Әңгімелер ✍️
Аңдамай сөйлеген...
"Адам жасаған он күнәсінің тоғызын тілден табады»
(П.ғ.с.хадистерінен)
Автобусқа қасында бір ересек баласын ерткен алпысты алқымдаған егде кісі мінеді. Олардың қатарына келіп жігіт пен қыз отырады. Шалдың қасындағы бозбала терезеге таяу орналасқан екен. Көлік қозғалғаннан кейін, ол терезеге қарап отырған күйі:
– Әке, көремісің, барлық талдар біздің артымызда қалып барады, – деп таңырқап айқай салады. Әкесі жауап ретінде езу тартып күлімсірейді. Ал көршілестері мына ересек баланың сәбилерше таңырқаған қылығын ұнатпай, тітіркене қарайды. Біраз жүрген соң кенет әлгі бозбала:
– Әке, көрші әне, көл жағасында мал жайылып жүр. Аспандағы бұлттар да бізбен бірге келеді! – деп таң-тамаша болып тағы айқайлап жіберді.
Ерлі-зайыпты жастар тағы да мына бозбаланың қылығын ерсі көріп, есі дұрыс па, мұнысы несі дегендей, жігіттің әкесіне қарайды, ол сол жайбарақат сабырлы күйі отыра береді. Бір уақытта жаңбыр жауып, ашық терезеден тамшылар баланың қолына тигенде, ол қатты қуанып, көзін жұмып:
– Әке, жауын жауып тұр. Тамшылар менің қолыма тамып жатыр. Көрдің бе, әке? – деп тағы да айқайлады. Қатар отырған екеудің төзімі әбден таусылса керек, бозбаланың әкесіне:
– Сіз мына баланы дәрігерге апарып көрсетіп алмайсыз ба? – дейді. Сонда әлгі егде кісі:
– Біз сол дәрігерден келеміз. Он сегіз жылдан кейін суқараңғы баламның көзі жазылып, мына жарық дүниені өмірінде тұңғыш рет көріп келе жатқан беті, – дейді.
Бұл белгілі әфсана, тағлым-әңгіме делік. Әйтсе де "аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі" дейтін ежелден бері келе жатқан мақалдың әлі жаны бар, сірә.
Еліміздің батыс өңіріндегі ел аузынан. Елкей хан бір жиынға барса, көпшілік үндемей бір биді күтіп үнсіз қалады.
– Бізде алдымен Абан би сөйлейтін, сол бастайтын, – депті бірі. Ол Абан биі кешігіп келіпті. Аласа бойлы, ажарсыз қара кісі екен. Бидің тұрқына көңілі толмай, хан көрген бетте былай дейді:
– Әлгі күн ұзаққа елдің "Абан, Абан" деп дәріптегені осы ма еді? Азған жаушымшық торғайдай шылпиған, үйрек бас немені өлгенше мақтағаны несі? – дейді .
Елкей де басы қалқиған, аяғы талтиған адам. Сонда Абан би ханға қарап былай депті:
– Уа, тақсыр! «Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піскегі» деген емес пе? Қарны қабақтай, шекесі тоқпақтай өткендерді, өлген билерді қайдан іздейміз? Әркім азса, қатарымен азатын көрінеді ғой, оны өзімізден көрмесек, кімнен көреміз? Бұл қазық бастан – хан, үйрек бастан – би шыққан заман ғой! – дегенде, Елкей тосылып, жауап таба алмай жерге қарапты дейді.
Бірақ осы неге екені белгісіз ғасырлар өтсе де, әліптің артын бағып, әр нәрсенің аңысын аңдып, сабырдың ақырына салып барып сөйлеуді әдетке айналдыру неге қиын? Бұл қанға сіңген дүние ме өзі?..
Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу реформаға түседі деген жаңсақ ақпараты туралы Үкімет отырысында Алматы қаласы әкімінің сөзін бөле отырып, Елбасы: "Халықты дүрліктірмей, дұрыстап түсіндіру керек. Біреу бірдеңе айта салды, біздікілер отырған жерінде қойып қалады, тіліне ие болмай, кейін бәріне жауап беруге тура келеді", – деген еді, үкімет мүшелеріне қарата сөйлеп.
Осы күні теледидардан, баспасөз бетінен де олай құлқыжытып, былай құлқыжытып сөйлеп, сала құлаш материал жазып, сау басыңды мың-дың ететін сөзшеңдер көбейді. Аңдамай айтып, ел ішін ала тайдай бүлдіретіндер көбейіп кетті. Олардың бір жаман жері – өмірі өз кінәсін, шалыс басқанын мойнына қойып берсең де, түзелмейді.
Осы біз қалай сөйлеп жүрміз?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter