09.02.2023
  151


Автор: Жабал Ерғалиев

ЖЫРМЕН АЙТЫЛҒАН ШЕР

 


“Су түбінде жатқан тас жел қозғаса шығады, көңілдегі асыл сөз шер қозғаса шығады!” Халқымыздың осы бір ауыз дана сөзін Сансызбай Алпысбайұлының қолжазба өлеңдерін қолыма алып оқыған сәтте еріксіз есіме алған едім. Бірден айтайын, қолыңыздағы кітапқа топтастырылған жырларға өлең жыр атаулыға қойылып жүрген талап тұрғысынан қараудың еш қажеті жоқ. Мұндағы әр жырдың авторы, яғни жазушысы бұған дейін қолына қалам ұстап, мүлдем өлең жазып көрмеген азамат. Қазақы қара сөздің қадірін, күш-қуатын біліп, қасиетін танығанымен ол өлең жазамын деп өзі де еш қашан талпынбаған, оған ниет те қоймаған, тіпті ойламаған да екен. Алайда тағдыр-талайы оны бір сәтке болса да қолына қалам алғызып, өлең жаздырып, ақын етіп отыр. Бұл құдіреттің күші ме, болмаса Сансызбай Алпысбайұлының өз жарына деген алапат сүйіспеншілігі ме, ол арасының жігін жіктеп жатудың керегі де бола қоймас. Сансызбай жазған бұл жырлардан ер азаматтың өз жарының қазасын аза тұтуын, жан азабын, таусылмас сағынышын, анасыз қалған ұл мен қызының болашақ тағдырына алаң болған көңілін таныдым. Соны таныдым да қайран қазақтың “қатың өлді, қамшының сабы сынды” дегенді қалай ғана айтты екен деп қынжылдым.


Бір үйдегі бір әйел өлсе ол “қамшының сабы сынғандық” қана емес, бұл сол бір шаңырақтың ауыр қайғысы, соңында қалған ер азаматының жан күйзелісі мен жан азабы, шырылдап қалған балаларының көз жасы, олардың жадырамайтын, жасып қалған қабағы, бір үйлі жанды бәлкім, ғұмыр бойы өкіндіре беретін, өксіте беретін мәңгілік тарқамас бір мұң мен сағынышы екендігін ұғындырды Сансызбайдың жырлары. Сансызбай Алпысбайұлының бұл жазғандарын жалпы ер азаматтың әйел затына деген сый құрметі, тіршіліктің қазанын қайнатып отыратын анаға деген шексіз махаббаты, жарға деген көңілі мен сезімінің адалдығы деп ұққан жөн. Өз бойына адами осы бір қасиеттерді жинай біліп, сол сезімдерін жырға айналдыра білген Сансызбайдың осы бір қадамын әбден құптағың келеді. Тек алдағы өмір, ендігі күндер тек шерді ғана емес, қуаныш пен бақытты жырлатсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу