28.12.2022
  197


Автор: Сейітқұл Оспанов

ОЙЫНШЫҚ БҰЗҒЫШ БАЛА

Бала атаулы ойыншыққа құмар. Нұрғали да солардың бірі. Бірақ оған ойыншық ойнау үшін емес, бұзып, сындыру үшін керек. Қолына ойыншық тисе болды, ылдым-жылдым бір-екі сағаттың ішінде бөлшектеп, бұзып, сындырып, шаруасын тындырып қарап отырады. Үйде басы бүтін, «дені сау» бір ойыншығы жоқ: қызыл добы қақ жарылған; ақ ұшағы қанатсыз; көгілдір кемесі желкенсіз; пластмасса сары «тұлпары» төрт аяғынан жұрдай...


Мамасы күйіп-піседі, ұрысады. Тіпті оқта-текте бұрышқа да тұрғызады. Әр ұрысқан сайын Нұрғали өз кінәсін мойындап:


– Бұдан былай ойыншығымды сындырмаймын, бүлдір­меймін, – деп ең соңғы уәдесін береді.


Бірақ, не керек, іле-шала уәдесін ұмытып кетеді... Ескі әдетіне басады.


Өткен жексенбіде мамасы үш дөңгелекті әдемі велосипед әкеп берді. Нұрғали керемет қуанды. Керемет қуанғаны сондай, мама­сының бетінен сүйіп-сүйіп алды. Мамасы да қосыла шаттанды.


– Құлыным менің, сенің қуанғаның маған бір мереке ғой, – деді жүрегі елжіреп. Бірақ велосипедті қолына ұстатып тұрып:


– Ана ойыншықтарың құсатып мұны да бұзып, бөлшектеп жүрме, – деп ескертті.


– Жо-жоқ, өйтпеймін! – деді Нұрғали нық түрде. Мамасы сенді.


Шынында да сенбеу мүмкін емес еді. Себебі мына әдемі велосипедті бұзу, сындыру былай тұрсын, ойнаудың өзіне көз қимайтындай. Құдды сурет. Су жаңа, үш дөңгелегі жұмсақ қызыл резеңкемен қапталған. Ершігі жайлы. Ақ күміс қоңыраушасы шылдыр-шылдыр ән салады. Рулі жеп-жеңіл, оңға-солға лыпып өзінен-өзі бұрылып тұр. Велосипедтің бел теміріне «Буратино» деп жазылған.


Нұрғали велосипедін көтеріп, асығып-үсігіп аулаға шықты...


Мамасы бір-екі рет терезеден көз салды: Нұрғалидың велосипедтің үстіне құсша қонақтап алып, аулада әрі-бері зырлап жүргенін көрді. Сындыра ма, бұза ма, қайтеді деген күдігі сейілді, сосын түскі шайдың қамына кірісті...


Әлден уақытта Нұрғали кіріп келді. Әлдебір жұмыс істеп тастағандай екі иығынан ентіге дем алады. Танауы қусырылған. Маңдайы терлеген. Көк көйлегінің      екі   жеңі     шынтағына                      дейін            түрілген.         Қолында                  велосипед: дөңгелектері жоқ, рулі майысқан, ершігі жыртылған.


– Уф, ақыры бұздым-ау! – деді күлімсіреп.


– Балам-ау... – Аузына басқа сөз түспей, мамасы аң-таң болып тұрды да қалды...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу