11.01.2023
  759


Автор: Жәди Шәкенұлы

ҚАРАТОРҒАЙ МЕН ҚАБАН

Қараторғайдың таң бозынан сайрағанын жақатпаған қабан:


– Оу, бейшара торғай, таң бозынан шырылдап, мазамды алып біттің ғой. Сен шырылдасаң да, шырылдамасаң да таң бәрі бір атады. Жағыңды шаршатып қайтесің, – деп ызаланыпты.


Сонда қараторғай:


 


– Мен көктем келіп, бүкіл тіршілік оянарда таң бозынан сайрап, күллі тірлік иелеріне қуаныш-шаттық бағыштаймын. Айналама ізгілік үнін жеткізу менің парызым, – депті.


Одан бетер шамданған қабан:


– Сен жұрттың құлағын сасытып әбден есін шығардың. Оның әсте ізгілік емес, басқаларды мазақтап, азаптау емес пе, – деп бұлқан-талқан болыпты. Оның бұл қылығына қараторғайда қарымжы қайтарып:


– Арамдықпен мың күн ғұмыр кешкенше, бір күн болсада адалдықпен ізгілікпен өмір сүргенім артық, - деген екен.


Қараторғайға сөзі өтпеген қабан қатты қапаланыпты.


– Сені ме бәлем! – деп қараторғай отырған ағашты қопарып тастамақшы болып, оның түбін қаза бастапты.


Ал қараторғай болса екінші ағашқа қонып алып, тағы да сайрайды екен. Қабан оның да түбін қазып тастамақшы болып жанталасады екен.


Осылайша, қабан бүкіл тоғайдың ішін тұмсығымен қопарып, қорс-қопасын шығаратын жаман әдетке дағдыланыпты.


Ал қараторғай болса бәз-баяғысындай таң бозынан сайрай беретін болыпты. Оның үнін естіген адамдар: «ізгілік үні ешқашан шаршамайды екен ғой», – деп таңнан тұрып Алласына тәубе қылады екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу