АРАФА КҮНІ АЙТЫЛАТЫН ДҰҒА
Арафатта тұру қажылықтың
негізгі парызы, он-сыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылық (дегеніміз) – Арафат», – деген (Әбу Дауд, әт-Тирмизи).
Арафа күні – күндердің ең абзалы. Бұл күні барлық қажылар Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да қалаған нәрселерін сұрайды.
Аллаға сансыз мадақтар, Оның елшісі Мұхаммедке салауаттар айтылады. Айша анамыздан риуаят еткен хадисте Пайғамбар: «Алла басқа күндері тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды құтқармайды. Аллаһ тағала жақындайды да, періштелерге сендермен мақтанады. Одан кейін Алла тағала: «Олар нені қалайды?» – дейді», – деген (Имам Мүслим).
Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Дұғалардың ең жақсысы Арафа күні жасалған дұға. Мен және менің алдымда өткен пайғамбарлар айтқан сөздердің ең абзалы:
«Лә иләһә илләл-лаһу уәхдаһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууа ъалә кулли шәй-ин қадир». Мағынасы: Яғни, Алладан басқа ешбір тәңір жоқ: ол жалғыз әрі Оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және Ол барлық мақтауға лайық. Сондай-ақ Оның күш-құдреті барлық нәрсеге толық жетеді» - деген сөз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter