Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  175


Автор: Есбол Бозан

ӨЛІМ-ӨНЕР

Мұнаралы Мəскеуде,
Ақша жүзді, ну өңді.
Бұл əлемге белгілі,
Ұлы ақын туылды.
Пушкин оның есімі,
Əдебиетке құмартып,
Шыққан еді майданға,
Иығына жүк артып.
Сол заманда патшалар,
Шаруаларға құн артып.
Ресейдің аспаны,
Тұрған еді мұнартып.
Бала ақынның ішінде,
Көп армандар самсады.
Кедей білім алуы үшін,
Бостандықты аңсады.
Еңбек етті жол тауып,
Жүрегіне баршаның.
Осы жолда шаршады.
Халқы оның біледі,
Ағартушылық жолында,
Талаптанған əр шағын.
Өзгерсе де көшелер,
Өтсе дағы қанша жыл.
Патша үкіметінің,
Дəуірлеп тұрған кезеңі.
Күннің бетін қара бұлт,
Басып тұрған кезі еді.
Ойшыл ақын сол кезде,
(Қалың елді жайлаған,
Халықтың көзін байлаған),
Надандықтан безеді.
Саналарға бұлыңғыр,
Ғылым менен білімнің,
Керектігін сезеді.
Жоспар құрып межелі.
 
Көрген шығар көп елден,
Жауқазындай шақта сын.
Əділдікті баяндап,
Халық мұңын шаққасын.
Ол көбірек қынжылды,
Келешегі ұлтының,
Жағдайы жұртының,
Жүрегіне батқасын.
Жас кезінде бұрады,
Петербурге ат басын.
Бір Құдайға тапсырып,
Артындағы отбасын.
Ойшыл ақын шектеліп,
Мұныменен тынбады.
Ұлы майдан жолында,
Ақындығын шыңдады.
Мақсат қойып алдына,
Қалам ұштап, ел кезді.
Өлең жазып халқына,
Суреттеді сол кезді.
Жуандарға жарлы жұрт,
Сол заманда болды езгі.
Оны көріп ұлы ақын,
Қайғы-мұңда күй кешті.
Барлығына шыдады,
Тағдыр деген көнбек іс.
Мастанғандар байлыққа,
Айыра алмайды қай істің,
Екендігін «оң-теріс!».
Көнбегенді қылышпен,
Саламыз деп жөнге біз.
Шыдамы біткен халықтың,
Қызылы шауып бетіне,
Ақын туған сол елде,
Орын алды төңкеріс.
Көтерілді ел тегіс.
 
Революция орнады,
Соғыс өрті тұтанып.
Қызыл тудың астында,
Басын қосты жұрт анық.
Үкіметтен əділдік,
Талап етті бұл халық.
Декабршіл мұжықтар,
Бас көтерді дүрлігіп.
Ескі тəртіп сол кезде,
Ел жадынан болды ұмыт.
Ойшыл ақын қаламмен,
Қалың жұртты қылды үгіт!
Əділетсіз қоғамның,
Үкіміне шүйліккен.
Көзі соқыр наданның,
Пікіріне киліккен.
Елдің арман мұратын,
Баяндады жырымен.
Сол үшінде ұлы ақын,
Қысым көрді биліктен.
Өз жерінен айдалды,
Табылмады дос ыңғай.
Ақын жолы ауыр жол,
Ақын жолы осындай.
Шет ел асып кетсе де,
Өз жерінен қаңғырып.
Надандықпен күресу,
Ақындарға тəн қылық.
Өсек пенен жалаға
Қалуы да заңдылық.
Қалай ғана жүрегі,
Тыныш табар ақынның,
Отанында зұлымдық,
Тұрған кезде сəн құрып.
Өтірік түбі бір тұтам,
Ал ақиқат мəңгілік!
 
Белгілі бір орында,
Баскесерлер топтасты.
Тұзақ құрып сұмпайы,
Əлденені оттасты.
Ақырында ұлы ақын,
Қара өзеннің жанында,
Жиырма бірінші дуэльде,
Жекпе жекте оққа ұшты.
Бұл оқиға сүңгіді,
Қойнауына тарихтың.
Одан бері халықтың,
Көңілінде зағип мұң.
Əдебиетте əрдайым,
Шыншылдық пен ар құнды.
Сол арқылы халықтың,
Жүрегіне нəр тұнды.
Отыз сегіз жасында,
Ажалы жетіп ақынның,
О дүниеге əкетті,
Өзіменен бар сырды.
Əлі күнге қоғамда,
Осы жəйтқа қатысты,
Алып қашпа пікірлер,
Айтылады əр түрлі.
Тие бермес əркімнің,
Құйрығына төр білсең.
Сенен асқан надан жоқ,
Адамдарды қор көрсең.
Мансап болса арманың,
Тірі жүріп өлдің сен.
Жақсылыққа жетерсің,
Нəпсі отын сөндірсең.
Тəңір берген өнерді,
Өз халқына арнаған,
Адамдардың ақыры,
Не болғанын көрдің Сен!
 
Ақын жолы, өнермен
Танылу емес ғаламға.
Қандай халге түссең де,
Хақты айту адамға.
Шені биік билерге,
Шерін айту халықтың.
Шұлғи бермей ойына,
Мұңын айту халықтың.
Осы істі бойына,
Сіңдірмесе анық кім.
Атақ-даңқты көздеген,
Айналмай ма наданға.
Болғанымен сөзің бал,
Тұрқың науша, ой терең.
Бəлекетке бағытың,
Бір күн ауса қайтер ең?!
Қызыл тілің тұтылып,
Үзілер ме күдерің.
Сұр тапанша тақалып,
Құм бола ма жігерің.
Ашылмаса ішін де,
Шыншылдықтың сəл гүлі.
Бір том кітап жазғанның,
Ақын болмас əрбірі.
Ақиқатты айтам деп,
Талай мықты атылған.
Опасыздар ақша үшін,
Жау қолына сатылған.
Патшагерлер қашанда,
Жандайшабы арқылы,
Көзі ашық жандардың,
Көзін құртып отырған.
Жүрек мұңын жырласаң,
Түсінеді досың қай?
Адым сайын алдыңнан,
Күтіп тұрар тосын жəй.
 
Ақын жолы ауыр жол,
Ақын жолы осындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу