Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  116


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Мұзқаракөк

(Цикл)
I
Ақбозүйге жинап кілең жастарды,
Керім жайлау,
Керемет кеш басталды.
Тарттық солай өңшең сері бозбала,
Балағаздың ауылында “бастаңғы”.
 
Келді десті Битән салда сұрбойдақ,
Гүл-гүл жайнап,
Гүлді сүйіп,
Жырды ойлап.
Аунап түсті,
“Үһ” – деді де атамыз,
Әжеміздің қос жанары нұр жайнап...
Баяу қалқып балғын қыздың дауысы,
Жан толқытты,
Жаман емес шабысы.
Күмбір-күмбір қоңыраудай сыңғырлап,
Күміс үнге мүлгіп тұрды тау іші.
Битән салдың өндір шағы өрімдей,
(Қыздан қалып құры отыру өлім ғой).
“Жұлдызым...” деп шарықтата шырқады,
Байтақ жайлау нағашының төріндей.
Асқақ әуен қырдан асып жүгірді,
Кештің жалғыз жүйрігі бүгінгі.
Таудан асып әнге елтіп әппақ таң,
Жұлдыз сиреп,
Түн іргесі түрілді.
Бике жайлау,
Битән сері,
Жол бұраң...
Таңмен бірге қозғалды жұрт орнынан.
 
Сіңіп жатты жұлдызы жоқ аспанға,
“Жұлдызым...” деп шырқалатын сол бір ән.
II
Бозбала шақта көкпар бермейтін сетер ұл,
Тақымға серке баспай кеткелі неше жыл...
Қайнардың басы,
Кертөбел атын ойнатып,
Бөрідей тиіп бөріктірді елді кеше бір.
Қақпақыл қылып тайыншадай бітеу серкені,
Шеніне келмей Тұйықтың түге еркегі.
Құйындай шауып, құлама тіктен құйғытып,
Құрысын жазып құйқасы майлы өлкенің.
Адуын ердің алдынан шығар кісі жоқ,
Қайқаңға салса Кертөбел аттың күші үдеп.
Екпіні бөлек елеңдеп соңғы дүбірге,
Қайыңға ілген қу бастар тегіс кісінеп.
Таңдайын қағып,
Аужайын бағып тұрды ауыл,
Тілеуін тілеп ақ еділ аға, дүр бауыр.
Түңлігін желпіп,
Ұйқыдағы елді оятып,
Битәнбай солай соқтырып өтті бір дауыл!...
III
Рауғаш пейіл,
 
Атқасын таңы арайлап,
Баяғы қалпы...
Битән бай біздің жарайды-ақ.
Аттанды тағы Ағаяз алыс отарға,
Тоғанақ алып,
Қосар ат мініп, мал айдап.
“Болуы мүмкін биыл да тағы қыс қатты”,
Есік пен төрдей кертөбел атын ұстатты.
Таң шеті жаңа сөгіле бере әндетіп,
Белді асты ары...
Көңілі қунақ құс бапты.
“Қараша келсе,
Сүйетін сұлу туса айым,
Даярлап тұрар жол бойы жұртым бір шайын”.
Мал айдап көшер төрт күндік осы сапарды,
Күтеді үлкен сағынышпенен жыл сайын.
Жылы жақ іздеп көшуге болар жермен де,
Бұйырған ол бақ тек қана нағыз ерлерге.
Битән бай салған қосылып жатты асқақ ән,
Аспанның төсін қоңыраулатқан керуенге.
Отарға тартты,
Тау-дала сүйіп талғамын,
Ағаяз білер ұлы сапардың ар жағын...
Аптадан аса ауылға қайта оралды,
Алдыға салып айдап алыпты бар малын.
 
Қызық болжамдар қыдырып кетті ел-елді,
Байекең біздің не көрді, сірә, не болды?!
Ештеңе де айтпай...
Кертөбел атқа қамшы ұрып,
Түлігін жинап қыстауға айдай жөнелді.
IV
Битән бай,
Биыл серік болатын балдыз жоқ,
Әуреленбей, асарға келер жанды іздеп,
Қыстаудың шөбін бір өзі шауып тастамақ,
Бір уаққы асқа бір қойдың етін жалғыз жеп.
Шөмеле тартып,
Жұмысқа көмбіс азбанды,
Сатып жібермей, мінгенін ойлап мәз болды.
Күн батпай тұрып даярлап алмақ кешкі асын,
Майшамға құяр керосин құрғыр аз қалды.
Көлеңке дендеп,
Баяғысынша кеш кірді,
Жаңқалап жарған самырсынды әкеп пешке ұрды.
Қазанын асты,
Қабағы сәл-пәл түсіңкі,
Кездестіре алмай Ойға баратын ешкімді.
Сөйлейтін күнде қоңыр домбыра күмбірлеп,
Сырласып көрді,
Ашылмай қойды міңгірлеп.
 
Отырған жайы құйқа терісі құрысып,
Сәскеден бері көк темекіге ділгір боп.
Мұрны қышып,
Шыдатар емес құмары,
Шауып барғанға Тілеудің үйі тым ары...
Құрғақ тезек пен қу жапырақты үгітіп,
- Атаңа нәлет!...
Қайқайтып бірді бұрады.
Таршылық көріп байтақ қыстауда бай ізгі,
Дүние боқтан күдерін бүгін, әй, үзді...
Қисая кетті, қазандағы етке қарамай,
- Қараң қалғырдың қандырмағаны-ай айызды!...
V
Қайнар басы дөңгелек ну самырсын,
Ер белін тәуекелге буса бір сын.
Бел буды сетер жігіт бармақ болып,
Ақ нөсер әппақ жүзін жуса жусын.
Битән бай сері туған балдызды ойлап,
Қонаққа шақырады әр күз жайлап.
Битән бай бай емес, ол жолбарыс қой,
Бір тауды жатқан бүгін жалғыз жайлап.
Сағынысып жолығып жыр тыңдайды,
Аңқылдап әңгіме айтып бір тынбайды.
Балдызын шатастырып алмақ болып,
 
Әпекесін “жеңгең” деп қутыңдайды.
“Қалмады қыстау жақтың, сірә, сәні,
Сағындым көршілерді, құдашаны.
Мына тау иен қалды иен қалғыр...”
Сөз арты көк түтінге ұласады.
Балдызы мұңайдың деп неменесін,
Айтады Ойдағы елдің өнегесін.
Қыза келе қалдырмай жеткізеді,
Карта ойнаған шалдардың төбелесін.
“Балдызжан, мен тауымды сүйем қанша,
Осында болсам деп ем күй ауғанша.
Айныдым, көп кешікпей кетем мен де,
Бәрібір иен қалсын, иен қалса!...”




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу