Әңгімелер ✍️
ХАТТАР ӘЛЕМІНЕН АҚПАР
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған...» дегендей (Ыбырай Алтынсарин), алыс-жақыннан неқилы сөз, сан алуан ой «арқалап, арып-ашып жүрген» әрі айналайын, әрі бейбақ бір нәрсе бар, ол — кәдімгі хат. Көзбе-көз отырысып, ауызба-ауыз сөйлесіп адами күй кешуіңе куә бола бастаған бүгінгі компьютер заманының өзінде ақ қағаз бетіне із салынып жеткен хат, мысалы, маған әлі де қымбат. Жаныңды жадыратқан хат-қағазды анда-санда қолыңа қайтадан алып, ашып оқып, не кеудеңе басып, не алақаныңа салып сипалап, көңіліңе көгершін қондырып отыратының қаншалық!.. Рас, кейде не умаждап лақтырып жіберуіңе, не жыртып-жыртып тастай салуыңа мәжбүр ететін хат та болады. Көпшіліктің ой-ниетінде оң-терістің аралас кездесе беруі тірлікке тән құбылыс деп білеміз. Алайда бұл құбылыстың «аңырып қала беретін кезі де» болады екен, — оған көкшетаулық жазушы Естай Мырзахметұлының біразы мұрағатжайларға тапсырылған, біразы өз үйінде сақтаулы хаттармен танысқанда көзім жетті. «Медет», «Он бес жыл өткен соң» романдары шыққаннан беріде алған жиыны екі мың шамалы хат арасынан Ес-ағаға қабақ шыттырған бір хат та шықпады. Ондайлар әлде умаждалып, әлде жыртылып кете барды ма екен? Жо-жоқ, ондайлар болмады дей аламын.
Ес-ағамен қырық жылдай аралас-құралас болдым. Көкшенің дәмі айдап апарып, жанында бірер апта болып жүрген кездерімде пошта жәшігінен алған хаттарын қалай ашқаны, қалай оқығаны әлі де көз алдымда. Хаттарды жазу үстеліне апарып тәртіптеп жаяды да, орындығына жайланып отырып, қайшысын қолға алып, хаттарға көз жібереді. «Киноға түсетіндей-ақ баптанады екенсіз?!» деп қалдым бірде. Ол жымиды да: «Мұның бәрі тірі, қазір сөйлейді. Алдымен шәкірттерден келгеніне кезек беремін, содан кейін сен сияқтыларға, одан соң өзім тәрізділерге жол тиеді» деді де, конверттердің біреуін алып, бір қырын қайшымен мұқият қиды, хатты алып, әлгі қиындыны конвертке салып, содан соң хатты ашты да, сол әредікте қайшыны маған ұсынып: «Конверттің сынын кетіруге болмайды, мұқият ашу керек. Кейде менің немерелерім, кейде сенше ерігіп отырғандар, біреу қуып келіп қалардай, апыл-ғұпыл жыртып жібереді, өй, шіркіндер-ой!» деді. Әдептіліктің үлкен-кішісі болмайтынын ұқтырғаны!
Ол хаттарды әсте дауыстап оқымайды және жанындағы кісіге «оқығың келе ме?» деп ұсынбайды. Қалпынша бүктеп, конвертке салады да: «Бірер күн жатсын. Мазмұндарына қарай іріктеп, жауапты да бір-ақ беремін» дейді. Жауап қайтарады да екен. Хаттардың бәрінде дерлік: «Хат жаздым», «Телефон шалдым» деген белгі бар.
Денсаулығы жазу үстелі басында әрбір екі сағаттан соң бір сағат шамасы дем алуды міндет еткеннен бері жиырма жыл болған сырқат пенденің нешеме роман, хикая, әңгіме, мақала жазғанына қоса қыруар хат атаулыны жауапсыз қалдырмағанына еріксіз таңдандым. Соны аңғарған Ес-ағаның бірде: «Көкейіңде көзге көрінбес бір сұрақ тұрғанын сезіп отырмын... Мен шығармаларымның бірсыпырасын аурухана төсегінде жатып жаздым ғой, етбеттеп жатсаң, шіркін-ай, арман не, оған да зар болып, шалқамнан ғана жата алдым... мынау хаттардың көбіне жауапты да солай жазбасқа шара болмады», дегені бар.
«Ес-ағаға қабақ шыттырған бір хат та шықпады» дедім. Шынымды айттым. Оның есесіне Ес-ағаға еріксіз езу тарттырғандары бар. Олар...
— Жо-о-оқ, мырза, тоқта, тоқтай қал! Хаттардың сөзін алдын ала жария етуге болмайды!
— Солай екен ғой, кешіріңіз.
— Ал, хаттар, сөйлеңдер!
Хаттар сөйлеуге кірісті. Мен: «Сенің бұрын келгенің рас. Сенің кейін келгенің даусыз» демедім, қолыма іліккеніне қарай кезек бердім. Кейбірінің қашан жазылғаны белгісіз екен, оларға да «бұл қалай?» демедім.
Айтпақшы, хаттың дені Ес-ағаға кітаптарын шығарған «Жазушы» баспасы арқылы жетіп жатқан, яғни оны үнемі атап көрсете беру шарт болмас деп түйдім.
Әлбетте, хаттың баршасы жазушының шығармалары туралы ғана емес. Арасында туған-туысқандарынан, дос-жолдастарынан келген, әртүрлі мәселе туралы пікір білдіріскендері де, арнау өлеңдер де кездеседі. Қай-қайсысы да бүгінгі оқырман қауымның ой таразысына салуға татиды деп сенемін.
Сөз ыңғайына қарай айту артық болмас бір жәйт — Ес-ағаның гәзет-жорналдарда жарияланған жиыны бес жүзге тарта мақаласының арасында тарихи тұлғаларымыз туралы жазғандарының да молдығы. Мысалы: Абылайға — 9, Кенесарыға — 6, Ақан серіге - 16, Біржан салға — 11, Балуан Шолаққа — 11, Үкілі Ыбырайға — 6, Сегіз серіге — 4, ал жалпы қазақ тарихына — 7 мақала арнапты! Еріксіз қызықпасыңа қоймайтын еңбек емес пе?!
ҒАББАС.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter