қызықтыра есіне оралып, ол егіс тракторы соқасының үйреншікті солқылдақ орындығына отырды. Жер қыртысын қопарған көп айналымның бірінде соқа тісі шамасы жетпес жасырын тасқа тіреліп, қас қағымда Естайды ала аударылып-ақ кетті...


Ес-түссіз Естай Мырзахметов облыстық ауруханаға жедел жеткізіліп, операция үстеліне салынды. Өкпенің бірі жыртылған, төрт қабырға сынған...


Ауыр сырқат қинап бақты. Тағдыр безбенінің бір басында арсыз ажалдың аласұрған шабарманы — сырқат жатты сызданып, ал екінші басында — арашашы дәрігерлер, жүрегі бір жары Гүлжәмила, балапан балалары, айналайындаған ағайын-туғандары, дос-жолдастары, оқырмандары жатты.


Арпалыс аптаға, айға, жылға, жылдарға созылды. Ес-аға төрт-бес жылда операция үстеліне он екі мәрте жатып тұрды. Оң жақ қабырға сиреп, кеудеге темір құрсау салынды, — онысыз еңсе көтеру мүмкін болмай қалды. Жасы қырыққа жетер-жетпесте түз еңбегінен қол үзді. Жүрер жолы — үй мен аурухана арасы. Алатын еңбекқақысы — мүгедектік пенсия.


Емін-еркін жүріп-тұруынан еріксіз жатуы көп, дос-жолдастарымен дастарқан басында әзіл-қалжың жарыстыруынан дәрігерге жалтақтауы көп Естайға жиырма бес жылдың қанша уақыт екенін алыс-жақындағы қайсысымыз жете білдік? Біздің білгеніміз: Ес-ағаның татымды мақалалары, әңгіме-хикаялары, романдары жарық көріп жатқаны.


Ес-ағаның кім екені батпан бейнетпен белдескенінде анық көрінді. Алғашқы операциядан кейін ес жиып, бас көтеріп отыруға жараған жігіт палатаның жалғыз терезесінен жарық дүниеге жәудіреп қарап еді... күз аспаны күңгірт емес, жарқыраған ашық екен, күз жапырағы сарғыш емес, жасылы басым екен. Гүлжәмила екеуі қол ұстасқан күн де, Алтайы мен Асқары, Зәмзәгүлі мен Абайы іңгәләп келген күндер де осындай әсем-сұлу болып еді... Ей, жарық дүние! Ажарыңнан айналайын сенің! Айналайын! Айналайын!..


Ол оңашаланған сәттерінде сырқат сұмның суық сыбырын елемей, ұлы мәртебелі өмірмен іштей сұхбаттасатын, сырласатын болды. Қағаз-қаламын көмекшісі, серігі етті. Жыл — он екі айдың кейде жартысын, кейде ширегін палатада өткізсе де, қаңтардан қаңтарға дейінгі ұзақ мерзімнің «әуп!» деуге халі жеткен әредіктерінде сол әдетінен жаңылмауға тырысты. Өмір оған не дейді, ол өмірге не дейді, қайсысының сөзі жөн, — соны елеп-екшеп, қырнап, ой өрнегін ақ қағазға ақырындап көшіріп жататын болды. Толтырған парақтарын Гүлекесі көріп жүрді, оқып жүрді, бірақ: «қойсаң еді, шаршап қаласың» демеді. Кешегі тосын қимыл — тың игерудің алас-күлес, ию-қию, аласапыран жылдарында жанын күйттеп көрмеген, оң істің, әділеттіліктің жаршысы, ал теріс істің, әділетсіздіктің қарсыласы бола білген қызу қанды журалистің қаруы қашанда қолында болғаны керек, ол сонда ғана қажымайды, сонда ғана шаршамайды. Гүлжәмиласы осыны анық білді.


Қайратын шыңдап, қажырын қайрап, әрбір таңды арман-үмітпен атырып, үлкен өмір суретін сала берді ол, Ес-ағаң. Қалам ізінде Көкшенің, оның кеше өткен тарихи тұлғаларының, бүгінгі еңбек адамдарының, тірлігі мен ғұмырының үтірі мен ноқаты, сұрақ белгісі мен леп белгісі жатты. Көкшенің кешегі тарихи тұлғаларының, бүгінгі жас-кәрісінің өмірін өрнектеді. Медет пен Болатбектің, Айнұр мен Арайлымның сүйіспеншілік махаббаттарын жырлады. «Сынық шаңғы», «Туған күн», «Өмір сиы», «Көгалдайдың көкшақпағы», «Медет», «Он бес жыл өткен соң», басқа да жинақтарының негізін қалады. Абылай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Қанай би... хақындағы мақалаларын жобалады.


Ес-ағаның қаламынан туғанның бәрін мәшіңкеден өткізетін, Алматыға жөнелтетін қамқоршысы — Гүлекеңі! Алматыда тосып алып, әдеби гәзет-жорналдарға, баспаға апарып тапсыратын, тезірек жариялануларын, кітапқа айналуларын қадағалайтын өкілі — ақын досы Әнуарбек Дүйсенбиев!


Ес-аға мен Әнекеңнің достығы — өз алдына бір дастан-роман! Әнекеңнің бәйбішесі Рәбиға апай бірде: «Біздің кісі ме, ой, ол Естай дегенде мені ұмытып кетеді!» деп әзілдегенде Гүлекеңнің мәз бола күліп: «Әнекең телефон соққанда біздің кісі: «Әнеш! Өй, Әнеш!» деп телефонға кіріп кете жаздайды», дегені бар. Ал төртеуі бас қоса қалғанда, «бірі атып, бірі қуып» дегендей, әзіл-күлкінің астында қалдым дей бер!..


Жоспарымыз орындалды. Жексенбінің кешінде орталыққа оралдық.


Үш күн бойы о жер, бұ жерде ат шалдырғанымызда денсаулығымыз әзірше сыр бермеген Жанайдар екеуіміздің отыра қалуымыз, жантая салуымыз жиілегенін байқаған Ес-аға қарсы алушы, күтуші жігіттерге: «Мына екі шалға, - деп бізді иегімен нұсқайды да, -төсекті жылы жерге, жұмсақтап салып беріңдерші, қаусап келді» дейді жымиып. Күлкі киіз үйді көтеріп ала жөнелді дерсің!..


Қуатыңызға тәнтіміз, Ес-аға!


1990-жыл.


МАРҚАЙЫП ОТЫР


Кеше ғана арамызда болған, жасы үлкен-кішіге жантартқызған, риясыз ризашылық сәтінде көзінде күн шуағы ойнаған, орынды реніш сәтінде «қабағынан қар жауған, кірпігіне мұз қатқан» Баукеңнің — Момыш шалдың баласы, қазақтың мәңгі-бақи жасар Қаһарман перзенті Бауыржан ағаның көңілінде шат-шадыман күй тартылып отырған бір жолы:


— Аға, сіздің ондаған мақал-мәтеліңіз барын білемін, қайсыбірі кітаптарыңызда кездеседі. «Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық», «Жанын аямағанға жан — сауға» дегенсіз. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» дегеніңізді сауатын ашқан балақайымызга дейін біледі, — дей бергенімде:


— Тоқтағын, — деді, таяғын көтеріңкіреп. Диванда қатар отырғанбыз. Таяғын тез қозғаса да, дауысы жұмсақ шықты. Бүркіт қабағы оқыс түйілмеді, қыран көзі оқыс жалт етпеді. Саусағына мүштік қыстырулы сол қолымен қайратты мұртын ақырын сипап, таяғын түсірді де:


— Мен ештеңені еріккеннен зорланып жазбаймын, бәрі де — бір оқиғаның, ситуациянын әсерінен туған түйін, понятно? Мақал-мәтелдердің жолы осы, "нечего чего-то выдумывать ради... чего? — деп маған жорта ажырайып қарады.


— Ради... атақа, — дедім мен, «атақ» деген қазақ сөзін орыс тілі септеуіне әдейі теліп.


Батыр аға балаша мәз-мәйрам күлді...


Жазушы Естай Мырзахметовке осы жәйтті былтыр бір әңгіме үстінде айтып едім, ол:


— Ғаба-ау, қазақта «Батыр бала мінезді», «Батыр аңғал» деген мәтел бар емес пе? Батырдың, нағыз, шын батырдың жаратылысы таза, адал болатыны жайында айтылған нақыл сөздер, сол рас, әбден рас. Баукеңді мен де қадірледім, құрмет тұттым, сырттай ғана білсем де. Ол ел аузындағы кісі емес пе, кейбіреулер өзі... жоқ ұпайды көксегендіктен, әлгі «қой, бұл шіркін ер қанден пілге де үрген демей ме?!» дегендей, Баукеңді сырттай болсын мұқату пиғылымен ол кісінің мінезін күстаналап, ей, қайдағы-жайдағыны айтып отырады, құдай-ау, солары несі? Неге керек ол?! Өздері адамгершілікке жарымай жүріп, өзінен жүз есе артық Баукеңе дөй даладан қыр көрсетеді, солары ұят емес пе?!. -деді. — Дізе түйістіріп, білек біріктіріп, білім тоғыстырып, бірлігін жарастырып, серкесін танып, сақтап, соның соңынан ере білген азаматтары бар орта біздегіше ойрандалып ойылмады, өртке кетпеді, тулақ төсеніп қалмады. Зобалаң тартты дегенмен, зиялыларының ұйтқысын, тіпті көбін аман-есен ұстады, іштен ірітпек болған бақталас бетпақтарына да, сырттан жеткен зымияндарға да бермеді. Ал бізде болса, құдай-ау, өзің білесің, Ғаба, «іштен шыққан жау жаман», қаражүрек қазақтары қазып қойған көрге түсіп кетуден Мұхтар Әуезовті мәскеулік, ленинградтық дос-жолдастары сақтап қалды емес пе? Егер сонда Мұхаң мерт болып кетсе — астапыралла! — қазақ әдебиеті қазіргі атақ-абыройының жарым-жартысына да ие бола алмас еді деп ойлаймын, солай ғой, ә?


...Қызына сөйлеген Ес аға маған көзі өткірлене қарады. Баукеңнің бала мінезділігінен мұнша әңгіме өрбіп кетерін ойламаған басым іштей өкініп, «қап, әттеген-ай!» деп опынып отырғанмын. Аралас-құралас, сырлас болған қырық жыл шамасында Ес ағаңның мұндай ширығысын, шамырқанысын, тулаған толқындай етіп түйдектетіп сөйлегенін көрмегенмін. Қандай жағдайда болсын орнықты, байсалды, байыпты еді. Сірә, Баукеңді Батыр ретінде де сыйлауы, құрметтеуі шексіз болған да, ол кісіге қаратылып айтылған қисық-қыңыр сөздің бірде-бірін қабылдамаған шығар деп түйдім және денсаулығы кінәратты ағаны шаршатып алмауды ойлап, әңгімені басқа арнаға бұра қойдым:


— Ес аға, бұдан тоғыз жыл бұрын, 1986 жылдың шілдесінде, Оқжетпестің түбінде тұрғанымызда бір жақсы пікір айтып едіңіз, есіңізде ме? — дедім.


Жаратылысында ақкөңіл жанның жаңа ғана қыстың алғашқы мұзындай шыңылтырлана қалған жұқалтаң жүзі жылып жүре берді.


— Ол қай пікір еді?.. Ә, әлгі альбом туралыны айтасың ба? — деп Ес аға күлімсіреді. — Сөзі дайын, мөлшері үшжарым баспатабақ. Суреттерін түсіру де аяқталып қалды, енді қолымызды қаржы шіркін ғана байлауы мүмкін, бірақ ол да реттелер, азаматтарымыз аман-есен болсыншы! — деді, әрқашанғы адал тілеуқор ниетімен.


Біз облыс әкімшілігінің қүзырындағы мейманхананың кең де жарық, жылы бөлмесінде отырғанбыз. 1996 жылдың көкек айы туған тұс. Солтүстік облыстардың көктемі кешіккіш әдетінен жаңылмай керігіп жатқан кез. Ара-түра тіпті, Ес ағаңнын жазғанындай, «Ұйтқыған қар құйыны иесіне еркелеген


күшіктей алды-артты орап, ойнақ салатыны» да болады.


Байқадыңыз ба, ағайын, жаны жайсаң, жүрегі ыстық қаламгер туған өңірінің қатал қысын суреттегенде де биязы, жұмсақ жаратылысынан жаңылмай, табиғаттың тауқыметін қиянатқа қимай, тыныс тарылтқан қар құйынын еркелеген күшікке теңеп, жылы сөйлейді («Қара жолдың бойында» хикаясы).


Көкшетаудың дәмі тартып қашан, қаншаға бара қалсам да, Ес ағаң мені мейманханаға жолатпауды, үйінде болуымды қалайды. Ал менің көнгім келмейді. Жеңгеміз Гүлекеңнің, балаларының баптап күтуіне сүйеніп жүрген ағаның мазасын алмауды ойлаймын. Бірақ, жұқа қабағынан сәл-пәл шытыныс байқалып: «Ғаба, қойсайшы, үй кең, кісі басы бір бөлме болады, сиятын шығармыз, кәне, жүрдік пе?» дегенінде әлгі «мұрнын тескен тайлақ» болмасқа лажым қалмайды.


Қарымды қаламгер Естай Мырзахметовтің не жазып, не қойғанын және қалай бастап, қалай тәмәмдағанын, ондаған хикая-әңгімелерінің мән-мағынасын, кейіпкерлерінің түр-тұлғасын сыншыша сарапқа салып бергім келмейді. Кесек тақырыпты толғаған төрт романына да, жатықтілді аудармаларына да тоқталмаймын. Өйткені, мен жақсы шығарманың нұрын тасытатын маман әдеби сыншы емеспін, қарабайыр қайталауға ұрынып, қай-қайсысын да жасытып алуым мүмкін, ал ондайды талғамы жоғары оқырман әсте кешірмейді. Өзім де жазушылар ауылына ат ізін салып жүрген пақыр болған соң, оқырманды құрметтейтін ғадетім бар. Оның үстіне қылшылдаған жігіт шағында аяқ-астынан бейнетке тап болып, үш төрт жыл ішінде хирургиялық онекі операциядан өтіп, содан І-топтағы мүгедектерге еріксіз қосылған, сөйтіп, өмірінің соңғы қырық жылын аурухана мен үйі арасында өткізіп келе жатқан осы бір ғажап төзімді Адам, Азамат, Қаламгер хақында бұдан алты жыл бұрын жұртшылыққа ақтарыла айтып бергенмін. («Құрсаулы кеудедегі қуатты жүрек», очерк, «Социалистік Қазақстан» газеті, 1990 жыл).


Әлбетте, одан беріде өмірдің сан белесінен өттік. Қуанышымыз, сүйінішіміз көп. Шүкіршілік етеміз. Түндігімізді өзіміз жауып, өзіміз түретін, «үй сыртында біреу бар» деп қысылмайтын, бас та, қол да, сөз де, іс те өзіміздікі болған кеңшілік заманға ақыры жеттік. Мың бір шүкіршілік!


Ес аға қуаныштан кенде болған жоқ. Бұл мерзімде қыруар іс тындырды. Абылай хан бабамыздың аруағын тірілтудегі атқарған міндеті шексіз! Аяғы жеткенінше, сөзі өткенінше аянбай қимылдады. Аудан, облыс басшыларын иліктіру, жұртшылықты жұмылдыру, сөйтіп Астанадан оң бата алу дейтін тоқсан түйінді мәселе шешіміндегі үлесі үлкен. Оған Қанай би, Ақан сері мен Біржан сал, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырай, басқа да ардақтарымыз бен арыстарымыз, Көкшенің кене тарихындағы жер-су аттары, кешелі-бүгінгі мәдениеті, әдебиеті, өнері, ғылымы, дарынды адамдары жайында жазған танымдық мақалалары кемінде екі кітапқа жүк. Бәрі-ақ тарихи шындыкпен зерленген.


Ес аға шындықты бұра тартуға, әділдікті шенеуніктік шырғалаңға салуға бүкіл болмысымен қарсы. Басымыздағы бойкүйездік, енжарлық, немкеттілік, жалқаулық, өсекке, өтірікке желігушілік, ішімдікке үйірлік, шылымқорлық дейміз бе, әйтеуір, қазекемнің тірлігінде кем-кетік жетіп артылады ғой, солардың бәрін қашан, қай ортада болсын ашық сынап-мінеуден және тартынбайды.


Көкше тауымен, көлімен, орманымен ғана көрікті емес, ақ жүрек адамдарымен көрікті десем, мұным жаттанды сөзге саятынын сеземін. Алайда, шындықтың жаттандысы болмайтыны анық дегім келеді. Мен — әлемге әйгілі кенді Алтайдың перзентімін, Шығыс Қазақстаннанмын. Біздің облыста теңіз бен өзен-көл де, құмды шөл де, асқар тау да, жыңғыл, орман-тоғай да, жасыл кілем төсеп тасталғандай құнарлы жазықтық та — бәрі-бәрі бар. Табиғи көркімен, жерінің асты-үстіндегі байлығымен басқа ешбір облыс мені таңқалдыра алмайды. Ал басқа облыстарға, оның ішінде Көкшетауға барғым келіп жүретініме себеп біреу-ақ, ол — онда аяулы аға-інілерімнің, құрбы-құрдастарымның, яғни жүрегі ыстық, көңілі таза сырластарымның бар екендігі. Сол сырластарымның бүгінгі жасы үлкені — қаламдасым Ес аға. Жасы жетпіске толып, ел-жүртының қүшағында марқайьш, маңқиьш отыр. Қанша жасағыңыз келсе, сонша жасаңыз, шаңырағыңыз шат-шадыман қызыққа толы болсын, оқырманыңызға сыйыңыз мол болсын, Ес аға!


1997-жыл.


ТАҒДЫР


Жер бетінде қанша адам бар болса, сонша тағдыр бар дегенді естіп те, оқып та, көріп те жүрміз. Қай отбасымызда болсын бір әке-шешеден бірдей тәлім-тәрбие алып өскен балалардың да біркелкі тірлік кешпейтіні сол тағдыр шіркіннің әмірінен шығар. Алланың бұйрығы, маңдайға жазғаны делінеді. Абай атамыз: “Тағдыр етсе алла, не көрмейді пәндә” деді-ау. Налыспен айтқаны. Ішпеген уы қалмаған Ұлы тұлғаның да еріксіз мойындағаны. Ал біз кей-кейде тағдырмен тәжікелесіп, оның қайырымға жібермеген қаттылығына қарсы тұрып: — Тасбет тағдыр!.. Тасмаңдай тағдыр!.. — деп ширығамыз. Бұл пікірімнің астарында оның ығына құлай беру керек сыңайындағы уағыз жоқ. Десем де, түптің түбінде “жазмыштан озмыш жоққа” жүгініп тынатынымыз бекер емес.


Тағдырдың таңдауы талқылаудан тыс. Біреу бақытты екеніне шүкірлік етсе, біреу бақытсыздығына шарасыз. Біреу бай, біреу кедей. Біреу арлы, біреу арсыз. Біреу ақылды, біреу ақымақ. Біреу тура би, біреу жалтақ. Біреу батыр, біреу қорқақ. Біреудің адами рухы күшті, біреу жігерсіз, жасық. Біреу тағдырдың алқағанын көтере алмай шатылады, біреу тағдырдың тарынғанын сыртқа сыр бермес төзімділікпен өткереді, кеудесі құйынға тола жүріп шыдайды. Оң іске сүйіну оңай болса, теріс іске төзу тым қиын. Жақсылық көңіліңді желпінтсе, жаманшылық жүрегіңді сығымдайды. “Құдай қызықтан айырмасын!” жаныңды жадыратса, “Бұ құдайға не жаздым?!.” жаныңды шырылдатады, рухыңды шабақтайды.


Рух.


Бұл — кімнің кім екенін көрсетіп беретін сана-сезім күші.


Жасым жетпістен асқан менің де тағдырдың әміріне шарасыз көнген, рухым сынға түскен сағат аз емес, басқалардың да сан өткелекті көргендеріне куәмін. Бірақ, бірге туыспасақ та, маған бір әке, бір шешеден туған марқұм Қадес ағамдай қымбаттым болып кеткен бір Құрметті Адамымның — Естай Мырзахметұлының тағдыры жанында менің тағдырым қақаған аязбен салыстырғандағы қарасуықтай, оның рухы жанында менің рухым еменмен салыстырғандағы теректей ғана.


Ес-аға атаойлап орда бұзар шағында бірінші топтағы мүгедек болып қалды...


Көкшетау облысының Шортанды ауданына қарасты «Жаңа жол» ауылында 1927 жылғы қаңтардың 15-інде дүниеге келген, орталау мектепті бітірісімен колхоз жұмысына араласқан. Әуелде трактор-егіс бригадасының есепшісі, трактор тіркеушісі, тракторшы, одан соң комбайншылар курсын бітіріп, комбайншы болып істеген. 1949 жылы орта мектепті бітіріп, сол кезде-ақ қаламға икемі бары байқалып, ҚазМУ-дің журналшылар факультетіне қабылданды. Университетте оқып жүргенде жазу қабілетімен танылған ол диплом алысымен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») гәзеті редакциясына қызметке шақырылып, бөлім меңгерушісі болып, басылымның пәрмені, беделі артуына тартымды мақалалары мен көркем әңгімелері арқылы айтулы үлес қосты. Тың игеру басталысымен қайнаған еңбек ортасына сұранып, жастар гәзетінің Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау облыстарындағы меншікті тілшісі болып аттанды. Жаңалықтарды көріп, зерттеп, батыл да әділ мақалалар жазып, жұртшылыққа танылды. Содан соң «Тың өлкесі» гәзетінің редакциясына бөлім меңгерушілігіне жіберіліп, өлке таратылғаннан кейін облыстық «Көкшетау правдасы» гәзеті редакторының орынбасарлығына тағайындалды. Ес-ағаның Көкше өңірінің бірыңғай шежірешісі болуы сол жылы (1965) басталған. Бірақ, егер жаңылыспасам, төрт жылдан кейін айықпас бейнетке тап болды. Бірде, көктемгі егіс кезінде іссапарға шығып, аудандарды аралап жүріп, тракторшы шағын сағынды ма, кім білсін, трактор соқасына отырып, жер жыртысуға кіріскен. Бірнеше айналымнан кейін соқа жүзі кенет тасқа сақ етеді де, көміліп көрінбей жатқан нән тас тырп етпей, соқа аударылып кетіп, Ес-аға астында қалады. Кеудесінен қатты жарақаттанған жігіт дереу облыстық ауруханаға жеткізілген. Бірнеше қабырғасы күйреп, оң жақ өкпесі жыртылып кеткен екен. Шұғыл жасалған операция ойдағыдай болмай, жас жорналшы-жазушының михнат жолы басталды. Айналасы төрт жылда хирург кездігі кеуде қуысына он екі мәрте із салып, еңсесін арнайы жасап берілген болат құрсаумен көтеріп жүруге мәжбүр болды. Амал не, мүгедектік шаужайына жармасты.


Қанмайдандағы Момышұлы Бауыржан ағамыз: “Найзадан қол босаса, қалам алдым” десе, Ес-ағамыз басы көтеруге, қолы қалам ұстауға жараған сәттерде көркем әдебиетке құштарлығынан айнымай әңгіме жазды. Қиналса да жаза берді. Әңгімелері романға ұласты. Шәкірт ұл-қыздары, туыстары, дос-жолдастары, көрші-қолаңдары көңілін аулай күнара, аптаара келіп-кетіп жүрсе, сүйген жары Гүлжәмиласы күндіз-түні дерлік жанында болды. Балаларының кір-қоңын жуып, киімдерін үтіктеп, тамақтарын беріп, мектепке шығарып салады да, аурухана жүгіреді. Құдай қосқан қосағының қас-қабағын бағып, қиналысты қимылын аңдап, мәпелеп күтіп, бірге күрсініп, бірге жымиып отырады. Естайының жазғандарын үйге апарып, түні бойы мәшинкелейді. Ал Ес-ағада жазғанын қайта қарауға, өңдеуге әл-қуат бола бермейді. Ондайда алматылық досы ақын Әнуарбек Дүйсенбиев қолжазбаны поштамен алдырып, оқып, гәзет-жорналға, баспаға тапсырады. Әнекең сол көмегін еске алған бір сәтінде: «Әрбір күні тағдыр жазған аурумен аңдысуда өтіп жүрген Естайдың қаламды қолынан түсірмегенінің өзі ерлік емес пе?!» - деп еді. Әрине, ерлік!


Ес-ағадай Ер жаратылысты жан сирек екеніне менің де көзім жеткен. Нешеме жыл бойы жиі-жиі дізе қосып жүргенімізде өзінің сырқаты туралы бір сөз айтқанын естіген жоқпын. Жолдас-жораларының, таныстарының, көршілерінің, Көкшенің, ел-жұрттың жағдайы, көбінесе жақсылық жайында әңгіме шертеді. Ақыл-кеңесін қажет еткен үлкен-кішіге жәрдемдесуге әрқашан әзір. Қазақ тарихы мен мәдениетінің кең-байтақ өңірі — Көкшетаудың ардақтысына, аяулысына айналды!


Әңгімені майын тамызып айтуға да, мұқият тыңдауға да құмар Ес-аға мөлшері әрбір 2 сағаттан кейін: «Сендер жарасып отыра беріңдер, мен жарты сағат дем алып келейін», деп жымияды да, оң жағына қарай қисая түрегеліп, бөлмесіне қарай ақырын жылжып кете барады. Құрсаулы кеуде ұзағырақ отыруға мұрша бермейді.


Гүлекең де он жыл, жиырма жыл емес, одан да ұзаққа созылған қиын-қыстау кезеңдерде тағдырына көп кейімеген шығар деп ойлаймын. Аралас-құралас, барыс-келіс болған отыз бір жыл көлемінде бірде жеңгесі мен қайнысынша қалжыңымыз жарасқан, бірде апайы мен бауырынша сырласқан кездерде Гүлекеңнің қызыл шырайлы аққұба жүзінен өмірде ауыртпалық тартқан сыңайын көре алмадым. Жадырап, жарқылдап жүргені. Өткен өмірлерінің тек күнгейін шолып, күлдіргі жәйттерін ғана әңгімелейді. Әйел жаратылысты жанның рухы ғажап күштісі! Қазақтың «Ағама жеңгем сай» дегенін жақсы мағынада айтсам, Ес-аға мен Гүлекеңдей рухы асқақ адамдар бір шаңырақ астында кездесе бермейді!


Тағдыр таңдап қосқан екеуінің отбасы қашанда жылы. Тауқымет, қиямет атаулы суыта алмады. Тауып таңдау жасаған тағдыр сонысын қалайда пұлдағандай-ақ қырына сан алса да, тезіне сан салса да, екеуі жасымады, қажымады. Балаларының, ағайын-туыстарының жігерін жасытпауды ойлаған жандарша Үлкен үйдің мейірімін, шапағатын, берекесін сақтаудан жаңылған емес...


Иә, тағдыр дейміз.


Екеуі 1991 жылы қосқабат қайғыға душар болды. Алты жастағы Ләйлә, он бір жастағы Аршат немерелері автоапаттан көз жұмды... Желкілдеп өсіп келе жатқан құрақтай Ләйлә қандай көркем еді?!. Домбыраның құлағында ойнаған күйші, қылқаламы сиқырлы балғын суретші Әшөк ше?!. (Оның бірнеше суреті «Балдырған» жорналында жарияланды).


Оу, тағдыр! Не шара, не дауа?!.


Екеуі 1997 жылы отыз бес жастағы ұлдары Абайдан, екі жарым ғана жастағы немерелері Санжардан айырылды (басқалардың кесірінен болған автоапатта). Жарқылдап жүретін көңілді, көркем Абай-ай, ақ шабақтай әсем Санжар-ай!..


“Абай” десе дегендей ойлы да алғыр, ауыл шаруашылығы мәселелерінің түйіндерін түгел шешуге кіріскен ғұлама Абай-жан... Төңірегіне өзіндей отаншыл, білімді, тәжірибелі ғалымдарды топтастырған ол: — Бізге енді еркімізбен еңбек ететін бес жыл керек, содан кейін халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ететін боламыз! —деген. Сөзін іске асыратыны шүбәсіз еді. Астықты мол өндіруде дүние жүзіне танылған канадалық диқандарда бір ай мейман болып, тәжірибе алмасып, әбден ұғынысып, нақты ғылыми негізде бірлесе жұмыс істеудің жоба-жоспарын жасасып келген-ді. Абаймен қарым-қатнаста болған өзіміздік, шетелдік үлкен-кіші ғалым диқандар оның көп ұзамай көш бастарына кәміл сеніп, зор үміт артқан-ды... Сол Абайға енді бір бес жылды көпсінген тағдыр, саған не дейік?!.


“Қайғы келсе, — қарсы тұр, құлай берме...” (Абай Құнанбайұлы).


Қайғы-қасірет. Екпінінен жасқансаң, еркіне көнсең — еңсеңді езіп, жаныңды жаншып өте шығады. Құмға, шаңға айналып қала бересің. Өшесің... Жоқ, оның ығына құламау керек! Аға-жеңгеміз қарсы тұрды! Ес-аға бір әредік шеткері қойған қаламымен қайта табысты, үкілеген үміті — Абай-жаны жайында естелік жазды. Көкшетау топырағында туған тарихи тұлғалар жөніндегі жазба еңбектерін қайта қарап, толықтырды. Жазушы, тарихшы замандастарының: Абылай, Кенесары, Наурызбай, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Шоқан Уәлиханов, Балуан Шолақ, Шөже және басқалар туралы шығып жатқан кітаптарындағы, жазылып жатқан мақалаларындағы ағаттықтарды нақтылап түзетуін жалғастырды. Ол Көкше өңірінің бүкіл тарихына жетік қаламгер еді. «Медет» пен «Арайлым» («Он бес жыл өткен соң») романдарында, ондаған әңгіме-хикаяларында туған өлкесінің өткені және бүгіні, бүкіл тіршілік тынысы бар. Сырқатқа шалдыққанға дейінгі жалынды жас шағында аяғы жеткен жердегі архивті түп-түгел ақтарып, көнекөз қарттардың да бәрімен дерлік шүйіркелесіп, ақиқатқа әбден қанығып жазған тарихи еңбектері — кейінгі ұрпақтарға қажет ұлағатты мол мұра.


Ес-ағаның әдеби туындыларын, көркем аудармаларын, ғылыми-әдеби мақалаларын, балаларға арналған әңгімелерін, мысалдарын республиканың гәзет-жорналдары құлшына жариялап, қосымша тапсырыс та беріп тұрды десем, артық айтқаным болмас. Оқырман қауымның ауызша-жазбаша ризашылық білдіретіні де бар, олары — тағдырдың қатыгездігі тағы қырқа шалған сүйікті жазушыларының — Естай Мырзахметұлының жан жарасын жеңілдетуді ниет еткендері еді.


“Тағдырдың қатыгездігі тағы қырқа шалған” деуімнің себебі айтуға да тым ауыр. Ес-ағамыз бәйбішесі, балаларының Анасы, немерелерінің Әжесі — Гүлжәмила Нұрмұхаммедқызынан 2006 жыл туа айырылып қалды...


Тағдыр тасбеттенсе, тауқыметі тым ауыр болады емес пе, іні мен қарындастың, немере мен баланың, «Еңлікгүл» аталған бәйбішенің қазасы қажымасқа жаратылған Ес-ағаға аса ауыр жүк болды...


2006 жыл.


КӨКШЕНІҢ КӨЗІ МЕН ҚҰЛАҒЫ


«Бауырыңда бар сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау!» деп жырланған (Біржан сал) Көкшетаудың көне тарихы исі қазаққа мақтаныш екенін екінің бірі білеміз. Тарихының тоқырауға да, бықырауға да ұшырамай, ақиқат тілімен анық жазылып, жалғасын тауып жатқаны да сүйінтеді...


Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде елдің тәуелсіздігін өзінің тәуелсіздігіне айырбастап, өздерінің ғана керегіне жаратып, тарихты талақ етіп, аты-жөні алыс-жақынының жадында қалмаған: бақташы, етікші, алыпсатар... болып өткен ата-бабасын би де, батыр да, сәуегей де етіп кітап жазып та жаздырып, ескерткіш қойып та қойдырып жүрген пысықайлар бар. Қай-қайсысы да тарихтың мән-маңызын сана-білім таразысымен емес, қалтасының қалыңдығымен ғана өлшеуге дағдыланып алған. Ондай «тәуелсіздерге» тежеу-тосқауылдың қашан болары да беймәлім. Тарихшылар ауылының түтіні түзу шықпай тұрған бүгінгі тірліктің алдағы бірер «бесжылдығында» әр ауданның «өз Абылайы», әр ауылдың «өз Абайы» болуы әбден мүмкін.


Абылай, Абай демекші...


Тарихи тұлға Сегіз Серіні «өмірде болмаған, ойдан шығарылған» деп тапырақтап жүрген «тарихшылар» тобы бар. Сегіз Серінің Қазақстан мен Ресейдегі ондаған немере-шөберелері: «Оу, біз бармыз! Атамыздың ақын да, батыр да болғаны ел-жұртқа аян шындық қой?!» десе де, «мықты» топ көзін ашып қарамайды, құлағын тазалап тыңдамайды. О, тоба!


Тарихи тұлғамыз Жамбыл жырау Жабаевтың шығармашылығына шәк келтірушілер де уақ-уақ пайда болып, алыс-жақындағы өсекшілердің «естеліктерін» малданып, гөй-гөйлеп алады. О, тоба!


Тарихи тұлға Абай... Қ. Жүкешев деген «жаңашыл» табылып, Абайдың аруағына көр қазуға кірісіпті. Қазғанда аянатын түрі жоқ көрінеді, себебі оның қолына «күрек» ұстатушы — академик Ә. Нысанбаев. Өз басым бұндай академикті білмеуші едім, енді білдім: Абайдың туындыларын не оқымағандардың, не оқығанмен зейініне тоқымағандардың, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» да жете түсінбегендердің біреуі болса керек. Ондай болмаса, Жүкешевтің аузына не кіріп, не шыққанын аңғарар еді. Өлі Абайдан ғана емес, тірі халықтың тілінен, болмысынан түңіліп жүрген «оқымыстыны» арқасынан қақпас еді! О, тоба!..


Бұл теріс әрекеттердің өңезе өзегі — өзіңді өзің мұқатып бақ, дұшпандарың жүрсін мақтап дегенді көксеу шығар!..


Кейбір әсіресауаттылар мұндай солақайлық атаулыны ой еркіндігі, пікір бостандығы, шындықты айту деп шала бүлініп жүр. Тәуелсіздік — ойыңа келгенді айта беру, қолыңнан келгенді істей беру емес деп білмейді. «Атың шықпаса, жер өрте». Қайтерсің, қазақ естімеген былапыт сөз аз ба? «Абай да, балалары да көкнәр тартудан өлді»; «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопея емес»; «қазақтарда жер болған жоқ, оларға жерді Ленин кесіп берді»; «қазақ — қалыптаспаған халық»; «қазақтар мәдениеттің не екенін білмейтін сауатсыз, жабайы көшенділер болған»; «қазақтың тілі цивилизацияның талаптарына сай емес» дегендерді, тіпті «қазақта шекара болмаған, қазіргі жерінде мемлекеті болған жоқ» деушілер де табылып жатыр. Солақайлардың сырттағылары — солженицындер, жириновскийлер «қара қанжарларын» қазаққа әлі қайрап жүрсе, ішіміздегілері — «жаңаша ойлайтындар» соларға қайрақ ұсынып әлек. О, тоба!..


...Тарихи тұлғалар Көкше өңірінде де болды және бар да! Бұл — баршамыз үшін бір шүкіршілік болса, екінші шүкіршілігіміз — кешегі Абылай ханнан бүгінгі Естай Мырзахметұлына дейінгі көне-жаңа тарихты балталап жүрген «ғылым кандидаты, ғылым докторы, профессор, академик» ол өңірде жоқ. Бір кезде Батыраш деген болған аймақ қазірде батыраштардан ада. Рас: Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың кейбір өлеңдерін, әндерін «анау айтты, мынау айттымен» басқаша атап, басқаға теліп қойып жүретіндер бірен-саран кездеседі, бірақ олар — танымды, тағлымды тарихшылар емес, шолақтау ойлайтын, олақтау жазатын кейбір жорналшылар, ақындар. Меніңше, олар ойда отырып өлең, очерк жазудан «қолы босай» қалғанда қырға шығып, қиялын желпіп-желпіп алатын сияқты.


Естай Мырзахметұлын атау себебім: ол — Көкшенің көзі мен құлағы. Жазушы ретінде белгілі болуымен қатар білікті тарихшы да. Көкше «тарихының тоқырауға да, бықырауға да ұшырамай, ақиқат тілімен анық жазылып, жалғасын тауып жатқаны да сүйінтеді» дегенді осы Ес-ағаңның тарихи жазба еңбектерімен жақсы таныс болғандықтан айттым. Жалындап жүрген жас жорналшы шағында аты жеткен жердегі мұрағатжайлардан, көнекөз, құймақұлақ қарттардан Көкше тарихына қатысты мағлұматтарды мол жинап, анық-танығын сан қайтара сараптап, ақиқатын зерлей білген шын мәнінде зиялы бұл тұлғаның: Абылай, Кенесары, Қанай, Біржан, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ, Шөже, Жекебатыр... жайында жазған зерттеу дүниелеріне тарихты құрметтей білетіндер тәнті дей аламын. Айтпақшы, қырға шығып, қиялын желпіп-желпіп алатын інілері қалай жаңсақ басқандарын Ес-ағаның қабағынан тани қойып, ақиқатқа жүгініп, райларынан қайтады да.


Бұл қаламдас аға хақында жазған «Тағдыр» атты мақалам әдебиет ауылымен алыс-берісті ағайындардың естеріңде шығар. Онда ғажап қайсар рухты Адам туралы сыр шертсем, алдағы уақытта жазушы, тарихшы Естай Мырзахметұлы жайында мен де, өзгелер де танымды дүние жазатын болармыз.


Өзі туып-өскен өлкесінің сан салалы бүкіл өмірін қара сөзбен нәрлі жырлап жүрген естайлар аз, демек, оларды бағалай біліп, аялап, қыруар еңбегін ертеңгі ұрпақтарымызға қылаусыз баяндап беруіміз керек. Көкшенің, жо-жоқ, қазақтың Естайы жайындағы жан-жақты талдау-тану мақаланы: құдасы (Абайының қайынатасы), жорналшы-жазушы Мәтен Бижанов, Ақмола облыстық «Арқа ажары» гәзетінің Бас редакторы Жабал Ерғалиев, айтулы ақын Төлеген Қажыбаев, белгілі жорналшылар Өмірзақ Мұқай, Бақберген Амалбек және басқалар жазып, үлкен шаруаның үлгісін жасап бергендей.


Ес-ағаңның Көкшенің көзі мен құлағы екеніне өткен аптада және бір мәрте куә болдым. Қаламдасымыздың жасы сексенге толған қуанышына ортақтасуға Жазушылар одағы атынан барғанмын (Одақ басшылары беріп жіберген шапанды иығына жаптым, бірақ «Құттықтау папкасындағы» жазуды оқымадым, себебі, қай ұжымдағы болсын үлкен-кіші басшылардың құлағына — «алтын сырға», олар мерейтой иесіне тапсырылатын «папкаға» сол кісінің өмірбаянын жазып береді ғой! Соны ескердім де, Ес-ағаңа оның тойына оны-мұны себеппен бара алмаған мұндағы (Алматыдағы) аға-іні дос-жолдастары: Әзілхан Нұршайықовтың, Мұзафар Әлімбайдың, Әбілмәжін Жұмабаевтың, Мыңбай Рәштің сәлемхаттарын оқып, табыс еттім).


Оқырмандарымен салтанатты жиынға дейін өткізілген кездесулерде де, салтанат сәттерінде де Ес-ағаның қала, облыс тірлігіне үнемі ден қойып, ақыл-кеңес беретіні, әсіресе өлке тарихын, оның кешегі тарихи тұлғаларын насихаттау, олардың мерейтойларын ұйымдастыру арқылы халықтың рухын көтере түсу шараларына белсене араласатыны мол алғыс-құрметпен атап-атап айтылды, арналған ыстық лебіздерде ресми, пендешілік жасандылық болмады, адами ақ пейілділік, әділдік болды дей аламын.


Мерейтойдың мәртебесін арттыра түскен жәйіттердің бірі Түркийәдан Ес-ағаңның оқырмандары — түрік інілерінің төртеуі әдейілеп келгені болса, екіншісі — жазушының қаһарман кейіпкері Жекебатырдың Алматыда, Астанада тұратын ұрпақтарының үшеуі іздеп келгені және Ақтөбедегі, Оңтүстік Қазақстандағы, т. б. облыстардағы ұрпақтарының телефон соққаны, жеделхат жолдағаны.


Мен сол кеште, құдай күпірлікке жаза көрмесін, қазақтың ән-жыр аймағы Көкшеде туған Ес-аға да бақытты екен, Ес-ағадай Азаматы бар көкшетаулықтар да бақытты екен деп ой түйдім.


Бар болғыр ой да «көп ағайынды» ғой, салтанатты кеш соңында біреуі «келіп», құлағыма: «Ес-ағаңа жасы алпысқа, жетпіске толғанда бұйырған шапан сексенінде де адаспады, сірә, облыстың бұрынды-соңды басшылары сөйтуге серттескен шығар, ә?» деп сыбырлады. Менің есіме әдебиетіміздің классигі Сәбит Мұқановқа елу, алпыс, жетпіс жасында «Ленин» ордені ғана бұйырғаны түсті де, іштей еріксіз мырс еттім.


2007 жыл.


ЗЫМЫРАП ӨТІП ЖАТҚАН УАҚЫТ...


— Ай, бала бастық, жүр, кеттік! — деді Әнекең, есікті айқара ашып тұрып.


— Ассалаумағалейкүм, Кениата! — дедім, орнымнан көтеріліп, төрлетуін қолыммен ишаралап.


— Кірмеймін, уақыт жоқ, бол, кеттік! — деп жорта зілденді. Бүркіт көзі өткірленіп.


— Иә, қайда кеттік? Цэкаға ма?


Ол күліп жіберді де:


— Ерігіп отыр екенсің, жүр, мен саған жұмыс тауып беремін, — деп жымиды.


— Осы шалдар-ақ шатақсыз жүрмейтін болды-ау, қазір, — дедім де, үстелде жатқан қағаздарымды жинастырып, реттеп қойдым да, есікке беттедім. Әнекең тырп етпеген қалпы тұрған. Мен жақындап үлгіргенше басын бір изеді де, бұрылып жүре берді. Жол бастағаны. Есікті кілттеп, соңынан ілестім. Әрқашанғысынша дәу денесін тік ұстап, нық адымдай басып кетіп барады. Сыртқа шықтық. Тоқтады. Маған бұрылды. Күректей алақанын ұсынып тұрып:


— Жағдайың қалай, жолдас бала бастық? — деді, жайдарылана жымиып.


— Бір емес, екі емес, осы «жүр, кеттікті» қойсаң қайтеді? Өзің жұмыс істемеген соң басқаларға тыныштық бергің келмейді, ә? — дедім.


— Қалихан екеуіңнің кержақтарың: «Работа — не волк, в лес не убежит» дейді екен, мен солар бірдеңені біліп айтатын шығар деп жүрмін ғой. «Қазақстан» мейманханасына барамыз. Онда Естайдың досы Зейнолла Шүкіров жатыр, Зекеңді біздің үйге алып барамыз, — деді. Екеуіміз оның қызғылт сары «Москвичіне» отырып, мейманханаға бет алдық.


Әнекең деп отырғаным — ақын Әнуарбек Дүйсенбиев. Келіншегі Рәбиға біздің Шығыстың, Зайсанның қызы болған соң, Әнекең екеуіміз жезде-балдыз ретімен әзілдесе береміз. Анда-санда «жүр, кеттік» деп келгенінде көңілін қимайтыным бар. Жұмысымды доғарып (Әдеби қордың директоры кезім), қала ішінде сапарлас болып қоямын. Ол мені «бала бастық» десе, мен оны «Кениата» деймін. Қарақошқыл өңді, нар тұлғалы жігіт шынында әйгілі Джомо Кениатаға ұқсайды-ақ.


...Енді Ес-ағаның және бір досы Зейнолла Шүкіровпен танысатын болдым. Зекеңді бұрын көрмегенмін.


Мейманхананың екінші қабатына көтеріліп, бір кең бөлмеге ендік. Сол жақ қапталдағы төсек жанында екі-үш жігіт отыр. Төсекте қалың қара шашты, үлкен көзәйнекті жігіт жатыр. Шаршап кіріп, киімшең күйінде қисая кеткен кісідей. Отырған жігіттер ұшып тұрысып, Әнекеңе сәлем берісті. Әнекең оларға басын изей салып, төсектегі жігітті еңкейе құшақтап, маңдайынан сүйіп-сүйіп алды. «Зейнолла» дегені осы жігіт болды, ол неге түрегелмеді?» деп таңданыңқырап тұрмын. Әнекең оның қасына отырып, екеуі үй-іштерінің есен-саушылығын сұрасты.


— Мына жігіт кім? — деді Зекең, маған қарап. Мен тез жақындап, сәлем бердім. Ол жатқан күйінде қолын ұсынды.


— Дайынсың ғой, онда кеттік! — деген Әнекең Зекеңді көтеріп ала жөнелді. Жігіттердің бірі:


— Аға, біз бармыз ғой, — деп шыр-пыр болып еді, Әнекең:


— Жігіттер, саспаңдар. Алматыға келгенінде Зекеңді алып жүруге хақысы бар кісі мен ғанамын, — деп күле жауап берді.


...Әнекең кейінде бір реті келгенде Зекең туралы айтып берді. Қызылорданың Арал ауданынан екен. 12 жасында сырқатқа ұшырап, аяғын басудан қалыпты. «Қаңбақ шал екеуінің тағдыры ұқсас...» деп мұңайды Әнекең.


...Ес-ағамен танысуыма да Әнекең себепші болған-ды.


— Әй, бала бастық, әлі ұйықтап жатырсың ба? Мен қазір барамын, дайын отыр. Аэропорттан Естай деген қазақты алып келеміз, — деді, күн шығар-шықпаста үйге телефон шалып. «Москвичімен» жетті.


Әуежайға барып жетіп, мәшінне түскен сәтімізде:


— Әнеке, мынау алып тұлғаңмен «Москвичке» мінбек тұрғай, Қазақстанда, тіпті Совет Одағында жүруің обал. Ұзындығы төрт метр, жалпақтығы қос метр лимузин мініп, Африканың бір елінде шынында анау Джомо Кениаташа президент болып отыратын-ақ адамсың, шіркін-ай!—дедім. Ол:


— Мен келісер едім, — деп езу тарты да: — Сен Естайды көрмегенсің ғой, қазір көресің, ол мені қолтығына қысып кете береді, — деді, жауырыны қақпадай болып алдыма түсіп.


— Е, қойшы?!—дедім. Әнекеңнен денелі зор жігіт бар деп ойламайтынмын.


— Оллаһи!—деді ол.


Көкшетаудан жеткен ұшақ әуежай үйіне тақау келіп, көлденеңдеп тоқтады. Трап барып тіреліп, есігі ашылды, жолаушылар шыға бастады. Әнекең айтқан алыпты көруге асықпын. Әнекеңді «қолтығына қысып кете беретінің» ұшақтың бір орындығына симай, сірә, екеуін жаншып келген шығар деп ойлап тұрмын. Жолаушылар түсіп болып, трап жайына кетті. Ал көкшетаулық алып жоқ. «Осы рейсте деп еді, жоқ қой, бұл қалай?» деп Әнекең терезеден арыға мойнын созып-созып қояды. «Басқа рейспен келетін болды ғой, мынаған кешігіп қалған да», деп мен тұрмын. Жолаушылардың алды вокзалға келіп кірді. Әнекең бұйыққандай пішінмен келе жатқан шағын бітісті сары жігітке барып: «Қош келдіңдер!» — деп ақырын құшақтады. Тағы бір танысы болды ғой. Сары жігіт Әнекеңнің қасында бураның жанындағы ботадай ғана. «Ботаны» қолтығынан демеп келген аққұба келіншек: «Әнеке, қаңбақ шалыңнан бұрын мені құшақтамайсың ба?» — деп ақсия күлді. Үшеуі мәре-сәре. Әнекең бір сәтте маған жалт бұрылып: «Бала бастық, бері кел, мен айтқан, міне, алып Естаймен—қаңбақ шалмен, мынау айдай сұлу бәйбішесімен таныс!» — деді. Жездекемнің мені «қатырғанын» сонда ғана түсіндім...


Әнекеңдей дархан, қалтқысыз досының әдемі әзілі қатты әсер еткендіктен бе, әлде сол бір қалжыңның қазірде де айрықша қымбаттылығынан ба, әлде Ес-ағаңның рухани қуаттылығынан ба, — қалайда маған Мырзахметұлы Ес-ағаң әрқашан ірі тұлға болып көрінеді.


...Осыдан он шақты күн бұрын Көкшетауда болдым. Ес-ағаның жасы сексенге толған тойына қатыстым. Бүкіл Көкше алақанына салып аялап келе жатқан қаламгер, тарихшы «сынық арба көп кешермен» шырайлы шығармашылық жолын жалғап жүр. Мерейтойына балалары екі томын тарту етті. Кезінде оқырман қауым жақсы қабылдап, ыстық ықыласты пікірді мол айтқан «Медет» және «Он бес жыл өткен соң» романдарын (әуелгі де жаңа аты — «Арайлым») қайтадан бастырыпты.


Той өтіп, отбасында оңаша шүйіркелесіп отырған сәтімізде Ес-аға өмір, дос-жолдастары жайында әңгіме шертіп, Әнекеңнің ақ жарқын мінез-қылықтарын еске алып: «...Сөйткен Әнештің бақиға аттанып кеткеніне де жиырма сегіз жыл болды... Зейнолла екеуі бір жылда кете барды... Қайран достар!.. Зымырап өтіп жатқан уақыт...» деп күрсінді.


Зекеңнің бір жақыны Ес-ағаңды туған күнімен құттықтап, мына бір ерекше силықты жолдапты:


«Құрметті Зейнолла, хатыңды алып, амандық-жаңалықтарыңа қанып отырған жайымыз бар. Обкомның бірінші хатшысы қабылдап, жағдай жасауға уәде еткеніне, сенсең, қатты қуандым. Әмсе солай болғай!


Осы хатың, оған серіктестіріп жіберген әңгімең маған көп жылылық жасады. Шынымды айтсам, саған ұятты болып жүр едім. Әлгі «Қашқын қыз» редакторымыздың қолына түсіп, пенде болып қалды ғой. Ол кісі — аса сақ, ол-пұлға жолай қоймайтын адам. Сол олай деп, былай деп жүр еді, «Жұлдыздың» сегізінші нөмірі келіп қалып: «Ойбай, мында басылыпты, енді болмайды!» деп қайқайып шыға келді. Амал не?!..


Ал Сәулең ондай емес, мың болғыр бала екен, жарқ етіп, жұлдызы жанып шыға келді. Бастығымыз Мәскеуде ғой. Алдым да, бірінші бетін бастырып (тіркеуге керек қой), өзгесін сол бойында баспаханаға қудым. Бір айыбы: гәзет бетіне салынғанда кезекші редактор орын мәселесіне байланысты 15-20 жолдайын қысқартыпты. Оқасы жоқ.


Өзі бір қызылды-жасылды нөмірге шықты, ескерткіш үшін жіберіп отырмын. Міне, «Көкше» деген бір сөзбен «Бурабай әңгімелерінен» деп қосып кеп жібердім, реніш етпессің. Саясат үшін керек болды.


Сәлемдемең хат келген күннің түсінен былай келіпті үйге. Өзін тамаша тігіпсің. Поштадағы әйелдер бастап не екенін білмей, мен: «Балық қой» деген соң тамашалап, қайран боп жатты. Ал үй ішіміздің ризашылығында шек жоқ. Гүлжәмила ханым көп риза. Аралдың балығы сылтау боп, сол кісі бірталай әйелдерге шай да берді-ау деймін. Балалар болса: «Зейнолла қандай аға? Ол бізге қашан келіп еді?» деп сұрап, басымды қатырды.


Сен «Гүлжәмиланың шайы-ай, таңдайдан дәмі кетпейді» десең, ол «Зейнолла жіберген балық-ай, шіркін!» деп жүр. Биыл аралдық бір студент (бізде практикада болған) үйінен балық алғызып, содан мен үйге әкелгенде «жақсы екен» деп бассалып еді. Енді «ондағы балық сор татитын, ал мына балық ғажап» болып шығыпты. Көрдің бе, біздің бәйбішенің саған деген ықыласын. Қайтсең де жаман үйреттің, енді құтыла алмайсың. Әрі-беріден соң мені тастап, Қызылордаға кетіп қала ма деп зәрем жоқ.


Кітаптың ақшасы келген. Рахмет. Өзің бір топ өлең жіберемін деген бір сөзді айтып едің ғой, олар қайда?


Сау-сәлемет боп тұр. Хат жазып, хабарласып, бір-біріміздің жай-күйімізді біліп тұралық.


Гүлжәмиладан шын пейілді сәлемі мен мың рахметін мен арқылы қабыл ал.


Сәлеммен, саған әрдайым тілектес Естай. 10. Х. 66 жыл».


Бұл Ес-ағаның Зекеңе жолдаған хаты екен. Оны оқып, біраз үнсіз отырып қалған Ес-аға: «Қайран Зекем... екеуіміз хатпен емес, телефонмен сөйлесуші едік...» деді, үні құмығыңқырап.


...Ес-ағаның 80 жылдығын бүкіл Көкше өңірі мәре-сәре болып, ғажап ыстық ықыласпен, ғажап құштарлық құрметпен өткізді. Еліңнің, халқыңның қошеметіне бөленгенің — бақытты екендігің!


2007 жыл.


ҚАЛАМЫНА ТЫНЫМ БЕРМЕПТІ


Осылайша өткен шақта сөйлемеске шара жоқ...


Арамыздан ертелеу аттанып кетті ғой...


Армансыз аттанды ма, әлде орындалмаған арманы болды ма?.. Білмеймін. Менің білетінім — қазан айының аяқ шенінде жасының сексенге толғанын марқайып тойлап, Қазақстанның, қазақтың көне тарихын, әдебиеті мен өнерін бағалай білетін жұртшылықтан мол құрмет-қошемет көріп, ғажап бір масайрағаны. Ақ-құба өңі аса епті қылқалам шебері қызғылтым бояумен сәл ғана сүйкеп өткендей әсем арайланып, кішкене көзі ерекше ажарланып, алыс-жақыннан жиналған ағайындардың ақтарылған құттықтау лебіздерін бөбегінің уіліне еміренген анадай елжірей тыңдап отырды. Езуінде анда-санда әзіл «әжімі» пайда болып: «Өй, сілтегішім-ай!» деп күңк ете қалады, — ардақтау сөздің аспандап кеткеніне ыңғайсызданғаны.


— Иә, Ес-аға, қалайсыз? — дедім, облыстық театрда болған торқалы тойдың толқыны тарап, үйінде де кісі аяғы саябырлаған түн жарымына жуық мезгілде. Әншейінде шамасы екі сағат өткен сайын: «Сен де дем ал, жат, өйтпесең — оны-мұны оқып отыра бер, мен жарты сағат дем алып келейін», деп төсегіне қарай қисая жылжып кететін жанның үш сағат бойы қыңқ етпегеніне, жұмыс бөлмесіндегі жұмсақ орындықтан көтерілгісі жоғына таңданғанмын.


— Ғаба, бәрі де көңілдің күйіне байланысты ғой, кешеден бері, тфә-тфә, шаршауды ұмытыңқырадым, — деп жымиды.


— Осы «заправкамен» енді бір «бесжылдықты» артқа тастаңыз, арғы жағындағы «бесжылдық» та қиын бола қоймас, — дедім. Ол басын бір шайқады да, қабағын сәл шытып:


— Жанымның қатты-қатты жарадар болғанын өзің білесің... жазмыш қой... о, жасаған, қайтейін, осыныңа да шүкіршілік дейін, маған осы да жетіп жатыр... Әнешті айтсаңшы... небары қырық тоғыз жасында... — деді де, үнсіз қалды. Жан досы болған ақын Әнуәрбек Дүйсенбиевті есіне алып, кіршіксіз арқа-жарқа аралас-құраластықпен өткізген ширек ғасырларының бел-белестерін ойша тағы бір шолуды бастады білем.


Мен де «болғанынан боладысы қызық» тойдың төңірегіндегі ойларымды көңіліме қайта үйірдім. Той алдында: «Ес-аға пәлен сағат салтанатқа шыдас беріп отыра ала ма, кінәрәтті денсаулығы не дейді?» деп күмәнға бір сәт дізгін бергенмін. Ұлы жиын сағаттарында жүзіне байқатпай көз тастап қойып, «астыртын барлау жұмысымен» де шұғылданғанмын. Бір сәтте бетіне тіпті ашық қарадым. Ол сын минөті еді — облыс әкімдігі атынан басына бөрік кигізілген, иығына шапан жабылған тұс. Мерейтой иесіне де, облыс әкімдігіне де сын еді, дәл сол сәт. Көкшенің көзі мен құлағы болып, туған өлкесінің ыстығы мен суығына ортақтасып, ірі-уақ істердің қай-қайсысына болсын білген оң кеңесін айтып, қолынан келгенінше көмектесіп жүрген, жасы 80-ге толып отырған абыздың тақымына не жылқы тұлпар, не «темір тұлпар» бұйырарына екінің бірі сенгенбіз, бірақ олай болмады. Әне, сол әредікте Ес-ағаның қас-қабағын бақтым. Өңінде өзгеріс жоқ. Ақырын ғана жылы жымиған қалпында. Балаларының арқасында, құдайға шүкір, жылқы тұлпарға да, «темір тұлпарға» да — ештеңеге зәру болмаса да, пендешілік білдірер деп топшылағанмын. Қателестім. Ал, шынымды айтайын, қателескеніме қуандым, себебі: Ес-ағаның еңсесі биік жан екеніне және бір рет куә болдым. Тойдан соң жанында болған екі күн ішінде мен оның алпыс-жетпіс жастағыларға да бұйырып жатқан шапанды алымсынбаған сыңайын аңғармадым. «Е, жасаған, балаларым мен немерелеріме аманшылығыңды бере гөр», деп жайдары отырғаны.


Алматыға оралып, араға бірер апта салып, телефон шалғанымда Ес-аға әдеткі жұмсақ үнімен:


— И-и-ә-ә, - деп алып, қуақылана сөйледі: — Алматыдағы анау үш аяқ жігіттің Көкшеге тезірек келуі керек. «Неге?» дейді, ә?.. Мені ағалап-жағалап жүретін сенатор інілерімнің бірі сексен жылдығыма келе алмаған, бірақ алдында телефон соғып: «Өкіметтің бір шұғыл шаруасымен шет елге ұшқалы тұрмын, онда төрт-бес күн боламын, келген соң Көкшетауға әдейілеп барамын, мұнда сізді мықты орденмен марапаттау мәселесі шешілді, сол орденді өзім апарып тапсырамын, тойыңызды жалғастырамыз!» деді. Тойдың сол жалғасына үш аяқты жігіттің келгені жөн болар. (Мені таяқ ұстаған 1994-жылдан бері әзілдеп «үш аяқты жігіт» дейтін.)


— Наградаңызбен алдын ала құттықтаймын! Дәм тартса, «тойған үйге тоғыз бар» деген, ол сенатор «ертең» десе, мен бүгін жетемін! — дедім.


Ес-аға лекіте күлді:


— Орден дегенді көрмеген омырауым сол сөзді естігенімнен бері шанышқылап-шанышқылап қоятынды шығарды, әлде соған қарсылық білдіргені ме екен?


— Өйтуі де ғажап емес. Сіздің «апақ» омырауыңыз орден тұрғай медальді де ауырсынуы мүмкін, — дедім, әзілдеп үйреніскен дағдымнан жаңылмай.


— Иә, иә, мүмкін, мүмкін, — деп тағы лекіте күлді.


Сол күні Астанамен хабарластым. Сенатор інімізді таба алмасам да, Ес-ағаны «Парасат» орденімен марапаттау ұйғарылғанын білдім, бірақ оны президенттің ресми жарлығы шыққанша ішімде сақтауды жөн көрдім.


Арада апта өте бере Көкшетауға телефон шалдым. Ес-аға сәлемімді алды да: «Ғаба, әңгімені қоя тұралық, кейін сөйлесерміз, мыналар мені «ауырып қалдың» деп ауруханаға әкеткелі жатыр» деді, дауысы бұзыла сөйлеп. «Аман болыңыз!» деп үлгірдім.


Үш күннен соң Көкшеден жорналшы-жазушы ініміз Мәтен Бижанның телефон шалып: «Ес-ағадан айырылып қалдық...» - дегені ғой...


Сол күні Ес-ағаны «Ерен еңбегі үшін» деген медальмен наградтау туралы жарлық шыққанын ұшақ жолаушыларына таратылған гәзеттен оқып білдім. Жарлықты оқыған сәтте, пендешілігім шығар: «Сенатор әкеліп тапсырмақ болған үлкен награданың кішкентай медальге айналып кеткенін Ес-ағаның көрмегені де дұрыс болды-ау!» деп ойладым. Қатты наразы болдым. Біреулердің — «айдағаны екі ешкі, ысқырығы жер жарғандардың» - шамасынан тыс шашбаулануы жиі, ал ұзақ жылғы еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүргендердің ресми қошемет көруі сирек заман...


...Кеше ғана мол қуанышты қошемет көрсеткен жұртшылық енді қара жамылып, қайран Ес-ағаны — қарымды қаламгер, ғұлама тарихшы, Көкшенің шыншыл шежірешісі Естай Мырзахметұлын жер бесігіне арулап жатқызды...


Ес-аға екеуіміз бір әке, бір шешеден өрбіген жандарша өкінішсіз араласып, отбастарымыздың да жарастығы сүйінтіп жүргелі қырық жылдай болып еді. Енді інілік парыздарымның бірін - әдеби мұрасын реттеп қоюды жөн көріп, ағаның жазу үстелін, креслосын бір апта бойы меншіктеп, әкесі: «Зиконтайым» деп еміреніп отыратын сүйікті қызы — Зәмзәгүл екеуіміз Ес-аға папка-папка етіп мұқияттап жиып қойған қолжазбалармен таныстық. Тірліктің қаншама тауқыметін тартып, сырқатпен сан жыл арпалысып жүрсе де, қаламына тыным бермепті - сан тақырыпқа жазылған, ешқашан ескірмейтін мақалалары мол. Әңгімелері мен пьесалары өз алдына. Әсіресе Абылай ханның «Қайран елім», «Дүние қалды» атты екі күйін арқау ете жазған пьесасы, егер білікті драматург пен режиссер назар аударса, театр сахнасындағы бір құндылық болатыны анық.


Әкенің сексен жылдығына балалары жақсы дайындалып, оның «Медет», «Арайлым» (кезінде баспа қалайда «Он бес жыл өткен соң» деп өзгертіп жіберген) романдарын көрікті етіп қайталап шығарып берген болатын. Жас жазушыны оқырман қауымға ерте де кең танытқан еңбектері осы романдары еді. Кезінде әдеби сын жоғары бағалағаны есімде болса да, бұл туындыларына жер-жерден жүздеген алғыс-пікір хат алғанын енді білдім. Жүрегіңді елжірететін, көзіңе жас үйірілтетін де, еріксіз езу тартыратын да хаттар. Бір томның жүгі. Жалпы, менің есебімше, Ес-ағаның артында қалған әдеби-тарихи құнды дүниелері алты-жеті том мөлшерінде.


Аяулы ағаның бақилық өмірі басталды. Естелік жинақ шығаруды Зиконтайы қолға алды.


Естелік дегенде менің есіме мына бір жәйт те түсе қалады: егер жаңылмасам, 1984-жылдың күзі болар, Ес-аға мен Гүлжәмила жеңгеміз Алматыға келді. Сирек сапарын қуана құптап, төрімізге шығарып, мәре-сәре болдық. Ес-аға: «Сендерді күні-түні қанағым келмейді» деп қалжыңдап, бәйбішесі екеуі Жазушылардың шығармашылық үйіне орналасты. «Қанайтыны» — преферанс ойнағанымызда бізді «қырып салатындығы».


Бір күні кеште «кезекті шайқасты» көксеп, Шығармашылық үйімізге барсам, Ғабең — Ғабит Мүсірепов және бір жігіт (кім екені есімде қалмапты) үшеуі есік алдындағы ұзынша орындықта отыр екен. Сәлем бердім. Сол сәт, сірә, сөз кезегі келсе керек, Ес-аға Ғабеңе барлай бұрыла қарап: «Құрметті Ғабе, Кенесарыға қатысты көзқарасымыз түйісер уақыт болар, әзірше не дейін, менің де өз пікірім - өзімдікі», деп қалды. Ғабең иегін көтеріңкірей түрегеліп, ақырын ғана: «Жөн ғой», деді де, жайлап басып кете барды. Анау жігіт соңынан ерді.


— Ғабеңнің Кенесарыға оң қарамайтыны бар еді, соны аңғарған екенсіз ғой? - дедім.


— Құданың құдіреті, Ғабит басымен неге сөйтетінін түсінбеймін, бірақ... жаңа айттым емес пе, түсінбесіңе қоймайтын уақыт келеді, бес жыл ма, он жыл ма — бәрібір келеді! — деді, лекциясын аяқтаған оқытушыша түйін жасап.


Сол әредікте Ес-ағаның көз алдына Кенесары үңгірі келе қалды ма, кім білсін. Студент кезінде: «Біздің Көкшетауда Кенесары ханның үңгірі бар» деп ықыластана айтқаны, ынтық пейілмен жазғаны үшін Қазақстан комсомолы Орталық комитетінен «буржуазияшыл, феодалшыл Кенесары Қасымовты жақтаушы ұлтшыл насихатшы» ретінде біраз таяқ жеген еді.


Көзі әбден жеткен, көңілі кәміл сенген жәйтке берік жүгінетін ұстанымынан айнымайтын Ес-аға ешкімге ешқашан дізгін-шылбырын бермей өтті. Оған шен-шекпеннен, атақ-даңқтан ақиқат қымбат болды. Өзін әрқашан қаумалап жүретін жас ұрпағымызға аталы сөзімен, адал қимыл-әрекетімен, биязы мінез-құлқымен үлгі-өнеге еді.


Ес-аға туралы өткен шақта сөйлеп жүргенімізге қырық күн...


16. 01. 2008 жыл.


ШОРТАНДЫ КӨЛ СУЫП БАРАДЫ


Біржан салдың өлең-әніндегі сексен көлдің бірі — Шортанды да көркем жаратылған. Арайлап атқан таңды, күлімдеп шыққан күнді қарсы алатын жағасы қарағай-самырсынды, қайың-теректі қалың орман да, оларды және қаракөкшілдеу айдын көлді қимай бататын күннің ұясы жағы — тұтас тұрған қорған-қырат. Жұбайым Зада екеуіміз шілденің жиырма бесінші ертеңгі мезгілін көлді айнала сейілдеуден бастадық. Ес-ағаның Абайынан мирас болып қалған үйге қонаға келгенбіз.


Шілденің он бесінде Зәмзәгүл телефон шалып: «Аға, сүйінші! Алтай ініңіз үйленеді! Жиырма бірінде, сәрсенбінің сәтінде, Зада тәтем екеуіңіз құдалыққа барып, келіндеріңізді алып келесіздер, бізге тез жетіңіздер!» деп еркелене қуанып сөйлеген сәтте мен үшін аспан мен жердің арасында бір тосын құбылыс болды. Не екенін білмедім, тек: «Құтты болсын! Бәрекелді! Құтты болсын! Барамыз!» дегенім есімде. Телефонның тұтқасын иегіме тіреп отырып қалыппын. Заданың: «Ғабе, о не?» деген дауысы өңіме оралтты. «О не, өңің біртүрлі ғой?» деп абыржыды. Сыр бермеуді ойлап үлгіріп: «Әйда, кеттік Көкшетауға, Алтай үйленеді!» дедім жайдарыланып. Зада қиғаш қасын кере: «Өскемен ше?» деді. Ол Өскемен қаласында тұратын апайы Ләззәттің қызы Раушанның ұзатылу тойына аттануға пойызға белет алып, жиынып-теріне бастаған-ды. «Ес-аға мен Гүлеке...» дедім. Басқа не айтайын?!. Бәйбішем иығымнан ақырын ғана құшақтап: «Барайық» деді баяу үнмен. Түсінгені, құптағаны.


Екі күннен кейін Көкшетауда болдық...


«Қызыл туға» құдалыққа барып, Алма атты әсем келінімізді алып қайттық...


Тойды Марат пен Зәмзәнің үйінде жалғап, Ес-аға «Өй, құлыншағым-ау!» деп еміреніп отыратын немерелері Әшір-Тұрар, Әзиз, Ясинмен мәре-сәре әңгімелестік.


Тойдың қуанышты абыр-сабырын өткізіп, Шортандыда бірер күн дем алуды ұйғарысқанбыз...


Көлдің деңгейі әжептәуір төмендеп, жағасы жадағайланып қалыпты. «Көл тартыла бастаған ба?..» деді Зада. Таңданды.


Бізде пайда болған сезім бір ғана таңданыс емес еді...


Ес-ағаның таңертең: «Е, үш аяқты жігіт, қалай, жайлы жатып, жақсы тұрдың ба? Жүр, көлге барып келейік, шай ешқайда қашпайды» дейтін қуақы дауысы естілмеді. Жағаның сусылдаған сап-сары құмын мегзеп: «Мұндай құм анау атақты Карловы Варыда да жоқ»; түйе тастарды мегзеп: «Мұндай дәу тас сенің Алтайыңда да жоқ»; бойламай өсетін балғын қамыстарды мегзеп: «Мұндай қамыс Қара теңіздің жағасында да жоқ» деп тізбелейтін әзілі де қайталанбады.


Сопақша көлді жиектей жүріп келеміз. Соқпақ жол. Алдымызда із жоқ. Көлде қалқыған шағалалар да, қонып-ұшып жүрген шағалалар да үнсіз. Қайықтардағы, катамарандардағы жастардан не ән, не күлкі естілмейді. Соңымдағы Зада да тіл қатпайды...


Көз алдымда: өзіне арнап тіккендей қызық пошымды кепкасын қисық киіп, сәл бүкшиіп кетіп бара жатқан Ес-ағаның бейнесі. Құлағымда: «Ғаба, Көкшенің қайыңдары ғана емес, қарағайлары да биші, әне, қарашы, қалай-қалай бұраңдайды!» деген Ес-ағаның қуақы дауысы. Сол бейнені көріп, сол дауысты естіп келе жатқан соң басқаларды көрмегенімді, естімегенімді коттеджге бет алғанда ғана түйсіндім.


— Көл тартыла бастаған екен, иә? — деді Зада.


— Көл суып барады, — дедім, ол сөзді аузыма біреу салғандай болып.


— Суығаны несі, біз шомылған жоқпыз ғой? — деп Зада анық таңданды.


— Бәрібір суиды, иесі жоқ, — дегенім тағы.


Шортанды көлдің иесін іздеп шықпап па едік?.. Таба алмадық қой...


Кейде: «Ғаба, өзің қыдырып келші» деп коттедждің ауласында қалатын да, жарты сағат шамасында оралған мені самырсындардың көлеңкесіндегі ұзынша орындықта отырып қарсы алып: «Үш аяқты кісілер қорқақ болады деуші еді, жалғыз қыдыруға қорықтың, а?» деп әзілдейтін еді. Ауланың қақпасын аштым. Бос. Орындық та бос.


Ішке кірдік. Екінші қабатқа көтерілдік. Диван да, креслолар да бос. Бөлме тым-тырыс. Көңілім құлазыды. Құлағым шыңылдады. Тоңа бастағандай болдым ба...


Қалтателефоным сыңғырлады. Соны күткендей селт етіп, тез алдым. «Аға, мен ғой. Қалай, жайлы жатып, жақсы тұрдыңыздар ма?» дейді. Зәмзәгүл екен! Ес-ағаның Зикөнтайы!


— Жақсы, жақсы! Өте жақсы! — дедім. Қуанып, жылынып кеттім!..


Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.


Алматы.


07. 09. 2010 жыл.


(«Нұрлы әлем» баспасы, 2010 жыл.)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу