Ертегілер ✍️
Доптың тағдыры
Әлемдік деңгейдегі аяқ доп бәсекелеріне қатынасқан ала доп қатты мақтаншақ болыпты. Ол сайыскерлер жағынан тебіліп, әуелегенде немесе
қарсы жақтың қақпасына кіргенде, қадалған жанарлар мен ұрылған шапалақтарды өз құрметі деп білді. Небір әлемдік саңлақтардың аяғынан қалса, аялы алақанынан түспейтін ол басқаларды көзге ілмеді:
– Мендей доп жоқ, бар әлде,
Біріншімін әлемде, – деп ән шырқайтын болды. Оған басқа доптар:
– Барлығымыздың теңіміз бір, тебілуіміз бөлек, бір атаның баласымыз, бізді доп қылып тұрған ішімізге толған жел ғой!– десе, қара ала доп онан арман масайрап:
– Мендей доп жоқ әр елде,
Біріншімін әлемде, – деп онан арман даурығатын болыпты.
Сол күндердің бірінде қатты тебілген ала доп, әлде қайда қаңғып барып шегеге ұрылды. “Тарс” еткен дыбыс қана шықты. Ол енді желге тойған кәдімгі ала доп емес, ұлтарақтай ғана былғарыға айналып қала берді.
Жұрт оны таптап өтіп жатты. Әлдебіреу оны темір қысқышпен қысып алып, қоқыс сандыққа тастады. Қоқыс сандығының сасық иісінен құсқысы келген бейшара доп айғайламақшы еді, үні шықпай қалды. Осылайша мақтаншақтың соңғы тағдыры масқарамен аяқтады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter