Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  111


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Ақырғы жүздесу

Жүрек қаным деп білген жырды нағыз,
Сұңғыламыз...
Қалдырған мың бір аңыз.
Кілең жампоз жиналған керім кеште,
“Өлем” деді тосаттан Нұрдын абыз.
“Өлем” деді,
Қолында күміс шара,
Сары қымыз шайқалды...
Ырыс, нала...
“Осы кештен қалмаймын, кетем”, – деді,
Қош деместен ел-жұртқа, туысқа да.
Шара толы қымызын тартып алып,
Жыр толғады абызым шалқып анық.
Ақ жүзімді күйдіріп бара жатты,
Жанарымнан қорғасын балқып ағып.
Қимай қарап,
Қиналып досы тұрды,
Күңіреніп күй кешіп қосы сырлы.
Үзілмесе арқауы ұлы жырдың,
Өтпесе деп тіледік осы түнді.
Таң атыпты...
Жеңілдеп жебір қайғы,
Тарап жаттық қондырып көңілге айды.
Қайран абыз қапия тірі қалып,
Айтпайтын болды кейін өлім жайлы!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу