Өлеңдер ✍️

  11.02.2023
  691


Автор: Тоқтарәлі Таңжарық

МЕН ТҮСІМДЕ АЖАЛ ҚҰШЫППЫН ДЕЙМІН...


Мен түсімде ажал құшыппын деймін,
Төрт маусымға да ұқсамайтын өзге шақ екен.
Көкірегіме күлгін сәуле тамшылап, 
буға айналып, қалқып барады...
Көкке қадалған көзім ештеңені көрер емес.
"Дүние сонша қараңғы ма еді?!" деген ой
және бір сәбидің тоқтаусыз шырылы маза бермейді,
Маза бермейді толассыз құйған нөсер.
Мен Анамды, сосын Сені еске алыппын.

Түсімде кенет ажал құшыппын деймін...
Молданың дұғасын әлдебір тұстан талып жеткен
Көкектің даусы бұза бергендей...
Қаралы жиын көпке созылған жоқ.
Ешкімнің жоқтау айтпағанына қуандым,
Тек Сенің жоқтығың жаныма батты...
Көр топырағын лақтырған күректердің шықыры жүйкеме тиеді.
Мазардан алыстаған топтың аяқ дыбысы марш сияқты...
Ұзаған сайын қара жер дүрсілдеп, қабырғам қайысты.

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,
Моламның үстінде жалғыз жауқазын өкситін көрінеді.
Жалғыз шыбықтан сыңсыған үнге балқимын бір сәт.
Зейнебін іздеген Көкектің даусы тыншымайды.
Мен жалғыз емеспін...
Менімен бірге жалғыз қоңыр көлеңке түнейді.
...Міне, қабірдің іші аппақ парақтарға толды.
Сенің жазған хаттарың секілді: 
оқығым келмеген емес,
оқуға дәтім жетпеген хаттар... өртеніп жатты...
...Әне, атпен біреу келеді, 
маза бермейді олар, ән салып өтеді.
"Бұл не, ата?", – дейді сәби былдырлап,
"Бұл - бақсының моласы...", - дейді Жолаушы...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу